Үздіктер іріктелді

        Жезқазғанда өткен жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасындағы «Жарқын болашақ» атты республикалық қазақ тілі мен әдебиеті пәндері олимпиадасының облыстық деңгейге теңестірілген аймақтық кезеңіне Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданындағы оқу ошақтарынан келген 46 үміткер қатысты.

Қазақ тілін ана тілі және шет тілі ретінде меңгерген жас дарындар қазақ ақын- жазушыларының туындыларын жатқа оқып, сазгерлерінің әндерін шырқады, ғылыми жоба қорғады, сонымен қатар, қазақ тілі мен әдебиетінен тест тапсырмаларын орындап, шығармалар жазды.
Сөз орайы келгенде олимпиада шартына сәйкес, бес бағыт бойынша бәсекеге түскен оқушылар өздерінің қазақ тіліне сүйіспеншіліктерін шынайы түрде айғақтай білгенін айта кеткен жөн. Білім мен біліктілік өресі, әдебиет пен өнерді меңгеру машығы сарапталған байқау қорытындысында дарынымен дараланған үздіктер іріктелді.
«Жазушылар» байқауында Жезқазғандағы №3 білім-инновациялық лицейінің 11 сынып оқушысы Мағжан Әбдірахманов мен осы қаладағы №4 орта мектептің 10 сынып оқушысы Юлия Амосованың бағы жанды. «Тілші-әдебиетшілер» тайталасында Сәтбаев қаласындағы №1 мектеп-гимназияның 11 сынып оқушысы Гауһартас Нұрлан мен мысты шаһардағы №4 орта мектептің 11-сынып оқушысы Григорий Ходыкин тұғырлы биіктің төрінен табылды. «Жас ғалымдар» арасындағы сында Жезқазғандағы №1 орта мектебінің 11 сынып оқушысы Жанар Бөлекбаева жарқырай көрінді. «Әнші бұлбұлдар» байқауында Сәтбаев қаласындағы №4 мектеп-лицейдің 11 сынып оқушысы бәсекелестерінен оза шапса, «Сөз шебері» бағытындағы сында Жезқазғандағы №9 орта мектептің 11 сынып оқушысы Линара Сәметова мен металлургтер мекеніндегі №22 орта мектептің 11 сынып оқушысы Алексей Гражданкин көркемсөз оқу шеберліктері шың­далғанын даусыз дәлелдеді.
Олимпиада қортындысында жеңімпаз болып танылған, сондай-ақ, жүлделі ІІ және ІІІ орындарды еншілеген қатысушыларға тиістілігіне сәйкес, ұйымдастыру комитетінің дипломдары тапсырылды. Көш басынан көрінген оқушылар, яғни, І орынның иегерлері алдағы сәуір айында олимпиаданың республикалық кезеңінде аймақ намысын қорғайтын болады.

 Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.