Жаңа орталық – тың мүмкіндіктер

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға айрықша көңіл бөліп, қаржы бағыттап келеді. Жуырда студенттерге жаңа 2019-2020 оқу жылында ерекше тарту жасап, университет кампусы аумағында Жастар орталығы мен «Жастар» аллеясы пайдалануға берілді. Орталықтың тұсаукесер рәсіміне мемлекеттік органдар басшылары, ҚарМУ басшылығы, оқытушылары, ғалымдар және студенттер қатысты.

Шараның салтанатты ашылу рәсімінде облыстық білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев сөз сөйлеп, студенттерге жаңа оқу жылында сәттілік тіледі. Университеттің биология-география факультетінің IV курс студенті, «ҚарМУ-2019» жыл студенті байқауының жеңімпазы Наргиз Рахымкерей құттықтау сөз сөйлеп, орталыққа естелікке кітап тапсырды. Студенттер мың бұрала би билеп, әуелете ән салды.

ҚарМУ ректорының міндетін атқарушы Ержар Ыбышев пен облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Нұржан Жетпісбаев жаңа орталықтың лентасын қиып, қонақтар мен студенттер онда орнатылған жаңа технологиялардың қыр-сырына қанық болды.

«Жастар» аллеясында қарбаласқа толы оқу күнінен кейін студенттердің демала отырып, бой сергітіп, серуендеуіне бар мүмкіндік қарастырылғаны қуантады. Сонымен қатар, тегін Wi-Fi желісі бар демалыс аймақтарымен жабдықталған. Спорт әуесқойлары үшін футбол алаңы соңғы үлгіде жасақталыпты.

Жастар орталығы студенттердің бос уақытын тиімді өткізіп, демалуына кең мүмкіндік береді. Аталған нысан ішінде конференц-зал, заманауи компьютерлік технологиялармен жабдықталған коворкинг алаңы, кофе-брейк пішіміндегі дәмхана орналасқан.

ҚарМУ-дің оқу ісі жөніндегі проректоры Бекболат Нүсіпбековтің айтуынша, жоба Жастар жылы аясында олардың спорттағы дәрежелерін арттыру, оқуға деген талап-жігерін қолдау мақсатында қолға алынған және мұнымен тоқтамай жалғасын табады.

Жатақханаларда оқу мен өмір сүруге қолайлы жағдайлар жасалып, жаңа оқу жылына орай жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сыйымдылығы арттырылып, тұрғын-үй жағдайлары жақсарыпты. Студенттердің саны жылдан-жылға артып келе жатқандықтан, қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін келесі жылы 500 орындық заманауи жаңа жатақхананың құрылысы жоспарлануда.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Қарағанды мемлекеттік университетінде білім алушылар мен қызметкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. ҚарМУ-дың IT мамандары арқылы қызметтің 10-нан астам түріне онлайн өтініш жіберу мүмкіндігін қамтитын портал құрылды.

Шара барысында қонақтар университет факультеттерінің жетістіктерінен жасақталған көрмені, ғылыми орталықтар мен институттардың көрмесін және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша шет тілдерінен аударылған жаңа 100 кітаптың көрмесін тамашалады.

Сондай-ақ, осы күні университеттің бас ғимаратында IT-құзыреттілік орталығы пайдалануға берілді. Оның қызметі адами капиталды дамытуға және студенттердің IT-технологиялары саласындағы сауаттылығын арттыруға, сонымен қатар smart-мамандарды даярлауға бағытталған. Орталық ақпараттық технологиялар саласында қызмет ететін кәсіпорындармен, компаниялар және ұйымдармен өзара әрекеттесу мүмкіндіктеріне ие және дарынды студент жастар үшін біртұтас алаң ретінде әрекет етеді.

5 аймақтан тұратын орталықта ғылыми жобалау және демалу алаңы, робототехникамен айналысу, макеттер жасау, жиындар өткізу және халыққа қажетті мамандықтарды қосымша игеріп, жұмысқа орналасуға да мүмкіндік бар. Білімімді толықтырамын деген жасқа бәрі бар. Жастар орталығында түстен кейін бос уақыттарын тиімді өткізсе, мұнда таңертеңгі уақытта да келулеріне болады, – дейді орталық жетекшісі Жәнібек Жартай.

Жәлел ШАЛҚАР.