Үздік қызметшілер үкіленді

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұйымдастырған «Елге қызмет ету – мінезден» республикалық байқауы мәреге жетті.

Марапаттау салтанатына жоғарыда аталған Агенттік төрағасының орынбасары Дархан Жазықбаев, Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, «Qazaqstan» телеарнасының шеф-редакторы Серікзат Дүйсенғазы және Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Мейірболат Жақыпов қатысты.

Байқау мемлекеттік қызметшілер арасында моральдық-әдептілік құндылықтарды насихаттауға және олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған. Тек, мемлекеттік қызметшілер ғана емес, сонымен қатар квазимемлекеттік сектор мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері де қызығушылық танытты. 200-ге жуық адам қатысты.

Қатысушылардың жұмыстары үздік эссе/мақала, үздік бейнеролик, үздік ұсыныс номинациялары бойынша бағаланды.

Байқауға қатысушылар өз еңбектерінде ұлы адамдардың сөздерін, оның ішінде, әлемге әйгілі философ Әбу Насыр Әл-Фарабидің, Абай Құнанбайұлының, Төле бидің, Алаш Орданың қайраткерлері – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтың сөздерін жиі қолданған.

«Үздік эссе» номинациясы бойынша І орынға Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Дыңғызыл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Жаңылсын Утешова ие болды. «Үздік бейнеролик» номинациясы бойынша Ақтөбе облысы, Ойыл аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Гүлзат Жеткергенқызы топ жарды. «Таңдаулы ұсыныс» номинациясында Шығыс Қазақстан облысы, Бородулиха ауданы, Бақы ауылдық округінің бас маманы Нұрлан Әліпбаев жеңімпаз атанды. Енді, үздік жобалар Агенттіктің ресми сайтында жарияланып, мысал ретінде мемлекеттік органдарға жіберіледі.

Марапаттау рәсімінен кейін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың Әдеп жөніндегі уәкілдері «Мемлекеттік қызметтегі этикалық нормалар: тәжірибе және болашақ» семинарына қатысты. Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін одан әрі жетілдіру мәселесі талқыланды. Қатысушылар Әдеп жөніндегі уәкілдердің мәртебесі мен өкілеттіктері, өз қызметіндегі проблемалық мәселелерді шешу тетіктері және басқа да мәселелер туралы ойларын ортаға салып, сонымен қатар, алдағы 2020 жылға арналған жоспарларды талқылады. Олардың барлығы Агенттікпен зерттеліп, талданатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, ой-дода 2019 жылғы 20 қазанда бастау алып, 15 қарашада аяқталды. Байқауға қатысу үшін үміткерлер эссе, бейнеролик немесе жалпы сұрақтар бойынша ұсыныстар түрінде өз көзқарасын ұсынды. Мұнда мемлекеттік қызметшілердің өз еліне адал қызмет етуі, мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен өзара қарым-қатынас жүйесі, мемлекеттік қызметшілердің өз жұмысына жауапты көзқарасын күшейту, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, патриоттық сезімді арттыру тақырыптары қамтылды.

Өз тілшімізден.