Бас тақырыпРуханият

Жаңа есімдер жарияланады

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында өткен жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы өз мәресіне жетіп, бүкіл қазақстандықтар елімізге еңбегі сіңген жаңа есімдерді анықтаған болатын. Өткен жылы аталмыш жобаға облыстан 194 өтініш жолданған. Соның ішінде қарағандылық 7 есім – республикалық деңгейдегі «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы деп танылды. Биыл жобаның ІІ кезеңіне іріктеу бойынша қатысушылардан өтінім қабылдау басталды.

Бұл туралы кеше Кәсіподақтар үйінде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы аясында өткен жиында айтылды. Облыстың ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлнара Қасембаева «республиканың әр аймағында өзіндік «100 есім» болуы керек. Облыс тұрғындары аталмыш жобадан шет қалмай, бір адамдай атсалысқаны жөн» деп атап өтті.

 Жобаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, биыл үкіметтік емес ұйым өкілдері жаңа «жүздікке» азаматтарды ұсына алатын болды. Сондай-ақ, биыл жобаға жасы 18-ге толған, әр сала бойынша өзінің жеткен жетістіктерімен мақтана алатын азаматтар қатыса алады. Мәселен, өткен жылы осы азаматтар өздерін жеке тұлға ретінде ұсынған болса, биыл ол азаматтарды кез келген ұйым өзінің атынан ұсына алатын болады.

 Айта кеткен жөн, аталмыш жоба жеке адамды жарнамаламайды. Оның абыройын асқақтату мақсатын да көздемейді. Керісінше, еңбегін сөзбен емес, іспен дәлелдеп, өзгелерге үлгі болып жүрген азаматтарды тарих бетіне шығару мақсатында қолға алынған.

 Бұл туралы Мемлекет басшысының мақаласында «Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небары 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ. Дегенмен, осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр…», – делінген.

Елбасының сөзін алға тартқан жиынға қатысушы кәсіподақ өкілдері «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына бейбіт заман батырларының есімін ұсыну керек екенін тілге тиек етті.

Мәселен, ардагер әкелерін өздеріне үлгі қылатын тәуелсіз елдің жастары өсіп келеді. Сондықтан, «облыстағы Ардагерлер кеңесі көпке үлгі болған сондай азаматтардың есімін жобаға ұсынғаны жөн» деді кәсіподақ өкілдері.

 Сондай-ақ, тізімге кәмелеттік жасқа толған қоғамдағы барлық саланың өкілдері: дәрігерлер, кәсіпкерлер, ғалымдар, мұғалімдер, спортшылар, өнер қайраткерлері және өзге де салада өнегелі еңбек етіп жүрген адамдар қосыла алады. Олар жоба аясында өздерінің өмірбаянымен қатар, қызмет саласында ел имиджін қалыптастыруға септігін тигізетін жетістіктерін көрсетуі тиіс. Түрлі салалардағы табыстары мен жетістіктерінің болуы да «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енуге көп мүмкіндік береді. Ел дамуына қосқан нақты үлесінің болуы да жобаның басты талаптарының бірі.

Ал, жобаның басты жетістігі – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енгендердің есімі әрбір қазақстандықтың санасында жатталып, өскелең ұрпаққа үлгі болып қалатындығы. Оған қоса, жаңа есімдер БАҚ беттерінде жарияланып, телеарналардан жиі көрсетіліп тұратын болады. Жеңімпаздар халықпен кездесулер өткізеді.

Қазіргі таңда «100esim.el.kz» порталында қатысушылардан өтінім қабылдау басталып кетті. Өтінім қабылдау қазан айының ортасына дейін жалғасады. Қазақстандықтар ел дамуына елеулі еңбек сіңіріп жүрген отандастарының жүздігін онлайн дауыс беру арқылы таңдайды.

Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button