Жаманатқа жанымыз неге әуес?

Жаманат хабар естісем, жаным түршігеді.  Жүрегім ауырып, жаншылып қалады. Әбден үркек боп кеткенмін бе, әлде, қоғам сондай шынымен, қорқынышты ма, білмеймін. Қазір теледидар, интернет ашудан қалып барамын, өз басым. Өйткені, ашып қалсаңыз,  өңшең суыт хабар. «Анау сөйтті, мынау бүйтті. Ананы басып кетті, мынаны зорлап кетті». Оқып отырып, аза бойыңыз қаза болады. Құрысын!

Баяғыда бала күнімізде, әжеміз, шешеміз, тіпті, бүгінге дейін біреудің басына түскен қайғы­қасірет, жаманат туралы айтқызбайтын. Тыйып тастайтын. Сөз қозғауға қатаң тыйым сала тын. Қазір, керісінше, айдай әлемге айғай салып, сүйінші сұраймыз. Таңсық көреміз. Қайран қаламыз. Осымыз қаншалықты адамшылыққа тән?

Демократия, аузымыз өзіміздікі дейміз де, айта береміз, айта береміз. Бұл қашан тыйылар екен?! Жаманаттың жаманат шақыратынын білеміз бе? Қазір әлеуметтік желі деген жіпауыздарға жақсы болды. Ақылды телефонмен бірге келген ватсап қосымшасы арқылы көрмегенді көріп, естімегенді естіп, төбе құйқамыз шымырлап жүр. Қандай да бір қаралы оқиғада қолына телефонын алып, соны бейнетаспаға түсіріп әлек болатындардың қауашағында бір шайнам ми бар ма деп те ойлаймын кейде. Мертігіп, қирап жатқанды да, күйіп қалғанды да, ең сорақысы,  о дүниеге кетіп бара жатқан мәйітті де суретке  түсіріп әлеуметтік желіге лақтыра салады. Не деген сұмдық?! Одан қалды өзінің блогына, парақшасына салып қояды. Сонымен, не ұтты?

Содан ба, кім білген, қазір жамандық көп. Аяқ алып жүре алмайсыз. Қуанышты, жақсы жаңалықтарды айтсақ, соны жалпақ жұртқа жария етсек, жағымыз қарысып қала ма?! Біреудің қайғысына, қазасына таң қалып, оны елге таратқанша, басқаның қуаны шына ортақтассақ, ұпайымыз кеми ме? Жақсының жақсылығын жайсақ, жұрттың жанын жадырататын жаңалықтармен бөлісек, бірдеңе бола ма?

Расы керек, қазір бұрынғы кеңестік кезеңдегі фильмдерді қайта көріп жүрмін. Ешбір жамандық жоқ. Мейірімді, қайырымды. Бәрінің түбі жақсы болатынын көрсететін фильмдер. Сол киноларды көрген сайын көңілім көншіп қалады.

Жанымның бәрінен түңілгені сондай, қазір мемлекеттік БАҚ­ты ғана оқығым кеп тұрады. Жаманат жоқ. Кәдімгідей дем алып оқимын. Ал, интернеттен қажып, тап бір, өзім соның ортасында жүргендей  қаусап шығамын.  Әр сөзде энергия бар. Сүйектен өтеді. Біз мынау қоғамды сондай негативті энергиямен толтырып әлекпіз. Неге? Жаман хабарға жанымыз неге әуес?!

…Мен осыны түсіне алмай­ақ келемін…

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,

«Орталық Қазақстан» газеті экономика бөлімінің меңгерушісі.