Жаңалықтар

Жақсылықтың қайтарымы бар

Қазақстанның Тұңғыш Президенті осыдан екі жыл бұрын, яғни, 2017 жылдың сәуірінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атады. Алты бағыттан тұратын бағдарламаны жүзеге асыруға қатысты арнайы жобалар бекітілді. Ал, «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы шеңберінде ауылдық жерлерде тиімді еңбек ету идеологиясын орнықтыру мен ілгерілетуді көздейтін «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы іске қосылды.

– Елбасының бастамасына барлық қазақстандықтар үн қосты. Әлбетте, ел дамуына үлес қосқысы келген бизнесмен де, қарапайым халық та мұндай бастамаға бей-жай қарай алмасы анық, – дейді облыста егіншілікпен айналысатын маңдайалды шаруашылықтардың бірі, Нұра ауданындағы «Шахтерское» ЖШС директоры Георгий Прокоп.

 Үлкен істің шағын тірліктен басталатыны анық. Балғын балалық шағы өткен ауылы, шағын отанына қол ұшын созудың жарқын үлгісі ретінде «Шахтерское» ЖШС мысалға алуға болады. Небары 1100 тұрғыны бар ауылдың қай кезде де қаймағы бұзылмады, ырысы ортаймады. Аумалы-төкпелі кезеңде ауылдан қалаға жұмыс іздеп, үдере көшкенде шашау шықпаған да осы ауыл. Ертеңгі күнге сеніммен қарайтын ауыл тұрғындары жұмыс істеп, нәпақа табудан да қиналған емес. Жыл сайын 25 мың гектар жерге дәнді дақыл мен картоп егетін «Шахтерское» ЖШС ауыл тұрғындарын жұмыспен толық қамтуға қауқарлы.

 Ол өз алдына, кәсіпкер елді мекеннің инфрақұрылымын дамытуға да қомақты қаржы салып келгенін айту керек.

– Туған жеріне, еліне жақсылық жасау – әр азаматтың борышы. Елбасымыз да бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы талай айтқан болатын. Туған ауылымды қолдау мен дамыту жолындағы міндетіміз – мінсіз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланғалы мақсат-міндетіміз, тіпті, арта түсті. Еңбектің наны оңай келмесі анық. Ауыл тұрғындарына жасалған жағдай – жұмыстың адал әрі сапалы атқарылуының кепілі. Елімізде де осы ұстаным арқылы халықтың әлеуеті артуына, бизнестің өркен жаюына мүмкіндік берілген, – дейді кәсіпкер.

Кәсіпорын аяғынан нық тұрған сайын мүмкіндік те артты, сәйкесінше, әлеуметтік салаға да салым көбейді.

Соңғы жылдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтерді. Шаруашылық есебінен бассейн салынып, көшелер жарықтандырылды, хоккей корты тұрғызылып, тұрғындардың демалуына арналған жайлы саябақ салынды. Ардагерлер мен аз қамтылған отбасыларына көмек сияқты жыл сайын атқарылатын ірілі-ұсақты шаруалар да бар. Сондай-ақ, «Шахтерское» ЖШС «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша әр үйдің ауласына жеткізілген су құбырын зейнеткерлер мен кәсіпорын қызметкерлерінің үйлеріне дейін тартып беруді өз мойнына алды.

Мемлекет бизнесті дамытуға барлық мүмкіндікті жасауда. Ал, біз, кәсіпкерлер өз кезегімізде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға борыштымыз. Мақсат біреу – Елбасы айтқандай, Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына енгізу. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы осы міндетті атқару жолында жұмыс жасайды.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button