Жаңалықтар

Жаңа салық кодексінде жаңалық көп

    2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ұстанымы өзгерген, ынталандыруды және әкімшілік жеңілдетуді көздеген жаңа Салық кодексі күшіне енді. Жаңа кодекс бойынша мемлекеттік кірістер органдары тарапынан бақылау жұмыстары барынша азайтылып, салық төлеушілердің міндеттемелерін өз еріктерінше орындауына бағытталған шаралар қабылданды. Ондағы басты мақсат – адал салық төлеушілердің мүддесін қорғау. Осы орайда сейсенбіде Қарағандыда жаңа Салық кодексін талқылау болды. Жаңа кодекстегі өзгерістер мен жаңалықтарды қарағандылықтарға түсіндіруге Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Салық комитетінен  арнайы жұмыс тобы келіп, салық төлеушілермен семинар өткізді.

25 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті  салық заңнамасын жетілдіруге бағытталған «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодекске қол қойды. Мемлекет басшысы мұнымен қоса жаңа Салық кодексінің ережелерін қолданысқа енгізу мерзімдерін айқындайтын «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Заңына және заңнаманы жаңа Салық кодексіне сәйкес келтіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Жалпы, Салық кодексін дайындауға бизнес-қоғамдастық белсене қатысқан.

Арнайы келген мамандардың айтуынша, салықтық тексеріс жасайтын негіз 62 пайызға кеміген. Мәселен, 2017 жылғы кодексте оның саны – 32 болса, қазіргі таңда 12-сі қалған екен. Ал, тексерістерді тағайындау бойынша мемлекеттік кірістер департаменті тарапынан бақылау күшейтіледі.  Шағын жəне орта бизнесті қолдау  үшін қолданыстағы арнайы салық режимдерін сақтаумен қатар, жаңа тиянақталған шегерім режимі енгізілді. Кірістің шекті мөлшері бойынша жылына 300 миллион теңгеге жəне жалдамалы жұмысшылар санын 50 адамға дейін қолдану критерийлері кеңейтілді. Жеке кəсіпкерлер үшін 10 пайыз, заңды тұлғалар үшін 20 пайыз мөлшерлемемен шығыстар сомасына азайтылған кіріс түріндегі салық енгізілді. Сонымен қатар, шағын бизнес үшін қосылған құн салығының қолданыстағы көрсеткіші, яғни, 30 айлық есептік көрсеткіш сомасы бұрынғысынша  қалады. 2019 жылдан бастап ел ішінде тауар алуға байланысты ерікті негізде  қосылған құн салығы бақылау шотын енгізу арқылы дебеттік айырма қайтару тетіктері қарастырылып отыр. Тағы бір айта кетерлігі, электронды сатулардан түскен табыстар корпоративтік табыс салығынан жəне жеке кіріс салығынан босатылған. Жер қойнауын пайдаланушы компаниялар корпоративтік табыс салығының үлес пайдасынан жəне артық жұмыс атқару көрсеткіштеріндегі құнның өсуінен босатылған. Ондай компаниялар кен орнын шолуға қажетті шығындарды өндіру жұмыстары басталғаннан кейінгі басқа келісім аясында өтеуге құқылы.

Теңіздердегі жəне тереңде орналасқан мұнай-газ кеніштерін пайдалануға қатысты балама салық түрі енгізілген. Көмір өндіруге қатысты экспортқа үстеме пайдаға салынатын рента салығын ауыртпалық салығына ауыстыру алынып тасталды. Өндірілген пайдалы қазбаларға тиісті төлем 6 пайыздан 3 пайызға төмендетіліп отыр.

Салық төлеу тəртібін арттыру мақсатында тəуекелдерді басқару жүйесіне өзгеріс енгізілді. Салық төлеушілердің əртүрлі санаттарына салықтық əкімшілендіруінің түрлі тəсілдері қолданылады. «Жасыл топ» аталатын  санатты тəуекел дəрежесі төмен салық төлеушілер құрайды.  Оларға тексерулер жүргізілмейді, есеп тапсыру, берешекті төлеу мерзімдерін өзгерту түріндегі босаңсыту, көлбеу мониторинг жүргізуге қатысу мүмкіндігі жəне тағы басқалар қаралатын болады. Тəуекел дəрежесі орташа топқа əкімшілендірудің орташа тетіктері қолданылады, хабарлама жіберіледі, орындалмаған жағдайда салық бақылауы шаралары жүзеге асырылады. «Қызыл аймаққа» тəуекел дəрежесі жоғары салық төлеушілер жатады. Мұнда  оларға ерекше назар аударылады жəне салық міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамаған жағдайда мемлекеттік кіріс органдары әрекет ететін болады.

Салық өзгерістеріне қатысты туындаған сауалдарға мамандар тарапынан жауаптар қайтарылды. Қайсыбір сұрақтардың жауабы Салық комитетінің сайтында жарияланатын болады.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button