Жұмыс істеген жылдарды дәлелдеу мүмкін бе?

Биылғы жазда зейнеткерлікке шықтым. Зейнетақы тағайындау барысында менің 10.02.2005 — 25.09.2016ж.ж. аралығында «И.А.Сафронов» ЖК-де жұмыс жасаған уақытым толығымен есепке алынбапты. Өзімнің жұмыс істегенімді қалай дәлелдесем болады?

Валентина КОБЫЛЯЦКАЯ.

Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін беру кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде істеген еңбек өтілі және міндетті зейнетақы жарналары жүзеге асырылған кезең ескеріледі. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылы бекіткен «Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiн бюджет қаражаты есебiнен беру, сондай-ақ уәкілетті ұйымнан төленетін зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақыларды, мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды тағайындау және жүзеге асыру қағидалары» 6-2 тармақшасына сәйкес міндетті зейнетақы жарналары жүзеге асырылған кезең орталықтандырылған дерекқордағы міндетті зейнетақы жарналарын аудару туралы мәліметтермен расталады.

Міндетті зейнетақы жарналары толық және уақытылы аударылмаған жағдайларда міндетті зейнетақы жарналарын (олардың болуына қарай) жүзеге асыру кезеңдерін келесідей құжаттармен растауға болады:

– міндетті зейнетақы жарналары аударылған кезеңдер өтініш беруші еңбек өтілін растайтын құжаттарда көрсетілген еңбек қызметінің кезеңдеріне сәйкес келсе, осы Қағидаларға 3-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша міндетті зейнетақы жарналарын аудару туралы жұмыс берушінің (құқықтық мирасқордың) немесе архивтік мекеменің растау анықтамасы; міндетті зейнетақы жарналарын аудару кезеңдерін растайтын сот шешімі.

Сіз аталған ЖК жұмыс істеген кездегі уақытылы аударылмаған зейнетақы жарналарының кезеңдерін жоғарыда айтылған Қағиданың 3-1 қосымшасына сәйкес анықтама тапсыру арқылы дәлелдеп, мемлекеттік негізгі зейнетақыңызды қайта есептетуге құқылысыз.

Ләззат СЕМБЕК,

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің №1 зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бас маманы.