Жаңаарқада карантин шаралары күшейтілді

Аудан аумағында орналасқан 149 нысан қызметін уақытша тоқтатты. 306 нысанның санитарлық-дезинфекциялық режимі күшейтілді. Әрбір он мекеме қызметкерінің жетеуі қашықтықтан жұмыс істеу кестесіне көшті. Қалғаны бетпердемен, антисептик және дезинфекциялық гидрохлоридпен толық қамтамасыз етілді.

Жұртшылық бетперде тапшылығын жоюға жұмылдырылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бөлген 4 мың метр дәкеден бетперде тігу жолға қойылып, тұрғындарға таратыла бастады. Бұл істе мектеп пен балабақша еріктілері, Іскер әйелдер мен Аналар кеңесінің мүшелері, ауылдық округтің қызкеліншектері белсенділік танытуда. Ал, уақытпен санаспай, індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген жастар ресурстық орталығы еріктілерінің еңбегі ерекше атауға тұрарлық. Сонымен қатар, ауданда бетперде тігуге 5 тігін цехы тартылған.

Қажеттілікке қарай бірнеше жеке қорғаныш костюмі, бір және бірнеше мәрте обаға қарсы қолданылатын киім, тыныс жолын қорғайтын құрал, бактерицидті сәулелеуші, рециркулятор, бір реттік төсек жабдығы мен ыдыс-аяқ, акма-хлор дезинфекциялық дәрісі, тағы басқа медициналық бұйым мен киім, құрал-жабдық алынды. Төтенше жағдайға қарастырылған арнайы резервтік қордың қаражаты есебінен 500 килограмм гидрохлорид, 15 литр медициналық спирт, 25 литр антисептик алынып, ауданның барлық мекемесіне және халық көп шоғырланатын вокзал, сапаржай, поштаға таратып берілді.

Аудан орталығы Атасу – автокөлік қозғалысы тәулік бойы толастамайтын, бірнеше жолаушы поезы өтетін тоғыз жолдың торабы. 30 наурыздан бастап, Жаңаарқа-Қарағанды бағытында автокөлік жолына санитарлық бекет қойылды. Күндіз-түні бейнебақылау жүргізіледі. 4 полиция және 4 медицина қызметкері ауысыммен үздіксіз кезекшілік атқарады. Олар жанар-жағармаймен, қорғаныш киіммен, бетперде және резеңке қолғаппен жабдықталған. Үш мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Күнде өтетін “Қарағанды-Жезқазған”, “Нұрсұлтан-Жезқазған” және күнара қатынайтын “Қызылорда-Жезқазған” поезынан түскен жолаушылар толық тексеріліп тұрады.

2402 тұрғын тіркелген “Жаңаарқа мәселелері” телеграм каналы және аудан әкімдігі мен аудандық ішкі саясат бөлімі, жастар ресурстық орталығының барлық әлеуметтік парақшасы індетпен күрестің ақпарат алаңына айналған.

Әлібек ӘБДІРАШ