Жаңаарқаның жампозы

Жаңаарқа ауданының Түгіскен ауылында Социалистік Еңбек Ері, Қазақстанның ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген үздік қызметкері Сатан Ысқақовтың туғанына 90 жыл толуына орай, айтарлықтай айшықты шара өткізілді. Атақты шопанның ұрпақтары абыройы асқан әке рухына арнап ас берді. Мерейтойға арнайы шығарылған жинақтың тұсауын кесті. Балуан күрестіріп, ат бәйгесін ұйымдастырды.

Еңбек Ерінің есімін еске алуға арналған шара Сатан Ысқақов Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болғанда ауылдастарының аманаты бойынша үкіметтік деңгейде мәселе көтеріп, салынуына өзі тікелей дәнекер болған Игілік Омаров атындағы Мәдениет үйіндегі салтанатты жиынмен басталды. Онда даңғайыр шопанның өнегелі өмірі мен даңқты еңбек жолы туралы осы әулеттің күйеубаласы, Ұлттық аударма бюросының қызметкері, журналист Ернат Қашқынов қысқаша баяндама жасады. Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Серіков есімі ел жадында жатталып қалған атпал азамат тың рухына арналған шараның келешекте де өрісті болуына тілек қосты.

 Нар тұлғаның мерейтойы аясында Елордадағы «Кәусар» баспасынан ҚР Ақпарат саласының үздігі, белгілі журналист Амандық Рахұлының құрастыруымен хикаяттар, эссе-естеліктер, арнау өлеңдер мен архив материалдары топтастырылған «Арқаның ақиығы» атты көлемді жинақ жарық көрген болатын. Жаңа кітаптың арқауы – Еңбек Ерінің соқтықпалы, соқпақты өмір жолы, тынымсыз әрі адал еңбек нәтижесінде бақытқа кенелуі. Салтанатты шара тағылымы терең кітаптың тұсаукесеріне ұласты. Тұсаукесер рәсімін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, көрнекті ақын Ғалым Жайлыбай, Сатан ағаның зайыбы, Батыр ана Несіпбала Тәттібайқызы, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Серіков, Жамбыл облысы, Сарысу аудандық мәслихатының хатшысы Сағымбек Бегеев, ауыл ақсақалдары кеңесінің төрағасы Совет Көпбаев, Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы, облыстық мәслихаттың депутаты Ғазым Жарылғапов және осы жинақты құрастырушы Амандық Рахұлы өткізді.

Осы ауылдың тумасы Ақнар Бейсембин арнау жырын оқыды. Ғазым Жарылғапов пен Ғалым Жайлыбай мазмұны аса мағыналы кітаптың жарық көргеніне сүйсіністерін білдірді. Қаратау өңірінен арнайы келген топтың басшысы Сағымбек Бегеев кәмпеске дүрмегімен Түгіскен жерінен үдере көшкен елдің ыстық ықыласқа толы сәлемін жеткізді. Жаңаарқа аудандық мәслихатының хатшысы Қуат Имантүсіпов танымал тұлға рухына арналған астың тәлімдік, тәрбиелік ерекшелігіне мән берсе, жинақты құрастырушы Амандық Рахұлы Сатекеңнің тағдыр тауқыметін қажыр-қайратымен жеңіп, еңбектен бақыт тапқаны жаңа кітапта әсерлі баяндалатынын тілге тиек етті. Жиын барысында сондай-ақ, Жаңаарқа ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Төтеев және алысжақыннан келген өзге де меймандар көңіл төріндегі көрікті ойларымен бөлісіп, өздері тұратын өңірлердегі ағайынның сағынышты сезімдерін жеткізді. Құттықтаулар легін Еңбек Ері әулетінің атынан мінберге көтерілген Сатекеңнің төл перзенті Күнтай Ысқақова түйіндеді. Ол осы шараға кіршіксіз пейілмен қолдау көрсеткен аудан басшыларына, ауыл азаматтарына, жинақты жүйелі құрастыра білген қаламы жүйрік журналист Амандық Рахұлы мен оның оқырман қолына сапалы кітап ретінде тиюіне себесін болған «Кәусар» баспасының директоры Қуат Құрмансейітке шынайы алғысын білдірді.

Жиылған қауым аудандық мәдени-сауық орталығының өнерпаздары елдің даңқын аспандатқан Еңбек Ерінің мерейтойына арнайы әзірлеген концерттік бағдарламаны тамашалады.

 Қазақ күресінен өткен тартысты бәсекеге 40-қа тарта балуан қатысты. Боз кілемде күш сынасқандар қатарында жергілікті атан жілікті азаматтардан бөлек, сыртқы өңірлерден келген мықтылар да көп болды. Белдесулер қорытындысы бойынша 30 келі салмақта I орынды Жәйрем кентінен келген Асылан Арыстанов жеңіп алды. 50 келі салмақ дәрежесінде түгіскендік балуан Ақтанберді Сатановтың бағы жанды. Ал, боз кілемге 55 келі салмақ бойынша шыққандардың арасынан қарағандылық Әлібек Нұрнәби көш бастады. Жеңімпаздар мен II және III орындарды иеленгендерге лайықты сый-сияпат жасалды.

 Түйе балуан атағы үшін болған белдесулер де үміткерлердің жеңіске деген жігерімен ерекшеленді. Нәтижесінде «Қазақ барысы» сайысының күміс жүлдегері Асыл Бәрменов қарсыластарын қирата жеңіп, бас жүлдеге тігілген бұқаның бұйдасын ұстады.

 Аламан бәйгеде жарыс жолына түскен 20 сәйгүліктің тұяғынан шыққан үн мен оған жанкүйерлердің қосқан қиқуы Түгіскеннің түгі өскен кең даласын дүбірге бөледі. Сегіз айналымнан тұратын 25 шақырымдық қашықтықта бауыр жазған жүйріктер мен шабандоздар бар мүмкіндіктерін аянбай салғаны анық. Ақырғы айналымда мәре сызығын Көктіңкөлі өңіріндегі 56-шы разъезд тұрғыны Нұрсұлтан Асантаевтың күреңқасқасы бірінші болып қиып өтті.

Жеңімпаз сәйгүліктің иесі бас жүлдеге тігілген мотоциклді иеленді. Бәйгеде алғашқы төрт атқа жүлде тігілген екен. Додаға қосқан жүйріктерінің бағы жанған бапкерлер тиістілігіне сәйкес, ат мінді, өгіз еншілеп, құнан қойды жетектеді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *