Рухани жаңғыру

“Жаңғыруды” жалған ұран етпейік немесе сананы тұрмыс билемейді

«Сананы тұрмыс билейді» деген сөзге қанша жүгінгенімізбен, кейде қарсы уәж айтарға түрлі жайт, қисынды пікірлер кездесіп қалып жатады. «Талғамға талас жоқ» деген түсініктің де тігісін осы жерден сөгіп, «талғамға талас бар» деуге тура келеді. Әрине, жеке бастың талғамына таласуға басқаның қақысы жоқ шығар. Бірақ, қоғамдық, көпшілік тұрғыдан келгенде, талғамға талас неге болмау керек? Дүниеде қанша талғам болса, оған сонша талас тууы мүмкін. Тіпті, ол орынсыз болса да. «Талғамға талас жоқ» екен деп, «Сәрсенбай айтты, болды! Оның талғамынан биік талғам жоқ жер бетінде» деп бәріміз соның ықпалында кетсек, кім болғанымыз? Сондықтан, «сананы тұрмыс билейді» деген сөз де бүгінгі күн талабынан шыға қоймайтын сияқты, меніңше. Тіпті, керісінше, десе де болғандай.

Мына технократтық заманда тұрмысымыз жақсарып, жағдайымыз жоғарылаған сайын санамыз да сонша түлеп, рухани жаңғырып, елдің алдына түсіп кеткеніміз қане? Көзде – әшки (көзәйнек), құлақта – тығынды (наушник), ауызда – сағыз, қолда – кола, бұт – жалаңаш, жарты кеуде, кіндік – ашық, қайда кетіп барамыз, айналайын-ау? Бұл – шалатойғандағы істеп жүргеніміз. Жұрттың бәрі емес, әрине. Шаласауатты, рухани төмендер көп деген сөз. Ал, осы күйге жеткен олардың басына көк қағазды құйып келіп жіберсе… Америка, арманым, қайдасың деп ұстатпай ұшып кетер ме еді, кім біледі?! Бұдан да басқа бірнеше келеңсіздік пен қауіп-қатер біліне бастаған соң, алдын алмаса ушыға беретінін болжап, ортаға «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын салып келіп жіберген Елбасы неткен көреген, сұңғыла! Анығында Президенттің бұл бағдарламалық мақаласы – жетісіп тойынғандық емес, жан дәрмен еді! Санадан, рухтан ақсап тұрған қазақ қоғамы суға кетпес үшін тал қармау. Қайткен күнде мына қоғамды құрдымға жібермей, алып қалу керек. Оны (бағдарламаны) әркім өз деңгейінде ғана түсінді. Бірі былай тартты, бірі былай тартты. Елбасы межесінің байыбына жеткендер аз. Рухани жаңғыру – құр көз қылып, мәдени шара өткізу емес, санаға сілкініс жасап, рухани ізгілікке жол ашу екенін түсінген «дөкейді» көріп тұрғам жоқ, әзірге…

«Сананы тұрмыс билейді» немесе «тұрмыс сананы билейді» деген сөздің сеңін Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы бұзып отыр – мәселе. «Айтылған сөз – атылған оқ»! Десек те, кешегі атпен тартып, жаяу сүйреген зеңбірек бүгінгі заманауи қарудың жанында жіп есе ала ма? Кез келген жұмырбасты пенде баласы өзі өмір сүріп отырған заманның төлі. Оған қоғам да, ортасы да, тұрмыс та әсер етпей қоймайды. Бірақ, белгілі бір дәрежеде. Сананы тек тұрмыс қана билеп тұрса, Елбасы неге қазақстандық дамуды экономикалық тұрғыда өркендете бермей, бірден жалт бұрылып, «Рухани жаңғыруды» қолға алды? Жарнаманың буы ұрған елірме заманда «екі көзің аларып, аспанға қарай бермей» (Абай) елге қара, жерге түс деді Елбасы. Біраз уақыт қарның тойып еді, басакөктеп қайда барасың, «Қарашада қара үй тұр, артыңа қарайла!». Екі көзің аларып, батысқа, иә, басқаға телміргенше, әуелі «туған жерге туың тік». Өзіңді көркейтіп, Отаныңа пайдаңды тигіз, асып-тасып бара жатсаң. Шетел ешқайда қашпайды сосын дегенге саяды Елбасы сөзі. Бұл – бай мен кедейге бірдей айтылған сөз. Кедей бай болу керек, бай елге жәй болуы шарт. Ертедегі қазақ тұрмысының тәжірибесі де – осы, біле білсек. Бір бай рулы елді ұстаған. Көркейткен. Бірақ, оны мұндағы бай мен кедей тұрмақ, бағдарламаны халық ішіне таратып, тетігін тауып, жүзеге асырушы лардың өздері түсінбей отыр. Облыстық, республикалық деңгейде онсыз да өтіп жататын ағымдық дүниелердің бәрін осы «Рухани жаңғыру» аясына теліп жіберген – жалған ұран мен жаппай науқаншылдық емес пе? Жаңа жылдық шырша, жыл басы Наурызға дейін «Рухани жаңғыру» аясында өтіп, бағдарламаны орындап жатқанға саналса, не масқара? Олар онсыз да өздігінен өтіп жатпай ма? Атқарушы орындар қолға аламаса да. «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, қазіргі белгілі сыншылардың бірі Бағашар Тұрсынбай:

«Ел үшін аса маңызды бағдарламаны науқанға ұластырып жіберу – түсінбегендік. Халықтың қызығушылығы оянбаса, қанша жерден ескерткіш ашып, жиын өткізсек те ештеңе өзгермейді. (Осы уақытқа дейін ашылған ескерткіш, өткен жиын аз ба?!) Былтыр бір әншінің концерті, жаңа жылдық шырша рухани бағдарлама аясында өтті деген ақпараттар тарады. Өзге де спорттық шараларды да осы бағдарламаның шеңберіне тықтық. Онсыз да өтіп жатқан кештер мен концерттерді қағаз жүзінде бағдарламаны іске асырып жатырмыз дегенге келтіріп есеп беру үшін жасалған қадам екені түсінікті еді. Бұл реформа қағаз жүзінде емес, санада жүзеге асатын күрделі процесс. Жергілікті әкімдіктер, мекеме басшылары маңызды құжат деп бағаланған мақалаға пародия жасап жатқандай көрінеді. Кез келген саяси маңызды, ел тарихына айырықша әсері бар бағдарламаларды науқанға айналдыру кері әсерін бермесе, жемісін төккен емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Тарих толқынында» деген жақсы бағдарлама қолға алынып, тоқтап қалған еді. Әлемнің шартарабынан қазақ тағдырына, қазақ халқына қатысы бар көптеген құжаттар сол кезде жиналып қалды. Бірақ, сол бағдарлама да науқанның кесірінен тоқтап қалған жоқ па екен? Бұндай маңызды қадамдар үнсіз, бірақ нақты жүзеге асса, халыққа тікелей бетке ұрғандай айтпай, ой салса, қозғау болатындай. «…Жалпы есте ұстайтын нәрсе, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-экономикалық прогресс атаулы әдебиеттегі, сондай-ақ рухани-адамгершілік дамудағы прогрестің кепілдігі бола алмайды» депті Сағат Әшімбаев «Азаматтық позиция – айқындаушы күшінде». Қазіргі технокарттық заманда біз рухани хәлге экономикаға, я басқа да техниканың жетістігіне сүйеніп демеуші бола алмайды екенбіз» дейді. Бас шұлғығаннан басқа не дейміз?

Менің есіме атамның жиі айтатын бір сөзі түсті: «адам ақшаға, малға кедей болмайды. Ақылға кедей болады» деген. Жапондар ұнамаған жерден бір жола көшіп кетпей, сол жерді жөнге келтіріп, реттеп алады екен. Бұл туралы да біраз сөйлеуге болар еді, көлем шектеулі. Өркениетті елдер тұрмысты санамен билеп кеткелі қашан?..

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button