Жаңалықтар

Жаңа белеске бастар жол

«Бүгінде дүниежүзі төртінші өнеркәсіптік революция қарсаңында тұр. Өмірге жаңа технология – қоғамның көп саласын цифрландыру технологиясы келді. Бұл дамудың жаңа мүмкіндіктерін тиімді қолданудың заман талабына сай үдерісіне келіп тіреледі, біз оған дайын болуымыз керек. Әлем елдері де цифрлық технологияға бет алды. Инновация мен жылдамдық қазіргі әлемде бәсекеге қабілеттіліктің басты белгісі. Сондықтан әлемдегі өзгерістерден қалыспау бүгінгі таңда көштен қалмаудағы ең маңызды шарт болып табылады».

Президент Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауы мен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы еліміздің дамуындағы жаңа белеске бастар жолдың айқын айғағы.
Цифрландыру – бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуды және халқының тұрмыс сапасын жақсартуды бағытқа алған мемлекеттердің барлығы ұстанатын жаһандық үрдіс. Мұнда бес стратегиялық бағыт бойынша нақты іс-әрекеттердің алгоритмі көрініс тапқан, өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да маңызды бағыттардың барлығы қамтылған.
Бірінші бағыт – экономика салаларын цифрландыру. Бұл дегеніміз инновациялық технологиялар мен интеллектуалды жүйелер экономиканың барлық салаларына енгізіліп, ол өнімділіктің өсуіне және халықаралық деңгейде бәсекелестіктің артуы арқылы экономиканың дамуына серпін беретінін білдіреді.
Бірінші бағытты жүзеге асыруға отандық ІТ-компаниялар мен ғылыми орталықтардың өзара байланысы мен бірлескен жобаларының тиімділігі зор. Бұл шара мамандарға өздерінің технологияларын іс жүзінде қолдану үшін жақсы мүмкіндік болып табылады. Осы орайда білім беру-ғылым-өндіріс интеграциясының әлемнің дамыған елдерінің жетістікке жетудегі басты артықшылықтарының бірі болғанын айта кеткен жөн.
Екінші бағыт – цифрлы мемлекетке өту. Бұл үдерісті суреттеу өте оңай: қағаз түріндегі құжат айналымын азайтып, халық пен бизнеске барынша аз мерзім ішінде қызмет көрсету. Оған мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін ықпалдастыру арқылы қол жеткізіледі.
Әзірге мемлекеттік қызмет түрлерінің төрттен бір бөлігі ғана электронды форматта ұсынылады. «Қағазсыз технология» бойынша мемлекеттік қызметтердің 80% тек қана электронды форматта ұсынылатын болады.
Мемлекеттік органдардың ішкі үдерістерін автоматтандыруда, мысалы, стратегиялық және бюджеттік жоспарлауда, жер және минералды ресурстарды басқаруда, сондай-ақ, импорттық-экспорттық операцияларды басқаруда айтарлықтай ілгерілеу болады. «Бір терезе» және интеллектуалды көлік жүйесі сынды жүйелерді енгізу адами факторларды азайтуға, барлық үдерістерді жеделдетуге және оның ашық болуына бағытталған.
Үшінші бағыт – цифрландырылған Жібек жолын жүзеге асыру. Ол екі түрлі жолмен жүргізіледі – біріншіден кең жолақты жаһандық желілерге қосылу инфрақұрылымын дамыту және қорғалған алмасу мәселесімен байланысты. Ауылдық елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету керек. Бұл орайда 1200-ден астам ауылдық елді мекенге мемлекет-жекеменшік әріптестігі схемасы бойынша талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарланған. Осылайша 2,1 миллионнан астам адам жоғарғы жылдамдықты интернетке қосылуға техникалық мүмкіндік алады. Барлық аудан орталықтарында жаңа буындағы ұялы инфрақұрылым пайда болады; екіншіден жаңа білім беру бағдарламаларын: ақпараттық қауіпсіздіктегі криптоталдау және аудит, ақпаратты қорғаудың аппараттық құралдарын, компьютерлік қауіпсіздікті дамыту болып табылады.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының басты бағыттарының бірі – адам капиталын дамыту. Бұл – халықтың жоғары интелекттік, кәсіби потенциалын көтерудің алғышарты. Жаңа идеяға ұмтылған, техникалық және технологиялық білімдерді игерген, жоғары технологиялық жобаларды құрастырып, бизнесті ұйымдастыру компетенцияларын жетік меңгерген отансүйгіш жаңа буын қалыптастыру – бүгінгі білім беру саласындағы басты бағыттардың бірі. Осы мақсатты жүзеге асырудағы жоғары оқу орындарының ролі өте маңызды.
Талантты жастарды дамыту және қолдау мақсатында қазірдің өзінде тұрақты түрде хакатондар, олимпиадалар мен конкурстар ұйымдастырылып, роботты техника мен бағдарламалау бойынша түрлі үйірмелер ашылуда. Елді мекендерде тұрғындар, оның ішінде жұмыссыздар сұранысқа ие цифрлық машықтарға оқытылатын болады.
Бесінші бағыт – инновациялық экожүйе қалыптастыру – қолға алынған технологиялық стартап-жобалардың қатарын көбейту және оларды капиталдандыру. Инновациялық экожүйе қазіргі технопарктердің, венчурлық қорлардың, ғылыми-зерттеу институттары мен ЖОО-лардың базасында қалыптасатын болады. Бұл орта жаңа идеяларды, технологияларды, цифрлы шешімдерді шоғырландыруды, сондай-ақ шетелдерде IT жобалармен айналысатын талантты жастарды белсенді түрде тартуды қамтамасыз етеді.
Бұл дегеніміз идеяшыл адамдардың-технологиялық кәсіпкерлердің батыл жобаларын жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсету. Бүгінгі таңда әлемдік IT индустрияның алыптары – Apple, Google, Facebook – бұрын жаңадан іс бастаған кәсіпкерлер болатын. Олар инновациялық экожүйеде жасалған жағдайларды тиімді пайдалана отырып, идеядан алып трансұлттық корпорация құра алады. Енді бізде де еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға әрі азаматтарға өз мүмкіндіктерін іс жүзіне асыруға зор мүмкіндіктер жасалады.
Цифрландыру үдерісіндегі бірегей ынтымақтастық алаңын халықаралық интеграция аясында құру мәселесі жөнінде Алматы төрінде өткен «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» халықаралық форумының маңызы зор. Цифрландыру жүйесінің сан саласындағы негізгі тақырыптарды саралап берген алқалы жиынға Еуразиялық экономикалық одақтық алты мемлекеттерінің үкімет басшылары мен әлем елдерінің IT саласындағы жетекші мамандары қатысты.
Қазіргі кезде айрықша маңызды мәселелердің бірі – латын жазуына көшу. Ел тарихындағы мұндай маңызды қадам қазақ тілінің мәртебесін көтерумен қатар заманауи ғаламдық технологиялық үдерістерден отандық ғылым мен білімнің, өндіріс пен қоғамның қалыс қалмауын қамтамасыз етеді. Латын графикасына көшумен қазақ тіліндегі компьютерлік терминологияның бір ізге келетініне, жастардың компьютерлік ғылымдарды игеруде қолайлылық танытатынына, жалпы қоғамның барлық қызмет ету салаларын қазақ тілінде цифрландырудағы айрықша роліне сенім мол.
Компьютерлік технологияларға, интернет жүйесіне көшкеннен бері кириллицадағы жеті-сегіз әріптің машақаты зор болып тұр. Бір компьютерде терілген мәтінді келесісі «жатырқап» оқымайды. Электрондық пошта арқылы шет елдерде тұратын бауырларымызға хат-хабар жолдау үшін қазірдің өзінде латын әрпін қолданып келеміз.
Тіл мәселесіндегі қиыншылықтарға көз жеткізген сайын латын жазуының артықшылықтары бой оздыруда. Ең алдымен, тәуелсіздікпен қабат келіп, өмірімізге етене еніп кеткен компьютер көпке дейін қазақша сөйлемеді. Қазақша «драйвер» жасағаннан кейін қазақы тоғыз таңбамызды компьютер пернетақтасының үстіңгі жолына қондырдық, бірақ ол пернелерді бұрынғы өзіндік қызметінен ажыраттық. Сонымен қатар, пернедегі әріптердің орналасуы тілдегі дыбыстардың іргелес келу заңдылықтарына сәйкес қондырылмаған, сондықтан компьютерде теру баяулайды.
Компьютердің мүмкіндігін толық пайдалана алмай отырмыз. Ондағы көптеген бағдарламалар толық жүзеге аспауда. Қазақ қаріптерін танитын жетілдірілген бағдарлама әзір жоқтың қасы. Қазақ тіліндегі интернет пен электрондық пошта да ойдағыдай жұмыс істемейді.
Қазақ жазуының компьютерлік технологиялар тіліне еркін ілесе алмауы тілдің мәртебесін өз мәнінде көтеруге мүмкіндік бермей отыр. Латын әліпбиі осы мәселені түбегейлі шешер еді, бұл тұста басқа әліпбилер латын жазуымен бәсекелесе алмайды. Латын қарпіне көшу озық инновациялар мен жаңа технологияға бір табан жақындатудың белгісі.
Қарағанды экономикалық университетінде «Цифрлық Қазақсан» жобасын жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралар жоспары құрылып, университет қызметін толықтай цифрландыруға бет бұрылды. Осы бағытта кафедралық ғылыми тақырыптар аясында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа жобалар құрылмақ. Сонымен қатар жаңа цифрлық экономикадағы еңбек нарығының талаптарына сай кадрлар дайындау мақсатында «ІТ-қаржы», «ІТ-кәсіпкерлік», «Жобалық-инновациялық менеджмент», «Медиа құқықтық қамтамасыз ету және ІТ технологиялар», «International Business» сияқты жаңа білім беру бағдарламалары құрылуда. Студенттердің цифрлық компетенцияларын қалыптастыруда барлық мамандықтар бойынша білім беру бағдарламаларына «Қолдану салалары бойынша цифрлық технологиялар» модулі енгізілді. Студенттердің цифрлық компетенцияларын қалыптастыру – болашақ қызмет етудің түрлі салаларында инфокоммуникациялық технологияларды тиімді, сенімді әрі қауіпсіз түрде таңдап, қолдануды, қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша жаңа «Экономикадағы цифрлық инжинирнг», «Цифрлық дизайн»; «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша «Web-құрастыру» мен «Мобильді цифрлық технологиялар» білім беру бағыттары құрылған.
Егемен Қазақстанның жаңа цифрлық технологиялар дәуірінде әлемнің дамыған елдерінің қатарына енудің бірден-бір көрсеткіші – экономиканың инновациялар мен жоғары технологиялар экспортына бет бұруы. Экспортқа бағытталған отандық жоғары технологиялық өнім өндіру үшін жас ұрпақтың жаңа білімдер игеруі, соның ішінде ІТ-технологиялар мен адамның қызмет етуінің түрлі салаларындағы білімдерді ұштастыра меңгеруі заман талабы.

Қанағат ДҮЙСЕКЕЕВ,
Қазтұтынуодағы
Қарағанды экономикалық
университетінің
ақпараттық-есептеу жүйелері кафедрасының меңгерушісі,
техника ғылымдарының
кандидаты.
Сәрсен АЯЖАНОВ,
Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің
ақпараттық-есептеу жүйелері кафедрасының профессоры,
экономика ғылымдарының кандидаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button