Жаңаарқа ауданының тоқсан жылдығына 90 түп қарағай отырғызылды

Тоқсан жылдық торқалы тойында Жаңаарқа жұртшылығына азаматы айтарлықтай баталы жоралғы жасады. Жаңаарқа ауданының тоқсан жылдығы мен Сәкен СЕЙФУЛЛИННІҢ 125 жылдық мерейтойына арнап осы топырақ тумасы, «Орталық Қазақстан» газеті Бас редакторының бірінші орынбасары Ерсін МҰСАБЕК аудан орталығының кіреберісіне өз есебінен тоқсан түп қарағай отырғызды. Аудан әкімінен бастап тұрғындары азаматын қолдап-қолпаштап, ақ тілеулерін жаудырған бұл баталы іс Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласының «туған жерге туың тік» бағдарламасы бойынша жүзеге асты.

Иә, «туған жерге туың тік», тал отырғыз, көшет ек. Бірақ, «жігітте де жігіт бар, азаматы бір басқа» дегендей, қарағайдың жөні бөлек тал мен теректен.

Жаңаарқа өңірінде осы тектес «Шоңның қызылағашы» бар. Шоң би өзі екті, екпеді, оны білмейміз. Бұйыртса, бір елдің сәулетті саябағына айналғалы тұрған мына бастама баталы істің өзі. Оның үстіне, жергілікті әкімдіктің мәлімдеуінше, бұл жер Сәкен атындағы саябақ болмақшы екен. Сәкен бабамыздың 125 жылдық мерейтойы мен ақын атын өзі қойған ауданның 90 жылдығы тұспа-тұс келіп жатқанын көрмейсіз бе? Жақсылыққа жақсылық жалғасып, ел мерейі асты деген – осы.

Биыл жыл басында жаңаарқалықтарға ауданның тоқсан жылдығына байланысты тарту жасап, игі шараға мұрындық болу жөнінде аудан әкімі Юржан Бекқожин үндеу тастапты. «Туған жерге туың тік» бағдарламасын жүзеге асыру барысында «90 жылдыққа – 90 түп қарағай» сөзін ұран еткен бұл іс – аудан көлемінде сол үндеуді алғаш орындаған игі шара. Жүзеге асырып, қарағай көшеттерін сатып алып, жол шығынын көтеруші – қарымды қаламгер Ерсін Мұсабеков. Халықтың «атаңнан бота қалғанша, бата қалсын» дегені «атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген ойға жетелемей ме? Мал бір жұттық болса, орман-тоғай тіршілік атаулының панасы. Осындай ұлағатты үлгі тұтқан ел ері тарту жасап жатқанда қарап қалсын ба? Қарағай көшеттерін отырғызуға аудан ардагерлері мен мекеме басшыларынан бастап, Сәкен ұрпақтары және жастар жұмылдырылды.

Ал, қоршауы мен абаттандыру жұмыстарын Сәкен ұрпақтары мойындарына алып отыр.

Біткен іс, берекелі бастамаға алғаш жақсы сөз, жарым лепестің жөнін қылған – аудан әкімі Юржан Бекқожин. Сонымен қатар, ауыл ардақтысы Берген қажы Қожамұратов, Ерсін Кәрібайұлының ұстазы, ҚР Оқу ісінің үздігі Рабиға Нұрланова мен анасы, ұлағатты ұстаз Бақыт Мұсабекова сөйледі. Біріне шәкірт, біріне бала, елден бетер екі ана қуанбағанда ше? Ақ тілектің көшін жалғап, түйінін жасаған Арқаның атымтай ұлдарының бірі, досы Ерболат Мәмбетовтің де сөзі көкейге қонды.

«90 жылдыққа – 90 қарағай» атты баталы іс мұнымен тоқтап қалмады. Аудан жұртының алғысын арқалаған біздің кейіпкер бұл жұмысты абыроймен аяқтай салып, туған ауылы Ш.Ералиевке тартты. Онда мешіттің қасына 10 түп қарағай көшетін отырғызып, ауылелдің көзайымына айналды. Қайырлы іс қылғанның қары талған ба? «Ит тойған жеріне, Ер туған жеріне» деген – осы!

Жәнібек ӘЛИМАН