Абай

Жұмыспен қамту – жіті назарда

Абай ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында әлеуметтік маңызға ие бірқатар нысандарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, тозған автокөлік жолдары мен су желілері қалпына келтіріледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданған бағдарламаның басты мақсаты – жұмыссыздықты жою. Ауданда жалпы құны 1 млрд. 362 млн. теңге болатын 42 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде 349 жаңа жұмыс орны ашылады. Оның 177-сіне тұрғындар аудандық жұмыспен қамту орталығының жолдамасы арқылы қабылданады. Қазіргі таңда 29 жоба бойынша мемлекеттік тапсырыс байқауы аяқталып, мердігерлер анықталды. Ал, өзге жобаларды кім жүзеге асыратыны жақын уақытта нақтыланады.

Жекелей алғанда, Абай қаласында, Вольный және Қараған елді мекендерінде 10 нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Білім беру нысандарына, мемлекеттік архив ғимаратына және ауыз су, жылу желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін 100 адам тартылып, 57 азамат жұмысқа орналасады.

Абай қалалық орталық ауруханасының қабылдау бөлімін қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Оны «АқЖол Қарағанды» ЖШС мойнына алған. Аудандық жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрған 19 азамат жұмысқа орналастырылды. Жоспар бойынша, жөндеу жұмыстары қыркүйек айында аяқталып, аурухана ел игілігіне берілуі тиіс. Сондай-ақ, Топардағы аудандық орталық аурухананың бас ғимараты да толық қалпына келтірілетін болды.

Қазіргі таңда «ЭтикетСтрой» ЖШС Абай қаласының Попович, Тельман, Энергетиктер, Қазақстан, Қарағанды және Мерей көшелеріндегі су желілерін жөндеу жұмыстарын бастап кетті. Оның жалпы ұзындығы – 2 360 шақырым. Бұл жобаны жүзеге асыру аясында 7 азамат жұмысқа орналасты.

Ауданға қарасты Дубовка және Есенгелді ауылдарының ахуалы да назардан тыс қалмады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Дубовка ауылында стадионсаябақты абаттандыру көзделіп отыр. Ал, Есенгелді ауылында орталық сквер қайта қалпына келтіріледі.

Аудан әкімдігі жоспарланған инфрақұрылымдық жобалардың тиімді жүзеге асуын және тұрғындардың жұмыспен қамтамасыз етілуін ұдайы бақылауда ұстап отыр.

Өз тілшімізден.

АБАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button