Бас тақырыпБаспасөз

Жаңаарқадағы жарқын жүздесу

Оқырманмен жүздесу. Ой бөлісіп, пікір алмасу. Оқырман талғамын таразылап, газеттің жазылымы мен оқылымын арттыру. Осы мақсаттағы олжалы сапарымыз Жаңаарқа ауданында жалғасқан. Арқадағы ажарлы аудан Жаңаарқадағы жарқын жүздесуіміз еңселі Ералиев аулында басталды.

Қала мен дала. Кеңседегі шектеулі мүмкіндік пен кең пейілді ауыл халқы. Арасында жер мен көктей айырмашылық бола тұра, екінің-біріне байқала бермейтін нәзік байланыс та бар. Десек те, қала мен даланы бір-бірінен алшақтатып тұрған өрекпіген өркениеттің өрмегі екені де жасырын емес. Сонымен, қабағы түксиген тас қаланы артқа тастап, алтын бесікке бет алдық.

Иә, ауылда сарқылмайтын қазына бар, қаймағы бұзылмаған қазақы қалып бар. Аңсарың ауады, сағынышың маздайды. Ойлы оқырманмен кеңесуге шыққан ресми сапардың өзінен рухани ләззат аласың. Тағы да шөліркеп келеміз. Мейірімге. Ықыласқа. Бауырмалдыққа. Қарапайымдылыққа. Осынша құндылықтың бәрі – ауылда ғой, шіркін! Ол аз десеңіз, «Орталықтың» ормандай оқырманының дені – ауылдықтар. Кейбір тақырыптарымызды тамырынан талдап, газеттің сәтті-сәтсіз шыққан сандарын салмақтай саралайтындар да – ауыл тұрғындары. Осылайша түйін жасап, ой сабақтауымызға бұған дейін Бұқар жырау, Қарқаралы аудандарына жасаған сапарларымыз негіз болған. Қайталап айтайын, қайталап жазайын, осы екі аудандағы жүздесулерімізде оқырмандар белсенділігіне тәнті болғанбыз. Кездесуде емес, редакцияның шығармашылық лездемесінде отырғандай күй кештік.

Енді, Жаңаарқа жұртшылығы қалай қарсы алып, қандай бұйымтай айтар екен? Осындай ойдың жетегінде келе жатып, ел шетіне де ілігіп қалыппыз. Келбеті кемел Ералиев аулының кіреберіс күре жолында бізді ауыл әкімі Ербол Мәмбетов пен кәсіпкер, «Асбер АГРО» ЖШС жетекшісі Бүркіт Әлин қарсы алды. Басшысы да, басшыға ерген қосшысы да осал емес екендігін бірден аңғардық. Салған бетте «Орталыққа» деген ыстық ықыластарын жайып салып, газет мазмұны, дәстүрлі медианың маңызы жайында ойларын ортаға салып үлгеріп жатыр. Олар газет таралымының кеміп кетпеуіне алаңдаулы. Ал, біз ауылдың тыныс-тіршілігін сұрап жатырмыз. Әңгіме ауанынан аңғарғанымыз – ауылдың әлеуметтік тұрмысы әлеуетті екен. Бос отырған ешкім жоқ. Еңселі мектебі, отбасылық-дәрігерлік амбулаториясы, мәдениет үйі, кітапханасы бар. Жалпы, ұлт ұрпағына қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Ауылдан қалаға үдере көшу үдерісі байқалмайды. Керісінше, қаз-қатар тізілген сәулетті үйлер құрылысы қарқын алған. Сырттан көшіп келіп жатқан ешкім жоқ. Жаңа үйлердің барлығы – отау үйлер. Ауыл жастарының дені іргедегі «Жалын» көмір кенішінде нәпақасын тауып жүр.

Ат басын О.Әлібаев атындағы орта мектепке тіредік. 464 орындық орта мектепте 328 оқушы білім алуда. Мектеп жанынан 45 орындық шағын орталық та ашылыпты. Мектеп директоры Досбол Ғалымұлының мәлімдеуінше, мектептің материалдықтехникалық базасы – мығым. Сонда да, дәл осы сәтте тура осы ауыл үшін өзекті деген екі мәселенің құлағы қылтиды. Мектептің жылу қазандығына от жағушы табылмай тұр. Ешкім келгісі келмейді. Талай ауылды жұмыссыздық тұралатып, талай ауыл урбанизация құрбаны болып жатқаны өтірік пе? Жоқ. Ал, мына ауылдың тұрғындары жұмыс таңдап жүр. Екінші мәселе, мектеп жанындағы шағын орталықта 2-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер үшін орын жоқ. Яғни, ауылдың демографиялық өсімі – жоғары.

  • Ауылда 1,5-6 жас аралығындағы 80-ге жуық бүлдіршін бар. Біз солардың 45-ін ғана мектепке дейінгі тәрбиемен қамтып отырмыз, – дейді мектеп директоры. Ойланатын, жазатын, билік назарын аудартын-ақ мәселе.

Ауыл тұрғындары мектептің мәжіліс залына жиналған екен. Кездесуіміз басталып та кетті. Басылым басшысы Қамбар Ахмет жиынды кіріспе сөзбен ашып, дәстүрлі БАҚ-тың маңызына кеңірек тоқталды. Қазіргі заманауи медиа мен дәстүрлі БАҚ-тың қоян-қолтық бәсекесі қызып тұр. Ақпарат таратудағы шапшаңдық бойынша электрондық БАҚ, оның ішінде ақпараттық сайттар мен агенттіктердің бәсі жоғары екенін тілге тиек еткен Қамбар Жұмағалиұлы дәстүрлі журналистиканың да өзіндік артықшылықтарына тоқталды. Мәселен, ақпараттың нақтылығы мен газет материалдарының танымдық мазмұны – ең маңызды артықшылық. Осы тұрғыдан алғанда, мерзімдік басылымнан қол үзіп кетуге әлі ертерек. Халықаралық ақпарат кеңістігіндегі жағдайлардан мысал келтіре отырып, ұлттық рухты шыңдауда дәстүрлі БАҚ-тың рөлі жоғары екенін нақты дәлелдермен нақтылаған бас редактор жиналған қауымды ашық әңгімеге шақырды.

Ардагер ұстаздар Рабиға Нұрланова, Мәрия Әлібаева, Оразбек Кемалов, Ғалия Рахымбаева, ауыл ақсақалдары кеңесінің төрағасы Мұхамедқали Әзібаев «Орталық» жайлы ойлары мен өтініш-тілектерін ортаға салып, ұтымды ұсыныстар айтты. Тіпті, газет мазмұнын былай қойып, беттердің безендірілуіне қатысты пікірлері кәсіби баспагерлердің пікірінен бір мысқал осал емес. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айман Құтжанова отандық ақпарат кеңістігіндегі «Орталықтың» орны жайында орнықты пікірмен бөлісіп, тарихи танымдық тақырыптағы мақалалардың көбірек жариялануына ықпал етсеңіздер деген ұсынысын жеткізді. Газеттің қолға кеш тиетіні, «Қазпошта» қызметінің сылбырлығы айтылды. Мектеп мұғалімі Сапы Мәмбетов спорттық тақырыптар көбірек қамтылса деген ойын жеткізіп, Қарағанды облысындағы спорт саңлақтарын дәріптеу мәселесіне мән берді. Сондай-ақ, тура осы мектепте ұстаздық еткен еркін күрестен КСРО Спорт шебері, марқұм Жақсыкүн (Танау) Нығызбаев туралы материалдар топтамасын қолымызға ұстатып, күрестің осы түрінен Қарағанды облысынан шыққан тұңғыш спорт шебері туралы мақала жарияласаңыздар деген аманатын да айтып үлгерді. Келелі әңгімеден мектептің жоғары сынып оқушылары да оқшау қалмай, сұрақтар қойып, өз өлеңдерін оқыды.

***

Кемел ой, келелі пікір қозғалған келісті кездесу аудан орталығы Атасу кентінде жалғасты. Аудан әкімі Юржан Бекқожин жиналғандар алдында облыстың айнасы «Орталық Қазақстан» газеті басшыларының ел ішіне шығып, оқырмандармен жүздесуін ерекше құптайтынын жеткізіп, басылым басшысына алғыс айтты. Сонымен қатар, кездесуге қатысып отырған қауымды бүгінгі мүмкіндікті мүлт жібермеуге шақырды.

Бұл жерде де екі тараптың ашық әңгімесі мазмұнды өрбіп, оралымды ой, ұтымды ұсыныстар айтылды. Әсіресе, аудандық әділет басқармасының басшысы Әбдіқадыр Әбдіразақовтың газет бетіндегі «Қазақстанның киелі жерлері» айдарына қатысты пікірі салмақты шықты. Айдар материалдарының өлке тарихын зерделеуге талпынған өскелең ұрпақ үшін пайдасы мол екеніне шүбә келтірмеген Әбдіқадыр аға осы топтамадан Жаңаарқа ауданындағы киелі жерлерді көргісі келетіндігін жеткізді.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Юржан Асанұлы басылым басшыларына ақжарма пейілмен алғысын қайталай жеткізіп, жаңаарқалық оқырмандар санының кемімейтіндігіне сендірді. Билік пен бұқара арасындағы алтын көпір болып, маңызы зор тарихи миссияны мінсіз атқарып келе жатқан байырғы басылымға деген жаңаарқалықтардың ыстық ықыласын жомарт даланың сақтаулы сыбағасындай қабылдадық. Биыл ғана сұңқар ақын Сәкен Сейфуллиннің 125, ауданның 90 жылдық мерейтойын жоғары дәрежеде өткізген жазиралы мекеннің тыныстіршілігі, әлеуметтік-экономикалық даму серпіні жайлы мол мағлұмат алып, біз де атқа қондық.

Айтары жоқ, олжасы орасан сапар болды.

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Back to top button