Жаңалықтар

Жөні бөлек, Жосығы ерек

Қазағыңыздың көрнекті ақыны Ғалым Жайлыбайды біз тобылғы торы талант деп атаймыз. Жазамыз. Дәл солай көз алдымызға келтіріп оқимыз. Елестетіп елеңдейміз. Тобылғы торы талант деп Ғалымдайын ғажап қаламгеріңіздің, бірегей бауырымыздың бүкіл болмыс-бітімін, тұтас тұрғы-тұрпатын, ағыл-тегіл ақындығын айтамыз. Қайран қазағыңызда аймүйіз ақындар бағзы замандарда да, күні кешелері де аз болмаған. Дәл бүгінгі кезенейлі кезеңде де кемшін соғып жатқан жоқ. Мың да бір шүкіршілік. Еменнің иір бұтағындай ерендері бар. Қарағайдың қарсы біткен бұтағындай кенендері бар. Жиде сынды жұпар шашқан шайырлар да жоқ емес. Сексеуілдейін селдірлер, мойылдайын мөлдірлер деп жалғастыра бермекке де болар, сірә. Ал, Арқаның төсін арда емген ақыныңыз Ғалым Жайлыбай тек тобылғыңызбен ғана табиғаттас, тектес, тағдырлас секілді сезіледі.

Ғалым бауырымыздың «Жанымның жапырақтары», «Жүрегімнің жұлдызы», «Құс қанаты», «Қарашығымдағы қара өлең», «Ардакүрең», «Тағдырымның тамыры» сияқты кітаптары шыққанда да көзіқарақты қазақтар қуанған. Түрлі басылымдарда бет-бет боп жырлары жарияланып жатсадағы бас алмай оқитындар баршылық. Ғалымның қалам қуаты, жаңаша көркемдік формуласы сиқырлай қармап, біржолата баурап алғандар аз емес.

Мінекеиіңіз, қазақ жырына осынша олжа салып, жырсүйер қауымды дала әуенімен әлдилеген тобылғы торы талант иесі топтан озған күйінде асқаралы 60-тың асқарына көтеріліпті. Мерейлі шағында ақын бауырымыздың өлең болып өрілген өрелі болмысына бір ғана “Тобылғыжарған” жинағы төңірегінде өрбіген ойларымызбен шолу жасап көрелік…

Ғалым Жайлыбайдың «Тобылғыжарғаны» жарық көргелі («Фолиант» баспасы. Астана, 2011 жыл) талай-талай тұлғалар тарапынан терең-терең тебіреніспен таразыланып келеді. Оның жаңа жинағы шынында да тобылғыжарғандай тың да тосын құбылыс болды. Жан-жақты жазғандардың, ақеділ ықылас білдіргендердің, білгірлікпен безбендеп, талғампаздықпен талдағандардың арасында жасы жоғарылаған сайын жорға ашатын қасиеті қайран қалдырар Серік Қирабаев сынды абызыңыз жүріпті. «Тобылғыжарғанға» таңдана тамсанып, әсіресе «Ақ сиса» поэмасына әсерленген әпкеміз, поэзия патшайымы Фариза Оңғарсынова еді. «Тобылғыжарған» сынды кітаптың кілтін көптен бері түркілік текпен ғана тыныстап, тіршілік ететін Темірхан Медетбектейін құрдасым да сыңғыр-сыңғыр сыршылдықпен бұраған. Ал, Амангелді Кеңшілікұлы баламыз болса, Ғалым ағасының дала жырларына Пушкиннің иығынан, Мұқағалидың миығынан, парасатты поэзияның биігінен баға бергені жадымызда жаңғырып-ақ тұрыпты. Соларды іздеп тауып, тағы да пайымдай парақтауға құмбылсыз.

«Ақындық рухтың күштілігі – автордың бойындағы биік қасиет. Ол талантпен, заман сабағымен, біліммен толысады. Осыны түсіну арқылы біз ақын құпиясына кіреміз, оның жазғандарын жанымызбен қабылдап, табиғатын тануға бір табан жақындаймыз. Ғалым бойында осындай ұлы ақындарда болатын қасиет бар», – дейді Серік Қирабаев ағамыз. Ал, Фариза әпкеміз бүй деген: «Ғалым ақынның әр өлеңі астарлы ой, тегеурінді теңеулерге толы. Ол қазақ жырына жаңа түр, жаңа мазмұн береміз деп он бір буын бір шумақтан ұйқасы мен ырғағына түсініп болмайтын балдыр-батпақ «өлең» жасап, проза ма, поэзия ма – белгісіз бір жолдарды бүгінгі заманның поэзиялық ұлы туындылары деп ұялмай-қызармай ұсынып жүргендер санатынан іргесін аулақ ұстайды». Қаламдас, қадамдас құрдас-дос Темірхан-түркі: «Мен Ғалым жырларының табиғатын көкірегінде қордаланып қалған шер мен шеменді қопарып тастайтын адуын күшке емес, сол шер мен шеменді сипалап отырып сылып алатын сиқырлы күшке ие шертпе күйге теңер едім. Шынында да, Ғалым Жайлыбай шығармалары – бүгінгі қазақ өлеңіндегі шертпе күй! Егіліп отырып ет-жүрегінді елжіретіп, шым-шымдап сыр төгіп отырып сүйегінді үгетін оның жырларындағы баппен қағылып, байыппен шертілетін әуенге құлақ қойсаңыз, олай демеске лажың қалмайды». Кеңшіліктейін тұлпарыңыздың тұяғы Амангелді: «Әдетте біз ақынға мінез керек деген сөзді жиі айтамыз. Дегенмен, кейде біздің ақындық мінезді есерсоқтықпен, дарақылықпен шатастырып жататын кездеріміз де бар-ау! Жасанды мінезге бой алдырып, қазақтың табиғатына мүлде жараспайтын рөл ойнап, жұртты жиіркендіріп жүрген ақындарды көргенде, өнердің құнын арзандатып жіберген замандастарың үшін еріксіз ұяласың. Алайда, адамгершілік туралы ұғымы өте биік, қазақ поэзиясында айшықты бояуы бар санаулы таланттарымыздың бірі Ғалым Жайлыбай ондай арзандықтан бойын аулақ ұстайтын, мүлде ерекше, мұлде бөлек жаратылған талант. Қашан көрсем де өз өлеңдерінен гөрі өзге бір ақынның жүрегінен туған жауһар жырларға балаша қуанып, жатқа соғып жүретін Ғалымның бойында тасқа тұнған теңіздің тамшысындай бір әдемі мөлдір тазалық пен қазақтың бәрін бауырына басып аймалағысы келіп тұратын даланың мінезіндей дархандық бар».

Төрт буынның талантты өкілдері өрнектеген толғамдардан осынау оймышты ойларды орталарыңызға әдейілеп салып отырмыз. Төрт тұлғаңыздың тереңнен тамыр тартқан, талант табиғатын таныған тұшымды тұжырымдары Ғалымдайын ғажайыбыңызды төрт құбыласынан түгел таныта ма? Танытқанда қандай! Айтөбелдігін, аймүйіздігін айшықтай ма? Айшықтағанда қандай! Академик ағамыз ақыныңыздың жаңашылдығын жайбағыстай жаймаласа, әділқазы әпкеміз әрбір өлеңінің өзегінен астарлы ой, тегеурінді теңеу табылатынына тәнтілік танытады. Білімпаз құрдасымыз қазақ прозасындағы шынайы шертпе күйшіңіз тылсым Тәкенге телінген теңеудің поэзиядағы тобылғы торы талантыңыз Ғалым Жайлыбайға һәм тән екенін тиектеп берсе, білгір баламыз шайырдың мінез байлығына, бар қазақты бауырына тартар кеңдігіне көңіл аударады.

Ғалым Жайлыбайдың жырлары хақында жазатындардың қай-қайсысы да «Жетім құлынға» және «Сарыарқа. «Протон» құлаған жыл» дейтін өлеңге тоқталмай өте алмайды. «Жетім құлынға» құлақ қойыңызшы. Ақын көзімен зер салыңызшы. «Айдарынан жел еспей кекілдінің, Еңку шалды еңіске екінді күн. «Протонның» уынан енесі өлген – Көлеңкеде жылайды жетім құлын. Тамылжыса таң нұры кие көрген, Бір-біріңе, қос мұңлық, сүйенер ме ең? Жетім құлын иесі – жесір әйел – Өз-өзіне қол жұмсап күйеуі өлген. Үміт жібі үзілсе – үгілер ең, Ғұмырыңның батпандай жүгіменен. Жетім құлын қаңғиды әр аулада, Жесір әйел жылайды түніменен.»

Заманның жегі желін, босағаның бос қалған желілерін, оншама ойлай бермейтін ауыл-аймақтың серілерін қылқобызша қозғаған, бұрын жылқышының баласы, өзі де жылқышы болған, бүгінде биік-биік белестерде жүрген Жайлыбайыңыздың жанын кеміретін кеселдер мен кесепаттар көп. Жетім құлын мен жесір әйел арқылы сұрапыл суреттер салатын суреткеріңіз: «Қайран ауыл! Құшағын жайған ана; Алладан нұр күтеді айдалада. Жетім құлын жетіліп – тарлан ашып; Арғымаққа, білмеймін, айнала ма?» деп аяқтайды.

Арқаның мұңы арқасына батқан ақын Сарыарқаға «Протон» құлаған жылды да жырламай, жыламай қала алмайды әрине. Бұл жыр – «Жетім құлынның» жалғасы.

Алашыңыздың ардақтысы Міржақып Дулатов қазақ дейтұғын жұрттың Табиғат-Анаға, жаратылыс жауһарларына, Әз Наурызға, Наурыз-мейрамды мерекелеуге етенелігін ерекше айтқан ғой. Ғалым Жайлыбайдың Табиғат-Ана турасындағы туындыларының табиғаты мен тылсымдарына қаныға түссеңіз, сол Міржақыптайын ағаңызбен алтын арқаудың, асыл арнаның жалғасып жатқанын аңғарасыз. Табиғат-Анамызды тоздырғанымыз туралы да, Туған жерімізді, Атамекенімізді соншалықты сүйетініміз хақында да жан-жүрек күйзелісімен және перзенттік махаббатпен, парасат нұрымен сәулелендіре жырлайтын Жайлыбайдың әрбір әдіпті де әдепті өлеңі жөнінде кең көсіліп кестелеу керек-ақ. Ондайды көлем көтермес. Мақаланы мәністеп отырыппыз.

«Елегізу. Дағдарыс жыры», «Ескі қорым», «Сынық арба», «Ай сынығы», «Ескі жұрт», «Қызылағаш, Қызылағаш», «Қап арқалап бара жатыр қыз бала», «Көшемін ертең…» сынды дүниелердің әрқайсысы ғана емес, әрбір шумағы, ой түйіндері, пікір көгендері, өмірдің өзін өруі мен тағдыр талқысын беруі қандай!

«Түрікменнің төрінде» топтамасы талай да талай ақындардың сапарнама шығармаларына ұқсамайды. «Жазираңда жалғандықтар үріккен; Нәзираңда көз жасым бар іріккен…Әндіәліптің қазақшасы бұлбұл құс; Бұтағыңа қонақтайын,түрікмен! Ләйлі-Мәжнүн…жанарында еріп нұр; Өлкеңізде ашқан кезде өрік гүл. Мақтым­құлы мұңын ішкен кестелеп; Ұлы Абайдың ұрпақтары келіп тұр!» деп бастайды-дағы, сорғалатады-ай. «Гүлрайхан», «Мақтымқұлы мақамы», «Ашғабатта», «Көне Үргеніш», «Сапар сазы» болып жалғаса береді. Осы түрікмен циклы мен «Гийом Аполлинерден аудармаларын» оқып отырып, Ғалым Жайлыбай сынды сұңғылаңыздың тек бар қазаққа ғана бауырмал емес, Абайыңызша айтқанда, «адамзаттың бәрін бауырым деп сүйер» жан екеніне көз жеткізесіз, көңіл сендіресіз.

«Тобылғыжарған» кітабы кілтінің келесі бір сыңғырлы бұрамасы махаббат мақамдарына еліттірер. «Сүмбіледегі сурет», «Ләйла қыз», «Бегімайдың әні», «Арыс жағасын» тыңдасам», «Күршімнің қызы», «Гүлмира», «Жаныма жақын жандайсың, жаным», «Көзімнің тұңғиығында», «Сенің көзің тұңғиық, тылсым әрі» сияқты өлеңдерді оқығанда елтімей, елеңдемей көріңіз. Бұлардың баршасы – тұңғиық та мұңғиық махаббат жырлары.

Академик Серік Қирабаев қисын¬дарына қайта оралсақ, ол кісінің түйіндеулеріне толық қосыламыз. «Өмірсүйгіш ақынның түпкі идеясы берік. Сөз өнері – Ғалымның ақындық рухы. Ол сол рухтың биіктігі үшін күреседі. Қиындыққа да, зорлыққа да оңайлықпен берілмейді. Өйткені, оның негізінде халықтың ерлік салты бар. Ақын арманы арнасын толтырып, жартастың толқындарын сүйеді…Ғалым өлеңдері – бүгінгі қазақ лирикасының жаңа беттері. Бізге керек өлең осы – бүгінгі өлең», дейді далаңыздың дархан дарыны хақында. Абызыңыз.

Алпыс деген асуыңызға алқынбай, асқақ абыройымен жеткен арда ақынның мерейтойы – қазақ жырының салтанатты сәті. Баршаңызға құтты болғай!

Мархабат БАЙҒҰТ,

жазушы, Халықаралық “Алаш” сыйлығының лауреаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button