«Жақсы менен жаманды айырмадың…»

Қазір аузы бардың барлығы ақыл айтып, бұра тартып жүргенін көзіміз көріп жүр. Әр жерден семинар-тренинг деген желеумен ақылмандар көсіле сөйлеп, сұранысқа сай қызмет түрін ұсынған сыңай танытады. Тіпті, шоумендер әйбат костюмдерін киіп алып, эфирде ақыл айтып, жөн сілтеуге көшті. Ақылы негізінде әлбетте.

Абай атамнан асып айта алмаймын.

«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың».

Айтқым келгені, маңайда ақылды ақысыз-ақ айтатын адам қалмағаны ма? Осындайда орыс ақыны Александр Блоктың: «…цвет человечества, цвет интеллигенции сидит годами в болоте» дегенімен үнсіз келіспеске шара жоқ.

Менсінбеушілік белең алып, іні ағаны, бала әкені тыңдаудан қалды. Адам жаны жалғызсырады. Дәл қазір, әдемі сөз нарыққа шықты. Сәйкесінше тренингшілер көбейді. Адам жанының дамуын зерттейтін психология ғылымы, оның өкілдері психологтар бар. Ғылымда арам ой, пайда жоқ. Ақиқат, дерек, ақпарат бар. Адамның ең үлкен сенімі – Құдай туралы айтпаймыз. Құндылықтар туралы айтып, өзіне тәуелді қылу — ғылымда жоқ. Адам ісіне, қарым-қатынасына, эмоциясына талдау жасау арқылы, даму механизімін айтамыз. Сондықтан, жандарыңызда тыныштық болмаса, маманға барыңыздар. Ел алдында жүрген айтыскер, ақын, әншілердің сөзіне жөнсіз ере бермей, сөз байыбына барып көрген абзал. Тренинг жүргізіп жүрген айтулы тұлғаларға бақылау жасап жүріп, жүрегім ауырады. Әдемі сөздің ақыры дін немесе жүйелі маркетингпен аяқталады. Олардың көбісі кәсіби психология өкілдері емес екенін ескерейік. Айтатындары тұрмыстық психология төңірегіндегі ой, пікірлер.

Сондықтан, екі нәрсені ескеру керек:

а) Сол тренингші өз бақытсыздығын жеңді ме, әлде күресуде ме? Жеңсе, сізді жеңіске жетелейді, күресуде болса бірге адасасыздар, жол тапқанша қанша уақыт, капитал кетеді.

ә) Психология – ғылым. Онда діни ұғым, шоу жоқ! Заңдылық бар! Құдай, дін деген сөздерді айта бастаса немесе түрлі, түсті киім киіп, жүйелі, жүйесіз сөз айтып есті шығара бастаса, онда психолог емес.

Осындайда мәселенің ара-жігін ашып беретін әлеуметтанушылар да үнсіз қалмауы тиіс! Олардың түпкі ниетін зерттеп, кімдермен, қалай байланыс жасап жүргенін бақылап көру керек. Себебі, халық деген бала сияқты, қызыл-жасылға тез елтіп отырады. Психологиядан хабары бар шоумендерге басынан сипап, қалтасын қағып алу түк емес. Кәсіби мамандар неге солай алаңға шығып, адам жинамайды деп ойланып көрдіңіздер ме? Себебі, кәсіби маман психолог үшін адамдар бір-біріне мүлде ұқсамайтын психика иелері, клиенттердің жасы, жынысы, мінезі, темперамент типтері, өмір тәжірибесі, жеке бас мәселесі түрлі-түрлі болатынын біле тұрып, бір қазанға салып, қайната алмайды. Психология тек мотивация ғана емес.

Мида қабылдау деген психикалық процесс бар. Адамның ішкі қажеттілігі нені қаласа, соны көріп, аңғарып, айтып отырады.

Қоғам – қазақтікі, заман – біздікі! Ақылға салып, өз бетімізше ойланып, әрекет етер кез келді. Бетперде кигендерден бас тартып, мамандарға жүгініп, бірге дамиық.

Салтанат СМАҒҰЛОВА,
академик Е.Бөкетов атындағы
Қарағанды мемлекеттік
университетінің докторанты,
психолог