Жаңаарқалықтар рекорд орнатты

Бүгін Сарыарқаның сауырында, Жаңаарқаның жазира жерінде аламан той басталды. Жаңаарқа ауданының құрылғанына — 90 жыл, халқымыздың аяулы ұлы, заманының заңғар тұлғасы, Қазақ үкіметінің тұңғыш Премьер-Министрі, сұңқар ақын Сәкен Сейфуллиннің туғанына — 125 жыл!!!


Бірнеше күннен бері толассыз жауған жауынның сап тыйылып, жадырай ашылғанын жақсылыққа жорыдық. «Той десе қу бас домалайды» деп келген халықта есеп жоқ.
Алдымен, Алаштың арда ұлы, «көкте күнге, жерде елінe мейірі қанбай» өткен Ахаңның, Ақселеу әкеміздің басына келіп, Құран бағыштадық. Осыдан тура 10 жыл бұрын пәниден бақиға аттанған екен, жарықтық… Жатқан жері жайлы болсын.
Тойға оралайық. Аудан орталығы жайнап, жарқырап, жасанып тұр. Ақынның eскерткішіне гүл шоқтары қойылды. Сәкеннің атын иеленген аудандық кітапханаға бас сұқтық. Заманауи, оқырманға қолайлы жағдай жасалған.
Орталық стадионда да жиналған халық қарамы көп, ине шаншар орын жоқ. Ауданның тоқсан жылдық тарихынан театрландырылған көрініс көрсетілді. Онда көп аялдамай той өтетін орынға қарай аяңдaдық. Тігілген ақшаңқан үйлер сән түзей әдемі орналастырылыпты. 1000 күбі, 10000 литр қымыз!!! Гиннестер кітабына енгізуге ниет білдіріпті жаңаарқалықтар. “Тамаша бастама, дұрыс дүние екен” деп тілекші болған едік естігенде. Қаз-қатар тізілген ақ жаулықты қыз-келіншектер бір-бір күбінің жанында тұр. Белгі берілгенде мың күбінің пісілген дауысы, қымыздың ғажап иісі танауды жарып, даланы алып кетті.

Ерлан Құсайын,
Қарағанды облысы әкімі
аппаратының «Қоғамдық келісім»
КММ директоры