Бас тақырыпОблыс әкімі

Жаңа зауыт іске қосылды

Облыс әкімі Ерлан ҚошановШет ауданындағы «SaryA r k a C o p p e r P r o c e s s i n g » ЖШС-де болып қайтты. Катодтық мыс шығаратын зауыттың құрылысы 2016 жылы басталған. Жоба құны 14 млрд. теңгеден асады. Қазіргі таңда өндірістік процесс сынамалы режимде іске қосылып, дайын өнімнің сынақ партиясы алынған.

– 2016 жылы біз жобамызды геологиялық барлаудан бастағанбыз, содан соң технологияны зерттеуге кірістік. Сонымен қатар, бір мезгілде жобалаумен айналыстық, – дейді «Sary-ArkaCopperProcessing» ЖШС құрамына кіретін «Caravan Resources» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Сатылғанов. – Екі жылда біз ауқымды жұмыс атқардық және бүгінгі күні жобамыздың құрылысын аяқтадық. Жоба жылына 9000 тонна катодтық мыс өндіруге мүмкіндік береді. Барлық өнімдер экспортталатын болады.

Зауыт толығымен «OUTOTEC» (Финляндия), «BatemanAdvancedTechnologies LTD» (Израиль, Италия), «TELESTACK Ltd» (Ұлыбритания), «DYNAPOWER LLC» (АҚШ), Metso тобы (Финляндия) секілді осы саланың көшбасшыларының қазіргі заманғы құрылғыларымен жабдықталған.

Бүгінгі таңда зауытта 550 адам жұмыс істейді, негізгі дені – жақын маңдағы елді мекендердің халқы. Жұмыскерлер үшін барлық жағдай жасалған, кәсіпорын базасында тұруға арналған бес корпус, жеке асханасы бар.

Компания қолданатын «шоғырлы сілтісіздендіру-сұйықтықты экстракция-электролиз» (HL/SX/EW) технологиясы құрамында мысы аз руданы өңдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл тәсіл металлургия саласында ең таза, қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды аз шығаратын әдіс болып табылады.

Зауыт құрылысы облыс әкімдігінің және ҚР Инвестициялар және даму жөніндегі министрліктің белсенді қолдауымен жүргізілді. Компания – облыстың Кәсіпкерлікті қолдау картасының субъектісі, сол үшін салықтық жеңілдіктер жасалған. Сонымен қатар, компания қаржылық институттардан үлкен қолдау көрген. Дәлірек айтар болсақ, «Цеснабанк» 60,0 миллион АҚШ долларынан астам сомаға несиелік ресурс ұсынған.

Зауыттың жобалауы мен құрылысын «Караван Ресорсиз» тобына кіретін қазақстандық компаниялардың мамандары жүзеге асырды. Бұл – кәсіпорынның басты ерекшеліктерінің бірі. Катодты мысты өндіру енді шетелдік мамандардың қатысуынсыз жүзеге асырылады.

– Зауытты да өз күшімізбен салдық, дәлірек айтар болсақ, барлығы қазақстандық мамандар. Бүгінгі таңда облыс әкімінің, ҚР Инвестициялар және даму жөніндегі министрліктің және «Цеснабанктің» қолдауымен зауыт өзінің жұмысын сынамалы режимде бастап отыр, – деді Қайрат Сатылғанов.

Өндіріс толығымен автоматтандырылған және «Индустрия 4.0» бағдарламасының талаптарына сай келеді. Автоматтандыру «Outotec» фин компаниясы жасап шығарған Proscon технологиялық процестерді басқару жүйесі негізінде құралған.

Облыс әкіміне мыс кен орны, үгіту-сұрыптау кешені, шоғырлы сілтісіздендіру учаскесі мен өндірістік ғимараттар – экстракция және электролиз цехтары көрсетілді.

– Бұл өндіріс қаншалықты экологиялық қауіпсіз? Қазіргі қор қаншаға жетеді? – деп сұрады Ерлан Қошанов компания директорымен әңгіме барысында.

– Бірінші саты – минералды шикізатты қайта өңдеу. Үгіту кешені үш үгіту кезеңінен және екі жолақтан құралып салынған. Дайын өнім – үгітілген руда, ол шоғырлы сілтісіздендіру учаскесіне жіберіледі. Онда 60 бірліктен құралған қоймалық кешен орналасқан. Цикл толығымен тұйықталған, яғни, экологиялық қауіпсіз. Бірінші экстракция цехына түсетін ерітіндінің бір литрі 45 грамға дейін байытылады. Цехтағы жұмыс процесі қауіпсіз, өткізгіштік режим және автоматты түрде өрт сөндіру жүйесі бар. Біз өндірістегі қауіпсіздікке үлкен назар аударамыз. Соңында, екінші электролиз цехына жіберілетін электролит аламыз. Кен қоры 15-20 жылға жетеді, – деп мәлімдеді «SaryArkaCopperProcessing» ЖШС директоры Рустам Дүсіпов.

Қайрат Сатылғановтың айтуынша, шілденің соңында дайын өнімнің бірінші топтамасы алынады. Кәсіпорын қазірдің өзінде ірі халықаралық трейдерлердің бірі – «Trafigura» компаниясымен өнімдерін экспорттау жөнінде ірі келісім-шарт жасасқан екен.

– Бүгінгі күні әлемдік нарықта мысқа деген сұраныс өте жоғары. Сондықтан, экспортқа және сатуға қатысты мәселелер болмауы тиіс. Қазір катодты мыс өндірумен қоса, біз жобамызды кеңейту мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз, – деп жоспарымен бөлісті Қайрат Сатылғанов.

Әзірге зауыт сынамалы режимде іске қосылған, алайда жыл соңына дейін оны толық қуаттылығына шығару жоспарланып отыр.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button