Жаңалықтар

Үздік желаяқтар анықталды

ӨТКЕН ЖЕКСЕНБІДЕ ҚАРАҒАНДЫДА «ARMANǴA JOL» ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ЖАРТЫЛАЙ МАРАФОН ӨТТІ. ҮШІНШІ МӘРТЕ ЖАЛАУЫ ЖЕЛБІРГЕН ДОДАДА ҚАТЫСУШЫЛАРҒА ЕШҚАНДАЙ ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛҒАН ЖОҚ. СОНДЫҚТАН БОЛАР, ЖҮГІРУГЕ 6 МЫҢ АДАМ ӨТІНІШ БІЛДІРІПТІ. ОЛАР МҮМКІНДІГІНЕ ҚАРАЙ 4 ТҮРЛІ ҚАШЫҚТЫҚТА ЖАРЫСТЫ. ЖЕҢІМПАЗДАРДЫ ОБЛЫС ӘКІМІ ЕРЛАН ҚОШАНОВ ПЕН БЕЛГІЛІ МАРАФОНШЫ МАРАТ ЖЫЛАНБАЕВ МАРАПАТТАДЫ.

Ауқымды шараны қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен жеңіл атлетика федерациясы бірлесе ұйымдастырды. Биыл қашықтығы 21 шақырымдық аламанға қатысушылар саны жылдағыдан көп. Желаяқтар сапында еліміздің басқа облыстарынан келген үздіктер де аз емес. Ресей, Қырғызстан, Белоруссия елдерінің марафоншылары ерекше дайындықпен келіпті.

Марафонды жасы 10 жасқа дейінгі қатысушылар «Балапан» командасы бастады. Бұдан соң ересектер жалғастырды. Тұрғындар шама-шарқына қарай қашықтықты өздері таңдады. Ең қызығы, оларға берілген реттік номерде арнайы чип орнатылған. Сол арқылы марафоншылардың жарыс шартын бұзбағанын және кімнің қай орында келгенін компьютер анықтады.

Айта кетейік, жартылай марафон бағдарламасына алғаш рет «скандинавтік жүру» кірді. Жеті шақырымдық қашықтықта өз күштерін зейнеткерлер сынап көрді. Ең үлкен қатысушы 82 жастағы қарағандылық Таисия Зайцева болды. Ең кішкентай қатысушы 5 жасар бүлдіршін де бағын сынады. Ол өзінің 8 жасар ағасын қолдауға келіп, онымен бірге тіркелмей, екі шақырым қашықтықты бағындырды. Сонымен қатар, «Достық» жүгірісіне балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты. Есту қабілеті бұзылған, тірек-қимыл аппараты бұзылған жүгірушілер өздерінің мүмкіндіктерін көрсете білді. Көптеген спортшылар қарағандылық жартылай марафонға алғашқы рет келіп отырған жоқ, олар өткен жылғы нәтижесін жақсартуға тырысты. Нұр-Сұлтан қаласынан келген жеңіл атлетика бойынша жаттықтырушы Құдайберген Зейноллаев үш жыл бұрын 10 шақырым қашқтықта чемпион атанған болатын. Ол осы жылы 7 шақырымдық «Достық» дистанциясында жеңімпаз атанды. «Спутник» жүгірісінде әйелдер арасында 72 жасар Әмегүлсін Мұсылманова үздік шықты. Бұл оның 105-ші марафоны екен. Жартылай марафонның бас жүлдесі – миллион теңге шетелдік жүгірушілерге бұйырды. Екінші жыл қатарынан Гомельден келген Владислав Прямов «Armanǵa jol» чемпионы атанды. Белоруссиялық марафоншыдан 7 секундқа қалып келген қазақстандық Михаил Красилов екінші орынға табан тіреді. 21 шақырымға жүгіруде әйелдер арасында бішкектік спортшы Дарья Маслова көш бастады.

Марапаттау барысында марафоншы Марат Жыланбаев:

Мен жүгіру елшісі, өкілі ретінде бүкіл Қазақстан бойынша марафондардың ашылуына қатысамын. Қарағанды жартылай марафонына осымен үшінші рет келіп отырмын. Туған жерімде осы жаңа бағыт дамып, одан әрі етек жайып келе жатқанына қуаныштымын. Қарағанды «Жасампаз» жүгіру клубының арқасында әрдайым марафоншыларымен танымал болған. Мен бүкіл әлемге әйгілі қарағандылық Павел Сиротиннің оқушысымын. Әзірге, марафоншылармен Алматы мен Елорда мықтылық танытып тұр. Біз үшінші орын тұғырынан көрініп келеміз, – деді.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Back to top button