Жаңалықтар

Жаңа алфавит: қазақты әлемге таныту

         Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын негізге ала отырып дөңгелек үстел өткізді. Қазақ тілі және Қазақстан мәдениеті кафедрасы ұйымдастырған «Латын әліпбиіне көшу: мәселелер мен міндеттер» тақырыбындағы шарада қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне байланысты мәселелер талқыланды.
Дөңгелек үстелге Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, профессор Ш.Мажитаева, әдебиеттанушы-ғалым Ж.Смағұлов, «Болашақ» академиясының профессоры, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Қ.Сембиев, саясаттанушы С.Мұстафин, облыстық кітапхана қызметкерлері және аталмыш оқу орнының студенттері қатысты.
– Елбасының латын графикасына көшу міндетін бәріміз қолдаймыз. Бұл қазақ тілінің, ұлттық мәдениетіміздің дамуына, экономикалық байланыстардың дамуына үлкен ықпалын тигізеді. Бұл – тарихтағы ұлы оқиға. Осы орайда, Қарағанды экономикалық университетінде латын графикасына көшу маңыздылығын студенттерге түсіндіру мақсатында әр түрлі семинарлар ұйымдастырылуда. Сонымен бірге, арнайы курстар өткізу де жоспарда, – дейді кафедра меңгерушісі Клара Қабатаева.
Дөңгелек үстел ашық пікір алмасу түрінде өтіп, қатысушылар өз пікірлерін білдірді. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалының аға оқытушысы, саясаттанушы С.Мұстафин Жер шарында 7 миллиард халық болса, олардың 3 миллиардқа жуығы латын қарпімен жазады дейді. Демек, латын қарпін енгізу – нарықтық жүйедегі бәсекелестіктің бір талабы. Сол себепті, қазақ тілін латын қарпіне толық көшіру Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктердің белесі болмақ.
Латын қарпін қабылдау арқылы түркі жұртының бірігуіне жол ашылады деген ой тастаған профессор Ш.Мажитаеваның пікірінше, жаңа қаріпті енгізу арқылы қазақ тіліне тән өзіндік дыбыстар қайта оралады. Кезінде, кириллицаны күштеп енгізген кері саясаттың салдарынан шынымен, қазақтың өзіне ғана тән дыбыстар жойылып кетті. Ал, енді жаңа алфавит арқылы біз тілімізді сақтап қана қоймай, әлемдік өркениетке кірігу мүмкіндігіне ие боламыз, – дейді қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі.
Ал, «Болашақ» академиясының профессоры Қ.Сембиев «Жапондықтар немесе кәрістер өздерінің тілдеріндегі терминді халықаралық терминге ұсынған жағдайда латын қарпінде ұсынады. Осы алфавит арқылы қазаққа ғана тән сөздерді халықаралық терминге ұсыну мүмкіндігі туып, әлем алдында ұлы ел екенімізді таныта аламыз. Жер шарындағы халықтардың алфавиттерінің құрылысы бірдей болып, тек, ұлт ерекшелігіне байланысты өзгерістердің болғаны дұрыс», – деген ой айтты.
Жалпы, дөңгелек үстелге қатысушылардың қазақ тілін латын қарпіне көшіруге байланысты пікірлері оң. Бұл – қолайлы болуымен қатар, материалдық тұрғыда да пайдалы, себебі, заман ағымына сәйкес, жер жүзі компьютер тілімен сөйлеп жатқанда, арнайы компьютерлік бағдарламаларды жасаудың өзі латын қарпінде оңай бола түспек.
– Бұл жаңашылдықты студенттер жағы да толық қолдап отыр. Аға буын өкілдері латын қарпін үйренеміз деп, талаптанып жатқанда, біз – жастар оны үйрене алмаймыз деуге ешқандай құқығымыз жоқ дейді, екінші курс студенті Сұңғат Тегіс.

Салтанат ИЛЬЯШОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button