Жаңа заң-жаңа мүмкіндік

Кеше облыс әкімдігінде ҚР Инвестициялар және даму министрлігі өкілдерінің қатысуымен ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексі нормаларын түсіндіру бойынша жиын өтті. Облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров жүргізген жиынға ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев, облыстағы басқармалар басшылары, өндірістік кәсіпорын өкілдері қатысты.

Айта кетейік, осы жылдың 29 маусымында ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс күшіне енген еді.

– Аустралиялық модель негізінде «Бірінші өтінім» лицензиялық тәртібі қағидатын енгізу арқылы жер қойнауын пайдалану құқығын жеңілдетілген тәртіпте беру мүмкіндігі ашылады. Сондай-ақ, геологиялық ақпаратқа қолжетімділікті кеңейту және оны цифрлық форматқа өткізу – бүгінгі күннің талабы. Қарағанды облысына арнайы келуіміздің себебі бар. Өйткені, бұл жер – өндірістік индустрияның отаны. Бұл өңір үшін Кодекс аясында жаңа мүмкіндік туындайды, – деді ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев. Сонымен қатар, Жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры Руслан Баймишев, «Орталыққазжерқойнауы» ӨД директоры Азамат Шалабаев баяндама жасап, жобамен таныстырды. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы туралы кеңірек тоқталды.

Жер қойнауын пайдалану Кодексінің жобасын әзірлегенде салық салу, экология, жер қатынастары сияқты салаларды қосқанда жоғарыда көрсетілген тәсілдерді жүзеге асыруды қамтамасыз етуге бағытталған сабақтас заңнаманы бір уақытта жетілдіру көзделгендігін айтты. Және Кодекс жобасының толық мәтіні министрліктің сайтында жарияланып, жан-жақты талқылаулар болғандығын тілге тиек етті.

Қорытындылай келе Тимур Тоқтабаев қатысушыларға сұрақ қойып, белсенділік танытқаны үшін алғыс білдірді.

Қабылданған Кодекс айтулы саланың инвестициялық ахуалын жақсартуға, жаңа кен орындарының ашылуына, қосымша жұмыс орындарының пайда болуына, инвестиция есебінен минералдық шикізат базасын ұлғайтуға импульс құруға септігін тигізетін болады.

Нұрдос КӘРІМ,

«Орталық Қазақстан»

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.