Бас тақырыпКоронавирус

Жанатай Сембеков: «Ішкі істер органдарының жеке құрамы күшейтілген режимге көшті»

Қарағанды облысында ішкі істер органдарының жеке құрамы қызмет көрсетудің күшейтілген режиміне көшті. Бұл туралы Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  облыстық Полиция департаментінің өкілі Жанатай Сембеков айтты.

  • Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында 6 санитарлық бекет ұйымдастырылды. Оларда жол-патрульдік полиция қызметкерлері, арнайы мақсаттағы жасақ, Ұлттық Ұланның сарбаздары және тауарлар мен көрсетілетін қызметтерінің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істейді. Дәрігерлердің ұсынысы бойынша, полиция қызметкерлері көлік құралдарын тоқтатады. Сондай-ақ, жүргізушілер мен жолаушылар тексерістен өту үшін дәрігерлер көмегіне жүгіне алады. Халықтың қауіпсіздігін сақтау мақсатында азаматтардан өткізіліп жатқан шараларға түсіністік тануды және полиция мен дәрігерлердің талаптарын орындауды сұраймыз, – деді Жанатай Әбікенұлы

Оның айтуынша, полиция қызметкерлері арнайы рейттік шаралар барысында төтенше жағдай режимін бұзған бірнеше азаматты анықтаған. Оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданыпты.

  • Төтенше жағдай режимін бұзғанын үшін полиция қызметкерлері Қарағанды қаласы әкімімен бірлесіп 39 жастағы түнгі клуб иесін және рок тобының 36 жастағы жетекшісін анықтады. Олар ескертуге қарамастан көпшілік шарасын ұйымдастырған. Аталған факт Қарағанды қаласы полиция басқармасы орталық полиция бөлімінде тіркелді. Мекеме иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің  476 бабының 3 тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды және мамандандырылған аудандық әкімшілік сотының шешімімен 26 510 теңге көлемінде айыппұл төлеу жауапкершілігіне тартылды. Осындай тағы 6 факт бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданды. Төтенше жағдай кезінде қарағанды облысы ішкі істер органдарының жеке құрамы қызмет атқарудың күшейтілген түріне ауыстырылды. Құқық тәртібін қамтамасыз ету бойынша шаралар күшейтілді. Сондай-ақ, стратегиялық және маңызды мемлекеттік нысандардың күзеті нығайтылды, – деді Жанатай Сембеков.

Сөз соңында Полиция департаментінің өкілі азаматтарды, тек, ресми мәлімдемелерге ғана сенуге шақырды. Сондай-ақ, аймақта әлеуметтік желі арқылы халық арасына дүрбелең туғызған азаматтарды анықтау шарасының күшейтілгенін айтып өтті.

  • Ішкі істер органдарының қызметкерлері халық арасына дүрбелең туғызу мақсатында әлеуметтік желіде тұрақты мониторинк жүргізеді. Осының нәтижесінде Балқаш қаласында жалған ақпарат таратқан 50 жастағы азамат ұсталды. Қазір сотқа дейінгі тергеу басталды. Біз облыс тұрғындарын әлеуметтік желіде пайда болған жалған ақпаратқа сенбей, тек, мемлекеттік органдардың ресми мәлімдемелеріне ғана құлақ асуға шақырамыз, – деп атап өтті Жанатай Сембеков.

Басқа материалдар

Back to top button