Өзгерістен қатты қорқатын пенделер бар

Үлкен өзеннің бойында бір балықшы өмір сүріпті. Жас күнінде күн көрісі тәп-тәуір болады. Кейіннен заман өзгеріп, жақсы күндер көрген түстей зу етіп өте шығады. Бұрынғыдай өзенде де қыруар балық жоқ. Балық аулайтын ауы ескіріп, қайығы тесіліп, жаңасын алуға қауқар жоқ, қысылтаяң шаққа кеп тірелген кезі екен. Балықшы таң атар-атпастан қайығын жөндеуден күнін бастайды. 

Бір күні балықшының үйіне құдайы қонақ боп бір қария келіп қонады. Балықшы барын беріп, төрге оздырып, қарияны шамасына қарай күтіп, бар ілтипатын көрсетеді. Таңертеңгісін кетуге жиналған қария үй иесіне алғысын қалай білдіргенім жөн деп сұрайды. Балықшы ел аралап жүрген қарттың үсті-басына бір қарап, жүдеу түріне қарап, оның да күнін әрең көріп жүрген біреу екенін бағамдайды. 

— Байқауымша, бармаған жерің, баспаған тауың жоқ секілді, көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра демеуші ме еді, ақсақал, алғысыңа жақсы ақыл айтсаң болар еді, мына кедейліктен қайтсем құтылам? — депті. 

— Кедейліктен құтылғың келсе, қайығыңды суға батырып жібер, — дейді қария. 

Ақылын айтып, қоштасып кетіп қалады. Бірақ балықшы оның ақылын түсінбестен қалады. Иығын қиқаң еткізіп, «мүмкін бұл шал алжып қалған болар. Қайықты суға батырсам, аштан өлмеймін бе?» дейді де естігенін ұмытып кетеді. Ақсақалдың ақылын алмай, бұрынғы тірлігіне қайта кіріседі. Күннен күнге халі мүшкіл тартады. Кей кейде отбасы нәпәқасыз қалып, аштан аш жатқан кездері болды. Бір күні қатты дауыл тұрып, балықшының сынық қайығы суға батып кетеді. Балықшы әзер дегенде аман қалады. Жылап-жылап, қайғысы таусылған шақта, бар дүниесін түйіп, арқасына салып, өзеннің ағысымен төмен қарай жүріп кетеді. 

Сөйтіп, ілдәлдалап келе жатқанда бір балықшы ауылға тап болады. Ауылда қайықтан көп неме жоқ. Үлкені, кішісі, кемесі де толып жатыр. Мынаны көріп балықшы жүрегі жарыла қуанады. Бірақ өзінде қайық жоқ. Алатын ақшасы да жоқ. Бөтен қайықтарға қарап балықшының көңіл күйі бұзылады. Қайықтардың барлығын қарап шыққан ол анаусының жөнделгенін, мынасының қай жеріне жөндеу керектігін байқап қалады. Сөйтіп, балықшы қайық жөндегіштікке тұрады. Өзінің жалғыз қайығын өмір бойы жамап өткен бейбақ, қайықты қалай жөндеу керектігін тым жақсы білетін еді.

Біраз уақыттан соң ісмер жөндеушіге айналады. Атағы шығады. Шебердің қолынан шыққан қайықтардың есебі болмапты. Ауыл адамдары мақтап, еңбегі жанады. Оның жөндеген қайықтары су жаңа қайықтай жаңарады екен. Алыс-жақыннан тапсырыс беретіндердің қарасы көбейеді. Сәл уақыттан соң балықшы үй сатып алады. Кішкентай үй емес, кәдімгідей үлкен үй сатып алыпты. Үй алдында берекелі бау-бақшасы бар. Маңдай терін төгіп жасаған еңбегі ақталып, қалтасы қалыңдайды. Отбасы аштан қалған күндерін ұмытады. 

Сол кезде балықшы қайығыңды суға батыр деген ақсақалдың ақылын еске түсіреді. О, неткен дана сөздер десеңші! 

— Адам баласы ылғи солай, — депті Ай, — өзгерістен ажалынан бетер қорқатын пенделер ескі өміріне тас кенеше жабысып қала береді, оларға ескі уайым-қайғысы әдет боп қалған ғой. Өзгеріс неден басталса да түбі жақсылыққа жеткізеді. Әсіресе, адам сол өзгерістегі ізгілікті көріп, жүрекпен қабылдауға даяр болса!

 

Аударған Шынар Әбілдә

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.