Ресми

Жаңа талаптар – тиімді тетік

Соңғы үш жыл ішінде бизнеске заңсыз араласудың 970 фактісі анықталып, 351 лауазымды тұлға сотталған. Жемқорлықпен күрес алдағы уақытта да пәрменмен жалғаса береді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен іске асырылады. Осы және өзге де маңызды мәселелер жөнінде Нұр-Сұлтан қаласында өткен кәсіпкерлердің IV республикалық форумында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик ШПЕКБАЕВ айтып берді. Форумға аймақтың сала мамандары онлайн түрде қатысып, бейнебайланыста отырды.

Шараға «Атамекен» ҚР ҰКП төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов, сонымен қатар, бизнес және мемлекеттік органдар өкілдері мен Парламент депутаттары қатысты.

Жиында жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, білім беру, экология сынды салаларды жетілдіру бойынша жаңа ұсыныстар мен «Сатып алулардың бірыңғай терезесі» порталы сынды сыбайлас жемқорлыққа қарсы құралдарды енгізудің алғашқы жұмыс нәтижесі таныстырылды. Аталған жоба іске қосылғаннан мемлекеттік сатып алуларда 1 млрд. теңгеден астам бюджеттік қаражатты тиімсіз пайдалануға жол берілмегені тілге тиек етіліп, былтыр қолға алынған «Жол картасы – 2019» бағдарламасының қорытындысы шығарылды.

Мониторинг нәтижесі бойынша 1 тауарға сатып алу бағаларындағы айырмашылық екі есе немесе одан да көп болғаны анықталды. Бұған жол берілмеуі керек. Мониторинг нәтижесін қоғам алдында ай сайын, ірі заңбұзушылықтар бірден жариялайтын боламыз. Бұл жосықсыз тапсырыс берушілер үшін қосымша тежегіш факторы болады, – деді Алик Жатқамбайұлы.

Ал, Тимур Құлыбаев eoz.kz құралының сатып алуларды жергіліктендіру және импортты алмастырудағы маңызына тоқталды.

«Біз үшін тиімді аналитикалық база пайда болды. Бірақ «Атамекен» үшін өндірістер мен қызметтерді жергіліктендіру мүмкіндігі өте өзекті. Ұлттық компаниялар сатып алуларда өз спецификаларына ие болғандықтан, сатып алулардың бірыңғай ережесін құру керек немесе квазимемлекеттік секторға бөлек заң қабылдау қажет. Бұл шара отандық өндірушілерге квазимемлекеттік секторға тікелей қолжеткізуге мүмкіндік береді», – деді ол.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетудегі тағы бір құрал – «Бизнеске арналған үкімет» жобасын іске асыру. Мемлекет басшысы тапсырған кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қызметтердің бірыңғай терезесі 2020 жылдың 1 шілдесіне қарай дайын болады деп күтілуде. Мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде, бизнеске арналған қызметтерді тереңдете цифрландыру үшін өте нақты заңнама керек екендігі де назардан тыс қалмады.

Сала мамандарының айтуынша, заман талабына орай қызмет көрсету процесін жеңілдетуге қызмет түрлерінің 80%-ға жуығы автоматтандырылған. БҰҰ мәліметі бойынша, біз бүгінде онлайн қызмет көрсету бойынша әлемде 26-орында тұрмыз. 2020 жылы қызмет түрлерін автоматтандыру деңгейі 90%-ға жеткізу жоспарларған.

Зерттеу нәтижесі бойынша, сыбайлас жемқорлықтың ең жоғары деңгейі Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында болса, ең төмен көрсеткішке Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы ие.

Шара соңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және «Атамекен» ҚР ҰКП арасында 2020 жылғы Жол картасына қол қойылды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button