Бас тақырыпҚарқаралы

Жаңа жанармай бекеті ашылды

Тәуелсіздік мерекесіне орай, Қарағайлы кентінде «КазПром Бизнес» мекемесінің қолдауымен жанар-жағармай бекеті ашылды. Кент халқының қуанышын еселеген айтулы шараға аудан әкімі Халел МАҚСҰТОВ арнайы барды.

Аудан басшысы ұлы мерекенің әр қазақстандық үшін маңызы зор екендігін айта келе, мереке қарсаңында ашылып отырған бекет кент тұрғындарына қалтқысыз қызмет көрсетеді деген сенімін білдірді.

Кәсіпкерлер – Айбек Оспанов пен Андрей Петренконың іскерлігі арқасында бір жылдың ішінде салынып біткен нысанның құрылыс жұмыстарына 45 млн. теңге қаражат жұмсалған. «ҚазМұнайГаз» компаниясымен арнайы келісімшарт жасасып, кент және көршілес елді мекен тұрғындарын сапалы бензин-дизель отынымен қамтамасыз етпек. 25 тонна бензин және 70 тонна дизель қоры бар. Бес адамды жұмыспен қамтып отыр. Еңбекақылары 50- 60 мың теңгенің маңайында.

Төңірегінде бірнеше өндіріс орны шоғырланған кентте 400-ге жуық ауыр жүк көліктері бар. Енді автокөліктер қырық шақырым қашықтықта орналасқан аудан орталығынан жанармай тасып, әуре болмайтындығын жеткізген кент тұрғындары – Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Ж.Нұралин, аудандық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер Т.Дауытов кент тұрғындары атынан кәсіпкер азаматтарға алғыстарын білдірді. Өз кезегінде кәсіпкер А.Петренко тұрғындардың сенімінен шығатындығын жеткізді.

Аудан басшысы да кенттің аудан өміріндегі маңызын тілге тиек етті. Аудандағы экономикалық көрсеткіштер мен бағдарламалардың орындалуына елеулі үлес қосып, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне ықпал етіп отырған өңір екендігін баса айтты. Сондай-ақ, алдағы уақытта да кенттің экономикалық-әлеуметтік тұрғыдағы өсуі назардан тыс қалмайтындығын жеткізе келе, тұрғындарды біріге жұмыс жасауға шақырды.

Сағыныш ӘБІЛОВА,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button