Бас тақырыпРуханият

Жаңа дәуір әдебиеті немесе жас қаламгерлер қарымы

19-20 қыркүйек күндері Қарағандыда алғаш рет республикалық жас ақын-жазушылар форумы өтті. Мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығы аясында ұйымдастырылған игі шараға облыс әкімдігі қолдау көрсетіп, облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы ұйытқы болды.

Аймақ ақындарының антоло гиясы жарық көреді

Екі күнге созылған еңселі жиынның ашылу салтанаты облыс орталығындағы Достық үйінде қанат жайды. Айта кетейік, бұдан бұрын осы ғимараттың фойесінде қатысушылар жас-ақын жазушылардың кітап көрмесімен танысқан болатын. Еліміздің түпкір-түпкірінен ат басын бұрған жас ақын-жазушылардан бөлек, форум жұмысына Исраил Сапарбай, Серік Ақсұңқар-ұлы, Ғалым Жайлыбай, Жүрсін Ерман, Абзал Бөкен, Гүлнар Салықбай, Маралтай Райымбекұлы, Дидар Амантай, Бақытжан Алдияр, Бақыт Беделхан, Әлия Дәулетбаева, Ерлан Жүніс, Танакөз Толқынқызы, Алмас Темірбай, Дәулеткерей Кәпұлы, Бағдат Мүбәрак, Қайрат Асқаров, Аягүл Мантай сынды қарымды қаламгерлер қатысты. Сондай-ақ, «Егемен Қазақстан» газетінің Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат Арқа төріне арнайы ат басын бұрыпты.

– Бұл форум – ұрпақаралық сабақтастықтың бірегей нышаны. Бүгін біз қазақ әдебиетінің қазіргі жағдайы мен даму жолдарын талқылау үшін жиналып отырмыз. Әдебиет – бұл халықтың төлқұжаты. ХХ ғасырдың екінші жартысы қазақ әдебиетінің «алтын ғасыры» болғаны белгілі. Ақын-жазушылардың шығармашылығы соғыстан кейін халықтың рухын көтеруге көмектесті. Сол жылдары М.Әуезов «Абай жолын» жазды. Содан бастап ұлы қазақ ойшылын бүкіл әлем танып, білді. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы қазақ халқы тарихын басқа қырынан көрсетті, – деді облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.

Өз сөзінде, аймақ басшысының орынбасары кітапқа деген құмарлықты балабақшадан, бастауыш сыныптардан бастау қажеттігін алға тартты. Қазіргі жас ақын-жазушылар оқырман сұранысына сай, балалар қызығып, іздеп оқитын туындыларды дүниеге әкелу керектігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, облыс әкімінің бастамасы негізінде жас қаламгерлерді қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынғанын жеткізді. Мәселен, аймақ қаламгерлерінің 3 тілге тәржімаланған туындыларынан арнайы антология әзірленуде. Бұдан бөлек, Қазастан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалына кеңсе берілді.

Жас қаламгерлер Жазушылар одағының құрамына қабылданды

Жоғарыда айтып өткеніміздей, қаламгерлер форумында сөз өнерінің кіл асылдары бас қосқан болатын. Соның бірі – Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан. Алатау баурайынан ат шалдырған қазақ ақыны мінберде сөз сөйлеп, Одақтың басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің құттықтау хатын жеткізді. Сондай-ақ, ұлттық әдебиеттің көсегесін көгертіп, мерейін үстем етем деген жастарды Одақ мүшелігіне қабылдады. Арнайы комиссияның іріктеуінен, секретариаттың сараптауынан өткен бұл жас қаламгерлердің қатарында жерлесіміз Жанат Жаңқашұлы, елордалық Олжас Қасым, керекулік (Павлодар облысы) Амантай Жарқынбек және қостанайлық Абылай Мауданов бар.

– «Рух» дегеніміз жүректе болуы тиіс. Ол – адамның жан дүниесі. Біз оны дұрыс түсінуіміз керек. Бұл бүкіл халықтың рухани жаңғыруын білдіреді. Бүгін, өкінішке орай, көптеген адамдар тек материалдық тұрғыда ойлайды. Бірақ, рухани дүние туралы да ұмытуға болмайды. Жақында Нұр-Сұлтанда Азия елдері жазушыларының үлкен форумы өтті. Бүгінгі форум соның лайықты жалғасы. Әдебиетшілердің уақытылы ұйымдастырылған және қажетті кездесуі. Біз бірге заманауи әдебиеттің болашағын анықтай аламыз деп ойлаймын, – деді ақын-жазушы, драматург Исраил Сапарбай.

Алқалы жиында сөз алғандар қатарында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы да ақтарылып сөйледі.

– Әдебиетте де, өмірде де ағыстар, толқындар болады. Соның ең кереметі – кейінгі толқын, жас буын. Кешеден бері Қарағандыда Халықаралық ақындар айтысы өтіп жатыр. Бүгін, міне, жас-ақын жазушылардың республикалық форумы басталды. Алдағы күні «Абай оқулары» қанат қағады. Әдебиетке келген адам тап-таза, мөп-мөлдір қалпында келуі керек. Дүниедегі әр халықтың өз құпиясы болады. Біздің құпиямыз – қара өлең, – деді Серік Ақсұңқарұлы.

Дүниеде қара өлеңдей ұлы құбылыс жоғын жеткізіп, жырдан шашу шашты. Бұдан соң сахнаға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі көтерілді.

– Сұлулық пен ұлылықтың символына айналған Сәкеннің тойы – қазақтың тойы. Сондықтан, Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген жас қаламгерлер форумының өтуі өте орынды. Той тойлау үшін емес, ойлау үшін керек. Бүгін «сыр сандықтың» ашылатын күні ғой деп ойлаймын. Себебі, осындай жиын-форумдар ойласу, кеңесу, ой жарыстыру үшін қажет. Кейде «форумдар не үшін қажет?» деп жатады. Ол ең алдымен бір-бірімізді көріп, пікірлесу үшін маңызды. Кезінде Алаш әдебиетін Мағжан, Сәкен, Ілияс сынды қылшылдап тұрған жастар жасаған болатын. Сондықтан, аға буын өкілдері жастарға зор сенім артады – деді Дархан Қыдырәлі.

Форумның ашылу салтанатында Жақсыгелді Кемалов, Сейіл Аяған, Сержан Мұсайын, Дәуренбек Әркенов сынды орындаушылар мен «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі ән мен күйден шашу шашты. Ашылу салтанатын өнер көшіне ерген қарағандылық жас ақын Абзал Мақаш жалынды жырымен түйіндеді.

 Бұдан соң форум жұмысы осы ғимаратта «Қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің бет-бейнесі және ролі» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысымен жалғасты. Мұнда қаламгерлер қазақ әдебиетінің болашағына қатысты пікірлерін білдіріп, түйткілді мәселелердің түйінін тарқатты. Алдағы жоспарларға тоқталды. Ортаға орамды ой тасталып, түрлі ұсыныстар қатысушылар талқысына түсті. Жаңа дәуір әдебиетінің даму үдерісі тілге тиек етіліп, салиқалы сын мектебін қалыптастыру мәселесі де айтылды.

Қос ақынның жинағы қол ға тиеді

Түс ауа бағдарламаға сәйкес, 2 секция бойынша семинар-тренинг өз жұмысын бастады. Онда «Қазіргі заманғы поэзия» және «Қазақ әдебиетінің әлемдік аренадағы орны және ролі» тақырыптары семинар жұмысының өзегіне айналды. Біз Исраил Сапарбай бастап, Дидар Амантай, Ерлан Жүніс, Әлия Дәулетбаева, Танакөз Толқынқызы, Бақытжан Алдияр, Бағдат Мүбәрак қостаған секцияға қатысқан болатынбыз. Мұнда жас ақындар өз өлеңдерін оқып, аға буынның сын-пікіріне, келелі кеңесіне құлақ түрді. Қуанарлық жайт, семинар жұмысының нәтижесі ретінде семейлік Бауыржан Игілік және маңғыстаулық Еділбек Дүйсен есімді қос ақынның тырнақалды туындылары алғаш рет кітап болып жарық көретінін сүйіншілегіміз келеді.

Бұл жинақтардың оқырманға жол тартуына ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков пен облыстық мәслихаттың депутаты, өнер жанашыры Бекзат Алтынбеков демеушілік ететін де тілге тиек ету қажет. Сөйтіп, форум жұмысының алғашқы күні «Достар әлемі» қонақ үй кешенінде өткен жас ақын-жазушылар арасындағы спорттық жарыспен түйінделді.

Оқырман қауым қаламгерлермен кез десті

 Келелі шараның келісті бағдарламасы келесі күні де қатысушыларды қызықтырмай қойған жоқ. Жас қаламгерлер Қарағандыдағы Абай мен Қасымның ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, қазақ сөз өнеріндегі қос алыптың рухына тағзым етті. Бұдан соң Шахтинск қаласына іргелес Долинка кентінде орналасқан саяси-қуғын сүргін құрбандарын еске алу музейіне табан тіреді.

Түс ауа ақын-жазушылар облыс орталығындағы Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ, ҚарМТУ, ҚЭУ, ҚМУ, «Болашақ» академиясы, ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы сынды жоғары оқу орындарда ойлы оқырмандарымен қауышып, кездесулер ұйымдастырылды.

Сөйтіп, форумға қатысушылардың кеншілер қаласындағы сапары Қарағандыдағы орталық мәдениет және демалыс саябағында ұйымдастырылып, Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған гала-концертте түйінделді.

Рауан ҚАБИДОЛДА,

“Ortalyq Qazaqstan”

Басқа материалдар

Back to top button