«Жүректегі жыр-көктем…»

Әйелдердің халықаралық күні қарсаңында Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада өткен «Жүректегі жыр-көктем…» атты нәзік сезімге толы шығармашылық кеш шынайы мереке шуағына бөледі жұртты. Кеш иесі – Арқаның ақбөкен аруы, жанарына тылсым сыр ұялап, жүрегіне жыр тұнған жас ақын Эльмира САЙЛАУҚЫЗЫ. Ерекше форматта ұйымдастырылған шарада ақынның тырнақалды «Formula» кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.

Тағылымды кешке облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі, белгілі меценат Бекзат Алтынбеков, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Нұржан Жетпісбаев, ақжүрек ақын Қайрат Асқар бастаған сөз өнерінің майталмандары мен жыр жанашырлары қатысты.

Ақиқатын айту керек, бұл кеш талайды таң қалдырды. Сахнаның жаңашыл үлгіде безендірілуі де тәмам елді тамсантты.

Ерекше үлгіде, еркін түрде өткен кеште «Formula» жыр жинағының тұсауын Бекзат Алтынбеков пен ақынның ұстазы Бақытгүл Қойшыбекқызы кесті.

Жомарт пейілімен Алашқа танымал Бекзат Алтынбеков жаңа жинақтың жалпақ елге жетуіне ықпал ететінін айтып, ел көңілін марқайтты. Ал, ауылының үлкендері туған жерінде шығармашылық кешін өткізетіндерін мәлімдеді.

Іс-шараның тағы бір ерекшелігі – оны кеш иесінің шәкірттері, «Жыр-Жауһар» және «Ұлағат» шығармашыл клубтарының күлімкөз арулары ұйымдастырды. Бастан-аяқ өздері жүргізіп, нәзік туындыларын тебірене оқыды.

 «Жыр-Жауһар» поэзия клубының негізін қалап, қанат жаюына айтарлықтай еңбек сіңірген Эльмира Сайлауқызын Арқа жұрты жаңашыл бітімдегі мәдени іс-шаралардың бастамашысы, жас өрендердің көшбасшысы ретінде біледі. Клуб қабырғасында өтетін әр жиында оның ерекше қолтаңбасы бар.

 Кеш барысында жинақ авторы өз қаламынан туған жүрек тербер жырларын тебірене оқып, оқырманмен ашық сырласты. Көктен шуақ төгілген кезеңде, әлем жадырап, қайта ояна бастаған шақта өткен шара көпшіліктің көңіл қылын дөп басып, ғажайып күйге бөледі. Мәртебелі меймандар ақжарма тілектерін ақтарып, ақындар түйдектете жыр оқыды, әуелете ән шырқалды.

Өміріне өлеңді серік еткен арудың кіршіксіз жүрегі мен ақтұма пейілі әлі талай нәзік жырды дүниеге әкелері күмәнсіз.

Жәлел ШАЛҚАР