Жаңалықтар

Жаңа терминалдар орнатылуда

Облыс емханаларында әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуге болатын терминалдар орнатыла бастады. Қазіргі таңда өңіріміздің 30 емханасында төлем аппараттары бар. Оны жарна төлеушілердің бәрі пайдалана алады.

– Өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары Қарағанды, Жезқазған, Балқаш қалалары және облыстың басқа да елді мекендерінде орнатылды. Медициналық сақтандыру қорына жарналарды банк кассалары, Қазпошта, Халық банкінің терминалдары, Kaspi. kz мобильдік қосымшасы арқылы төлеуге болады, – дейді медициналық сақтандыру қоры Қарағанды филиалы бөлімінің бас сарапшысы Жанар Рақышева.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтардың еңбекақысынан медициналық сақтандыру қорына 1% көлеміндегі жарна аударыла бастады. Жеңілдіктің 15 санатымен қамтылғандар (11 млн. адамнан артық) үшін соманы қорға ай сайын мемлекет төлейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық (декларацияланбаған табысы бар, жеке кәсібін рәсімдемей) бірыңғай жиынтық төлем арқылы төлейді. Ал, ресми жұмыссыз болып табылмайтын (жұмыспен қамту орталығында есепте тұрмайтын) және жеңілдікті санаттарға кірмейтін адамдар әр айдың басында өз бетінше медициналық сақтандыру үшін ең төменгі жалақының 5%-ы мөлшерінде жарна төлеуі тиіс. 2020 жылдан бастап бұл сома 2125 теңгені құрайды. Төлемдердің тұрақты төленуіне байланысты әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі азаматтың мәртебесі анықталады. Сондай-ақ, медициналық қызметтердің кеңейтілген пакетіне қол жеткізуге мүмкіндік бар.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button