Жаңа қазақ жазуы: қанатқақты іс-шаралар

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы жобаларды іске асыруға бағытталған іс-шаралар Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде қарқынды түрде жүргізілуде. Соның бірі – қазақ жазуын латын графикасына ауыстырудың бастамасы ретінде «Қазақ жазуын латын графикасына аудару» атты орталықтың жұмыс істей бастауы. Болашақта жаңа қазақ әліпбиіне көшуге қатысты іс-шаралар осы орталық арқылы іске аспақ.

Әліпби бекітілгеннен кейін ендігі мәселе – емле ережелері. Осы уақытқа дейін қолданылып жүрген орыс графикасы негізіндегі қазақ әліпбиімен салыстырғанда емле ережелерінің өзгеретіні, азаятыны белгілі, себебі, басы артық әріптер алынып тасталды. Осыған орай, алдыңғы әліпбимен салыстырғанда әріп санының қысқарғандығынан емле ережелеріне қатысты сұрақ көп туындап жатқаны көпшілікке аян.

Қазақ жазуын латын графикасына аудару орталығының басты мақсаты – жаңа әліпбилі қазақ жазуын жүзеге асыру. Осының аясында профессор-оқытушылар құрамы латын әліпбиінің маңызын, қажеттілігін барынша түсіндіру, жаңа қазақ жазуын қолданысқа енгізудің негізгі мәселелерін халыққа жеткізу мақсатында әртүрлі дәрежедегі семинарлар, дөңгелек үстелдер, конференцияларға ат салысуда.

Атап айтсақ, «Қазақ жазуының жаңа белесі» атты дөңгелек үстелде қазақ жазуының тарихы, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруде орфография мен орфоэпия ережелеріне қатысты ұсыныстар, латын әліпбиін үйрету және оқыту әдістемесінің оңтайлы жақтарына арналған пікірлер жан-жақты талқыланса, ҚарМУ-дың филология факультетінің профессор-оқытушылар құрамы, Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп, №92 гимназия, №101 мектеп-лицейі, №41 мектеп, Қарағанды гуманитарлық колледжі білім беру мекемелерінің өкілдері қатысқан семинарда да өзекті мәселелер күн тәртібінде болды.

ЖОО оқытушыларының біліктілігін арттыру мақсатында ҚарМУ-дың профессор-оқытушылар құрамының қазақ жазуының тарихына арналған 36 сағаттық дәрісте рухани жаңғыру ықпалында ұлттық әдеби мұраға жаңаша көзқарас, латын графикасына негізделген қазақ жазуы және емле ережелеріне қатысты ұсыныстар айтылып, жаңа қазақ жазуына қатысты мәселелер тыңдаушылардың қызығушылығын одан әрі арттырды.

Ш.Шаяхметов атындағы «ТілҚазына» ұлттық ғылыми орталығының ұйымдастыруымен өткен «Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиіне көшудің ғылыми-тәжірибелік негіздері» атты конференцияда қазақ емлесінің негізгі ережелеріне қатысты талқылауында еліміздің әр өңірінен келген ғалымдар латын негізді әліпбиге пікірлерін білдірген болатын. «Латын әліпбиін енгізудің ғылыми-ұйымдастырушылық міндеттері» атты семинар-кеңесте жаңа емле ережелерінің құрылымы мен мазмұны, емле ережесінің жобасын сынамадан өткізудің алғашқы кезең нәтижелері талқылау түрінде өтіп, жоғары оқу орындарына жіберілді. Осыған сәйкес, латын әліпбиі негізіндегі қазақ тілінің жаңа емле ережелері жобасын Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті Қазақ жазуын латын графикасына аудару орталығы мен қазақ тіл білімі кафедраларының бірлескен отырысында профессор-оқытушылар құрамы сараптама жасады. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми орталығына ұсынды.

Жаңа әліпбиді барынша меңгеру, түсіндіру жұмыстарын жандандыру мақсатында академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік универитеті Қазақ жазуын латын графикасына аудару орталығында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ғалымдарының қатысуымен «Жаңа қазақ жазуы және графика мәселесі» атты республикалық семинар өтіп, жаңа қазақ әліпбиі емле ережелерінің қағидаттары туралы пікір алмасу болды.

Семинар барысында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Орфография бөлімінің басшысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Құралай Күдеринованың «Жаңа қазақ әліпбиі негізіндегі емле ережелері жобасы: құрылымы қандай, ұстанымы неде?» тақырыбындағы дәрісі көпшіліктің қызығушылығын тудырып, қызу талқыланды. Ғалым өз дәрісінде жаңа емле ережелерін жасау барысында атқарылған іс-шараларға тоқтала келе, емле ережелерінің құрылымына, емле ұстанымына, жаңа емледегі жаңалықтарға, оның ішінде, дауысты, дауыссыз әріптерінің емлесіне, біріккен сөздер мен бас әріп емлесіне және кейбір кирилл әріптері мен шеттілдік сөздердің емлесіне жан-жақты сипаттама жасады. Тыңдаушылардың сұрақтарына толыққанды жауап бере отырып, қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері өңірлерге таратылатындығын, ұсыныс-пікірлер жинақталатындығын, ұсыныстар ескерілетіндігін, соңғы нұсқа Үкімет қаулысымен бекітілетіндігін түсіндірді.

Республикалық семинарға арнайы келген А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек «Кейінгі латын әліпбиінің оқу-әдістемелік талданымы» тақырыбындағы дәрісінде қазақ тілінің төл дыбыстарының құрамын ХІХ ғасырдан ХХ ғасырдың аяғына дейінгі аралықтағы ғалымдардың жіктеуі туралы айта келе, қазақ тілінің дауысты, дауыссыз дыбыстарының жасалу орны мен құрамы, жасалу тәсілі, дауыс қатысы, жасалу орны туралы жан-жақты сипаттама жасады, у[w] таңбасының академиялық жасалым-естілім анықтамасына, кірме таңбалардың дыбыс мәніне арнайы тоқталды.

Осындай игі істердің қатарында «Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Ресурстық тіл орталығы» КММ-мен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті Қазақ жазуын латын графикасына аудару орталығының 2018-2019 оқу жылына арналған бірлескен іс-шаралар жоспары жасалып, бастамасы ретінде «Пернетақтада жазып дағдыланамыз» атты еріктілер арасында диктант жазу акциясы өтті.

Осындай іс-шаралардың барлығы латын әліпбиіне көшудің қиындық туғызбайтынының дәлелі. Жаңа емле ережелері нақты түрде күшіне енгеннен кейін де қарқынды жұмыс атқарыла берері сөзсіз.

Мархаба ТҰРСЫНОВА, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, қазақ жазуын латын графикасына аудару орталығының жетекшісі.