Жаңалықтар

Жалынды жастар жарқылы

Әсем әуенге ілесе шыр көбелек айналған студенттер осымен алтыншы рет Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті ректорының балында бас қосты. Елордамыз – Астананың 20 жылдығы және аталмыш оқу орнының 65 жылдығына орайластырылған шара «Ариста» мейрамханасында өтті.

2013 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып, жақсы дәстүрге айналған шара студенттердің патриоттық сезімдерін арттыру, олардың шығармашылығы мен мәдени деңгейін өсіруді көздейді. Салтанатты кешке университеттің ардагер ұстаздары, студенттердің ата-аналары, оқытушылар мен қызметкерлер, сонымен қатар, демеушілік еткен түрлі мекеме, ұйымдардың өкілдері арнайы шақырылған. Өткен екі күн бойы «Қазақстанның ғаламдық бастамалары: жастар көзқарасы» халықаралық студенттер форумына қатысқан шетелдік студенттер осы балға арнайы шақырылыпты.
Қытайдың Шхандзи университетінің студенті Чэнь Минь мұндай шараға алғаш қатысып отырғандығын және оларда мұндай шара өтпейтіндігін айтты. Студенттердің мобильділігі бағдарламасымен былтырғы жылдан бері осында оқып жатқан ол кештен үлкен әсер алғанын тілге тиек етті.
Сондай-ақ, жастар Елордамыз Астананың одан әрі көркеюіне үлес қосар зияткер замандастарының қатары көбейіп келе жатқандығын айтты.
Оқу орнының ректоры атынан құттықтау сөз сөйлеген университеттің бірінші проректоры Аристотель Исағұлов барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық филиалы төрағасы Татьяна Самойлюк осындай әдемі шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, студент жастарға жылы лебізін жеткізді.
Балда оқуда, ғылымда, спортта жетістікке жеткен, оқу орнының қоғамдық өміріне белсене қатысқан 65 жұп өнер көрсетті. Бағдарлама бойынша олар бірнеше би түрін биледі. Білім ордасының студенттері жиналғандарға өз шығармашылықтарын паш етті. Шара барысында «Үздік студент», «Үздік куратор», «Үздік староста», «Үздік топ», «Жатақханадағы ең жақсы бөлме», «Факультеттің үздік кәсіподақ бюросы» аталымдары бойынша жеңімпаздар марапатқа ие болды. Сонымен қатар, қазылар алқасы студенттердің онлайн дауыс беруі нәтижесіне сәйкес, кештің Ханзадасы мен Ханшайымы болуға лайық жеті жұпты таңдап алды. Таңдау жасауда жұптардың дайындық кезеңіне қатысуы, билеу мәнері ескерілді.
Кеш соңында биылғы балдың Ханзадасы мен Ханшайымы болып электроника, автоматизация және телекоммуникация факультетінің студенттері Төлеу Темірлан мен Дамира Смаилова танылды. Көрермен көзайымы сыйлығы тау-кен факультетінің студенті Нұрлан Шәймүлік пен оның жұбы болған машина жасау факультетінің студенті Меруерт Құсбековаға бұйырды.
Ханзада мен Ханшайым және барлық үміткерлер демеушілер ұсынған сыйлықтарға ие болды.
Осындай шараны ұйымдастыру идеясы студенттердің өздеріне тиесілі екенін айта кеткен ләзім. Биылғы шараға Елордамызды арқау еткен жастар жан-жақты дайындалыпты. Мәселен, бал ұйымдастыру арқылы қалалық қайырымдылық шаралары өткізіліп жүр. Сонымен қатар, Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінде де 2016 жылдан бері ректордың балы ұйымдастырылып келеді.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button