Үздік журналистер марапатталды

Бейсенбі күні облыс әкімінің орынбасары Жандос ӘБІШЕВТІҢ төрағалығымен Қарағанды облысының діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңесінің отырысы өтті. Жиын барысында Кеңестің 2019 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланды және облыстың дін істері басқармасының журналистер арасында ұйымдастырған байқаудың қорытындысы жарияланып, үздіктер марапатталды.

Күн тәртібіне қойылған басты мәселе – облыстағы діни тұрақтылықтың сақталуы және ғибадатханалар мен ұйымдардың тіркелуін қамтамасыз ету. Теміртау қаласы мен Абай, Ақтоғай және Нұра аудандарының әкімдері өз өңірлеріндегі діни ахуал туралы баяндады. Осыдан соң, Үштөбе, Көкпекті, Ғ.Мұстафин, Жаңа қала, Көктас, Құланөтпес және Атасу ауылдарындағы мешіттерді тіркеуге алу мәселесін тез арада шешу туралы жергілікті әкімдіктерге тапсырма берілді. Сондай-ақ, Кеңес мүшелеріне өңірдегі діни тұрақтылық пен келісімді нығайту, Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласын насихаттау шараларын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Аталмыш тапсырмалардың орындалуын қадағалауды облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев тікелей бақылауына алатынын айтты.

Облыстың дін істері басқармасы дін саясатындағы өзекті мәселелерді анықтау, жат ағымдармен күресу және діни татулық пен тұрақтылықты насихаттау мақсатында журналистер арасында облыстық байқау ұйымдастырған болатын. Аталмыш байқауға аймағымыздың қала және аудандарынан 18 журналист қатысты.

«Мерзімді басылымдағы үздік мақала» номинациясы бойынша, 1-орын Гүлнұр Әбеуоваға (Абай қаласы, «Абай ақиқат» газеті), 2-орын – Светлана Свичке (Қарағанды қаласы, «Дін және заман» ақпараттық журналы), 3-орын – Нұрғали Қарабековке (Приозерск қаласы, «Приозерский вестник» газеті) бұйырды.

«Ең үздік теле-видео материал және сайт мақаласы» номинациясы бойынша, 1-орынға – Мақпал Орынбетова (Жезқазған қаласы, «Дидар» телеарнасы), 2-орынға — Жанбота Елубаев (Қарағанды қаласы, «Сарыарқа» телеарнасы), 3-орынға — Құлынтай Монай (Қарағанды қаласы, Б.Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды академиясы) лайық деп танылды.

Байқаудың барлық жеңімпаздары дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.