Жақсынбек ҮНШІБАЕВ

Жақсынбек Тілеуұлы Үншібаев 1922 жылы бұрынғы Жезқазған ауданында туған.

1941 жылдың желтоқсанында армия қатарына шақырылды. Ол неміс басқыншыларына қарсы соғыста Воронеж, Степной, ІІ-ІІІ Украина майдандарында болды. Үш рет жараланды. КОКП мүшелігіне майданда қабылданды.

1943 жылы 18 желтоқсанда Кривой Рог қаласы маңындағы 142,2 биіктік үшін қиян-кескі шайқас болды. Гвардия аға сержанты Үншібаев атуға қажетті мәліметтерді тез әзірлеп, атыс позициясын өзгерту жөнінде команданы мезгілінде беріп, көзге ілінген нысананы құртып отырды. Бұл күні Үншібаевтың расчеті минометпен дәл атып, жүк артқан екі автомашинаны қиратып, жаудың екі взводқа жақын жаяу әскерін құртып, қалғандарын тоз-тоз етті.

Немістер әскердің әрі қарай жылжуын бөгемек болып, 27 ақпанда қарсы шабуыл жасады. Олардың жаяу әскерін танктер мен өздігінен жүретін зеңбіректер қорғады. Гитлершілер екі атқыштар бата льонының қосылар жерінен қорғанысты бұзуға мүмкіндік алды. Жау автоматшылары минометшілердің позициясына таянып келді. Өз жолдастарынан бөлініп қалу қаупі төніп тұрса да, расчет шабуылдаушыларға оқ жаудыруды тоқтатпады. Ерлік пен табандылық жеңіп шықты. Гвардия старшинасы Үншібаевтың омырауына ІІ дәрежелі «Даңқ» ордені тағылды. Осы ұрыста ол жараланды.

1944 жылы күзде госпитальдан шыққан соң Жақсынбек Үншібаев барлаушылар взводы командирінің көмекшілігіне тағайындалып, талай рет батыл барлаулар жасады.

1945 жылы 17 ақпанда екі сағаттық артиллериялық әзірлік жасағаннан кейін 150 танк пен өздігінен жүретін зеңбірек қорғаған екі дивизияға жуық жаяу әскерімен Будапешттің солтүстік-батысынан шабуылға шықты. Үншібаев бастаған бір топ барлаушы Грон өзенінен өтетін жерді жауып тұрған Кеменди хуторына аттанды. Гвардияшылар алғы шепке жетісімен-ақ жаудың 30-ға жуық танкісі мен екі батальон әскері қарсы жүрді. Күш тең емес еді. Жақсынбек жауды жақындатып алып, атуға бұйрық берді.

Жауға екі жүз-үш жүз метр қалғанда барлаушылар пулеметтен оқ жаудырды. Гитлершілер алдымен жата қалды, содан кейін тайқып кетті. Бұл кезде қираған үйлерді тасалап тұрған гвардиялық танкішілер жаудың танктерін атқылады. Гвардия старшинасы Үншібаев бастаған взвод жаудың 200-ге жуық солдаты мен офицерін құртып, 17 гитлершіні қолға түсірді.

Бұл ерлігі үшін Жақсынбек Үншібаев КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1946 жылғы 15 мамырдағы Жарлығымен І дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.

«Даңқ» орденінің толық иегері соғыстан кейін ұзақ жылдар Сәтбаев қаласында тұрды. Ленин орденді Қ.Сәтбаев атындағы Жезқазған кенметаллургия комбинатында азаматтық қорғаныс бойынша аға инженер болып қызмет атқарды. Одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы болды.

Жақсынбек Үншібаев 1994 жылы қайтыс болды.