Жанқиярлық жылнамасы

Кеңес Одағына қырғидай тиген фашизмге қарсы күрестегі жанқиярлық жылнамасы майданда – судай аққан қанмен, тылда өлшеусіз төгілген термен жазылды. Онда балқаштық өрендердің де өзіндік қолтаңбасы қалды.

Мыс, марганец, молибден тап¬шылығы соғыс басталмай жатып-ақ аса айқын сезілді. 1941 жылы 22 шілдеде майдандағы балқаштықтар тылдағы жерлестеріне мынандай хат жолдады: «Бүгін біз, балқаштықтар, бас қосып, сендерден мыс балқытуды екі-үш есе ұлғайтуды өтінгенді жөн көрдік. Есте болсын, мыстың әр килосы – жауды жаусататын соққы! Біз майданда жаумен жағаласып үлгердік. Командир тапсырмасын жедел және тиянақты орындауда аянбаймыз. Сендер де жанқиярлықпен, табанды жұмыс істеңдер». Қалада әйелдер ері мен бауырын жоқтатпай, ауыр жұмысқа жегілді. Отарба мен автокөлік жүргізді, балқыту пешінің қасынан табылды, жаңа кәсіпті меңгерді, инженерлік істі игерді. Ресейдің Владимир облысындағы Кольчугино қаласынан Балқашқа көшірілген прокат зауыты 1943 жылы қысқа мерзімде қатарға қосылды.
Соғыстан бұрын-ақ Балқашта Қо¬ңырат кенінен леспе өнім ретінде молибден алынатын. Қиын-қыс¬тау кезеңде мыс концентратынан молиб¬ден айырудың технологиясы табылды. Соның негізінде аса құнды өнім – кальций молибдаты өндірілді. Әлемдік тәжірибеде алғаш рет ұтымды ұсыныс жасаған жаңашылдық авторы Антоновский сталиндік сыйлық алды.
Әрбір 100 тонна молибденнің 60 тоннасы соғыс кезінде Шығыс Қоңырат кеншілерінің үлесіне тиді. Ал, танктің болат қаптамасын нығайтуға Балқаш пен Ақшатаудың вольфрамы мен молибдені қолданылды.
Балқаштықтар қаладағы қиындыққа қарамастан, түрлі қайырымдылық шарасын ұйымдастырудан да кенде қалмады. Мәселен, байытушылардың қоршауда қалған ленинградтықтарға көмек қолын қалай созғаны жөнінде 1942 жылы 19 мамырдағы санында «Балқаш жұмысшысы» газеті былай деп жазды:
«Балқаштық байытушылар қоршаудағы ержүрек ленинградтықтарға сыйлық жөнелтуге бір ауыздан шешім қабылдады. Қаражат жинау қарқынды жүруде. Ұлы Отан соғысына қатысқан инженер Безродныйдың ауысымы үлгі көрсетуде, олар бір күндік жалақысын аударды. Әлімжанов, Заңгиев, Блюмкин жетекшілік жасайтын ауысым да белсенділік танытуда. Олардан жөндеушілер мен басқа жұмысшылар да қалар емес. Қазірдің өзінде 7 мың сом жиналды».
8 мыңнан астам балқаштық майданға аттанды. Оның бесеуі Кеңес Одағының Батыры атанды, олар: Зәкір Асфандияров, Петр Миллер, Николай Подсадник, Олег Щербаков, Вера Хоружая.

Әлібек ӘБДІРАШ.
БАЛҚАШ қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *