Жүкті әйел көлікте босанды

Ақтоғайлық фельдшер Баян ЫСҚАҚОВА аудан орталығынан Балқаш қаласындағы перзентханаға бара жатқан жолда жүкті әйелді жедел жәрдем көлігінің ішінде босандырып алды. Бүлдіршін Нарманбет селолық округіне қарасты Қарасу ауылының тұсында дүниеге келіпті.

  • Қан қысымының көрсеткіші дұрыс болмаған соң 43 жастағы келіншекті Балқаш қаласына жеткізу үшін жолға шықтық. Уақытынан бұрын толғағы жетті. Жағдай соны қажет еткендіктен, оны жедел жәрдем көлігінде босандыруыма тура келді. Сәтін салып, шұғыл көрсетілген медициналық көмектің нәтижесінде шақалақ дүние есігін аман-есен ашты. Фельдшер болып жұмыс істеген 29 жылдың ішінде талай нәрестенің кіндік шешесі атандым. Бірақ, ақтүтек боранда, құбажондағы жол үстінде бұл оқиға есімнен шықпайтын шығар, – дейді Баян Ысқақова.

Айы-күні жетпей туған сәби – жеті айлық, ер бала, салмағы – 2 келі, 370 грамм, бойы – 47 сантиметр. Дәрігер мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта ана мен баланың денсаулығы қалыпты. Оларға медициналық көмек талап деңгейінде көрсетілуде.

Нұрдос КӘРІМ.

АҚТОҒАЙ ауданы.