Жаңалықтар

Жаңа жол кептелісті азайтады

Сейсенбі күні облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ «Солтүстік-Шығыс» айналма жолының құрылысы бойынша орта және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан бөліктерді тексеріп, мердігер ұйымдардың есебін тыңдады. Сонымен қатар, мердігер компания іске қосқан сағатына 360 тонна асфальт шығаратын зауыттың жұмысын да бағалады. Қарағандылықтар енді жол құрылысына қажетті материалды сырттан тасымалдамайды. Бір айта кетері, бұл зауыт – Қазақстан бойынша ең үлкен зауыт, облыс аумағындағы жолдарға асфальт төсеуге зор мүмкіндік туғызып отыр.


Биыл облыста қашықтығы 48 шақырымды құрайтын жаңа айналма жолдардың құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, бес жол айырықтары: «Қарқаралы», «Доскей», «Шахтер», «Үштөбе» және «Алматы» жобасы жүзеге асырылады. Жобаның құны – 35 млрд. теңге, тапсырыс беруші – «ҚазАвтожол» АҚ.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Қанат Шайминның айтуынша, облыс көлемінде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жол жөндеу, көпір салу ісі қарқынды жүргізілуде. Қарағанды облысындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы қашықтығы 2784 шақырымды құрай ды. 2013 жылдан бері «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Теміртау тасжолында жалпы қашықтығы 92,7 шақырым болатын 4 бөлігінде құрылыс жұмыстары жүргізілген. Жетілдірілген көпір құрылыстарымен және әр түрлі сатыдағы заманауи көлік айырықтары 4 жолақты жол көпшіліктің игілігіне жарамақшы. 65,3 шақырым жолға цемент-бетон төселсе, 27,6 шақырымның үстіңгі қабаты қиыршық тасмастикадан жасалған асфальт-бетон төсемімен қапталған.
Қарағанды қаласының айналма жолының құрылысы бойынша жұмыстар жалғасуда. Құрылыс мердiгерлері – алматылық «Мостостроительный отряд №25» ЖШС және «СП «Сине Мидас Строй» ЖШС сондай-ақ, жергілікті компаниялар. Қарағанды облысының автомобиль жолдары Орталық Қазақстанның көлік-логистикалық жүйесінің маңызды бөлігі болып табылатындықтан жөндеу жұмысына бақылау күшейтілген. Салынатын жол 25 жылға дейін шыдас беретіндігі жөнінде компаниялар кепілдік беріп отыр. Жол құрылысы 4 лотқа бөлінген. Оның үшеуін «СП Сине Мидас Строй» ЖШС түрік фирма-мердігері ұтып алып, қызу жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, Пришахтинск ЖПУ46-дан Қарағанды-Аягөз-Бұғаз жол айырығына дейінгі 15,6 шақырымға созылатын «Солтүстік айналып өту» бөлігін қалыпқа келтіру кесте бойынша жүзеге асуда. Қазіргі іс жүзінде бар Қарқаралыға баратын көлік айырығынан басталып, Шахтер ықшам ауданына дейін апаратын жол қалыпқа келтірілуде. Және Шахтер ықшам ауданынан Екатеринбург-Алматы жолына дейін апаратын Заречное ауылының маңынан өтетін жолдың жаңа бөлігі салынуда. Төртінші лот – ол жол айырықтарын салу. Онымен «Мостостроительный отряд им. Рязанова А.» ЖШС алматылық компаниясы айналысуда. Қазіргі уақытта 60 пайыз жол төсеніштері төселді. Жаңа жол төрт жолақты болады, негізгі материал – асфальт-бетон, жоғарғы қабаты – ұсақ тас-мастикалық асфальт. Жол құрылысына қажетті барлық дерлік шикізат – қазақстандық өнімдер. Бүгінде сағатына – 360 тонна асфальт материалдарын шығаратын зауыттан бөлек, қиыршық тастарды дайындайтын цех жұмыс жасап тұр. Біз биылғы белгіленген жұмыстарды асыра орындау үшін қосымша қаржы сұрап жатырмыз,– деді Қанат Шаймин.

Қарағанды қаласының айналма жолының құрылысы барлық өңірдің көлік инфрақұрылымын жетілдіруге үлкен мүмкіндік тудырады. Экологиялық мәселе де шешіледі. Қазірде жол салушылардың басты міндеті елге ыңғайлы болу үшін қайта жаңартуды дер кезінде қолға алып, сапалы жолмен қамтамасыз ету. Кестемен жұмыс жасау еңбектің негізгі шарты. Мен ай сайын жұмыс барысын тексеріп отырамын,– деді аймақ басшысы Ерлан Қошанов.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Теміртау-Қарағанды, Қарағанды қаласының Солтүстік және Шығыс айналымы жолдарының жөнделуі адамдардың, азаматтардың өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен тікелей байланысты екендігін жеткізді. Жергілікті халықты іс жүзінде жұмыспен қамту мәселесін де, алға тартты.
Осы орайда, «Сине Мидас Строй» фирма-мердігердің өкілі Али Четкин компаниясы бүгінде 750 жұмыскер жұмылдырылғандығын атады. Олардың 416-сы қарағандылықтар көрінеді. Облыс әкімі компанияның Қарағанды облыстық филиалының және мердігер ұйымдардың жетекшілеріне облыстағы республикалық автожолдардың құрылысы мен қайта жөндеу жұмыстарының барысын тұрақты бақылау қажеттігі туралы бірқатар тапсырмалар берді. Әрі, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан барлық жолдар сапалы және уақытында орындалуы керектігін айтты.
Айналып өту жолының құрылысын толығымен 2020 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button