Бас тақырып

Зерттеу ісінің зергері

Білсеңіз, зертханада бір саусақтан алынған қанның өзіне 26 түрлі сараптама жасалады екен. Биохимиялық анализ 29 түрлі бағытта жүргізілсе, имммунологиялық анализдің 25 түрі бар.

Жазу-сызудан аз-кем хабарымыз болғанымен, медицинадағы мұндай дерек төңірегінде ой жарыстырып көрмеппіз. Балқаш қаласының орталық ауруханасы жанындағы клиникалық-диагностикалық зертхананың меңгерушісі Сақыпжамал Мұқашевамен тілдескенде таң болғанымыз, сондықтан.

– Қазір антибиотиктің түр-түрі бар. Ол әр ағзаға әртүрлі әсерін тигізеді, – дейді зертхана меңгерушісі. – Сол себепті, дерттің бетін дер кезінде қайтару үшін зерттеу нәтижесін жылдам әрі нақты шығару маңызды. Бұрын 10-15 күнге созылатын зерттемелерді қазір 48 сағатта қорытындылауға болады.

 Көзіміз көргендей, типтік үлгіде салынған зертхана орталығының материалдық-техникалық базасы жаңарған. Автоматтық анализаторлар, заманауи үлгідегі аппараттар орнатылған. АҚШ-тан, Испаниядан, Германиядан, Ресейден, енді бірі Кореядан сатып алынған құрылғылар. Бұл аппараттардан шыққан нәтиже онлайн режим арқылы науқастың медициналық мекемедегі электронды кітапшасына жіберіледі. Сараптамалардың негізгі дені бауыр, бүйрек және түрлі бездердің ауруларын анықтау бойынша жүргізіледі.

Сақыпжамал Ескендірқызы 1992 жылдан бері аталмыш зертхананың басшылық тізгінін ұстап келеді. «Жиырма екі маман жұмылған ұжымдағы кадрларымыз тұрақты. Қатарында 40 жылға жуық еңбек өтілі бар білікті кадрлармен қатар, жас мамандар да бар» – дейді зертхана меңгерушісі. Олар Балқаш қаласының, Саяқ, Гүлшат кенттерінің халқына, Ақтоғай ауданына қарасты Сарышаған, Шашубай кенттерінің, Шет ауданына қарасты кейбір ауылдардың науқастарына да қызмет көрсетіп келеді. Кез келген дерттің түрін анықтауда зерттеу нәтижесінің 70-80% үлесі барын ескерсек, әрқайсының да еңбегі зор.

«Медицина саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің, көптеген Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттардың иегері Сақыпжамал Ескендірқызы өзінің өмірлік жары Сұлтан Абылқайырұлымен төрт бала тәрбиелеп өсіріп, немере сүйіп отырған бақытты жан. Отағасы да медицина саласының білгірі, басшылық қызметтер атқарған. Шаңырақтың кенже қызы ата-анасының жолын қуып, «зерттеуші-дәрігер» мамандығын таңдапты. Бастысы, тағдырына дән риза, алғыс арқалап келеді…

Қуаныш АМАНҚҰЛ

Басқа материалдар

Back to top button