Тарих

Зауыттар тарихын зерделесек

       Еліміздің индустриалды орталығы – Қарағанды бір мезгілде дамып жетіле қойған жоқ. Қиын-қыстау кезеңдері қаншама, осы алып өндіріс ошағының бастамасы Қарағанды қаласынан түстік бағытта Көкөзек бойында орналасқан Спасск зауыты болғанын екінің бірі біле бермес.

     ХХ ғасыр басында шетелдік қалталылар Қазақстанның жер қойнауындағы байлықтарын зерттей бастады, қазақ даласына шетел капиталы келді. 1907 жылы Сораң, Қарағанды, Өспен және Спасск мыс кен орындарын ағылшынның «Спасск мыс рудалары» акционерлік қоғамына сатып жібереді. Француз инженері Ж. де Кателен жазбасында: «Арзан жұмысшы күшін пайдалану өндірістің шығынын арзандатады, әсіресе, бұл қазақ даласындағы кен орындарына қолданған тиімді», – делінген. Жаңа өзгерістер революция тарихына қатысты. Қазақ жеріндегі революцияның оң нәтижесінің бірі – қазақ халқының Қарағанды, Спасск, Өспен сияқты жүздеген өндіріс орындарын, кен байлықтарын өзіне қайтарып алуында болды.

XIX ғасырдың басында Ресей патшалығының отары ретіндегі Қазақстанда негізінен өнеркәсіптің екі саласы, яғни, тау-кен өндірісі мен кен-зауыт өнеркәсібі, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал өнімдерін ұқсату жөніндегі өнеркәсіп жатқызылды. Әсіресе, тау-кен өнеркәсібі түсті металдар мен темірдің бай кен орындарын пайдаланып жатқан Алтай мен Орталық Қазақстанда өркендеді. Бірақ, ғасыр басында мыс, алтын, темір және басқа қазба байлықтарын шығаратын еліміздің тау-кен кәсіпорындары, негізінен, шетелдік акционерлік қоғамдардың қолына көшті. 1904 жылы Лондонда пайда болған Спасск мыс кендерінің ағылшын-француз акционерлік қоғамы Спасск-Успенск мыс кені мен зауытын, Саран-Қарағанды тас көмір кенін және кеніштерін түгелдей сатып алып, пайдаланды.

Қазақ өлкесінің ғасыр басындағы тау-кен өнеркәсібінің басты салаларының бірі алтын шығару болды. Сонымен қатар, Екібастұзда, Қарағандыда, Саранда көмір кен орындары мол пайдаланылды. Өндірілген көмір темір және су жолдарымен Ресейдің Пермь губерниясына, Омбы мен Барнаулға, сондай-ақ, өлкенің Павлодар, Қызылжар және басқа да қалаларына жеткізілді.

1901 жылдың күзінде Екібастұзға жұмыс іздеп келушілердің саны бес мың кісіге жетеді. Ал, Қарағанды, Спасск, Успенск өндірістерінде де осындай жағдайлар болды. Бірақ, олардың көбі жұмысқа қабылданбайды. Қабылданғандарға жұмысты көп істеткізіп, еңбекақыны аз төлейтін болады. Көмірі қуалай алынған қараңғы үңгірдің асты саз, әрі су, жарықсыз, тіреусіз болатын. Қазылған көмірді сол үңгірдің бойымен шахтерлер шанаға, болмаса тәшкеге салып, бадьяға жаяу сүйреп әкелетін. Осындай тұрмыс — жұмысшылардың өлең-жырларында ерте қалыптасып, олардың басты тақырыптарының бірі болды. Бұл тақырыптағы өлең шығармаларда тіреусіз забой ішінде үнемі бастарын қатерге тіккен лирикалық геройдың ауыр еңбек азабын тартқан аянышты халі әңгіме болады. 1950 жылы Қарағандыда Ж.Нұрмағамбетовтен жазылып алынған өлеңде:

«Көр тышқандай жер кеулеп,

Күнімен көмір қазамыз.

Қай кесек басып калад деп,

Қорқынышта азамыз…

Маңдайға мықтап жазылған

Бұдан қайда барамыз», делінеді.

Болмаса подрядшілер жұмысшылардың ақшасын «ақ талонмен» айырбастайды. Ол «ақ талон» сол өндіріс иесінің лавкаларынан басқа жерге іске аспайды, ақша орнына оны ешкім қабылдамайды. Сондықтан да, жұмысшылар қожайынның лавкаларында сасып, шіріп жатқан азық-түліктері мен өтпей жатқан товарларын «ақ талонмен» алуға мәжбүр болатын.

Ереуіл жылдарындағы қазақ жұмысшыларының ой-санасындағы елеулі өзгерістерді олардың өлең-шығармаларынан аңғаруға болады. Өспен жұмысшыларының ереуіліне басшылық етуші Мартылиго, Топорнин, Әлімжан, Низовитин, тағы басқалары туралы жұмысшылар арасында бірнеше өлең-шығармалар бар. Ол өлеңдер тек Өспен, Спасскі, Қарағанды жұмысшыларының арасында ғана емес, сол маңдағы Қарағандымен шектес жатқан ауыл кедейлері мен басқа да өндірістік аудандарға таралған. Бұл өлеңдердің өзекті желісі – шетел империалисі француз Карноға, ағылшын капиталисі Фелльге, олардың жергілікті жақтастары қазақ байларына қарсылық, азаттықты арман ету.

Қарағанды жұмысшыларының ереуілге байланысты туған өлең-шығармаларында қожайындар мен жергілікті атқамінер «пысықтардың» ереуілшілерге қарсы жүргізген әрекеттерін, орыс жұмысшыларының оларға қарсылық тұлғасын барлық шындығымен көрсетеді. Ілияс Манкининің жазбаларынан: «Мені Спасск заводындағы қара пештің шлагын таситын тәшкеші етіп жұмысқа қойды. Бұл жұмыс мен сияқты бала емес, тепсе темір үзетін әлеуетті жігіттерге де қиын еді.

Күніне 12 сағат бойы тәшке тартам. Шлакты апарып төгетін жер қара пештен 30 метрдей. Жұмыстан діңкең құрып шығып, үйге әрең жететін едім. Ол кезде үй дейтін үй бар ма, жерден қазылған үйшік болатын.

Ағылшындар жұмысшылардың еңбегін сүліктей сорды. 12 сағат титықтап еңбек еткенде ішсек асқа, кисек киімге жарымайтын едік. Ағылшын заводында бірнеше жыл істегенде ұшы-қиыры жоқ бересіден арылғаным жоқ. Әлі есімде. Ақырған ақпан айының іші еді. Бір күні жұмыста жүргенімде алай-түлей боран соқты да кетті. Боранның қаттылығы сондай, тіпті аяқ астын жөнді көре алмайсың. Дүлей табиғатқа не шара. Тәшке тартуға болмайды, қара пештен дамылсыз шыққан шлак үйіліп қалды.Тап осы кезде завод қожасы ағылшын Оравсон дегеннің сап ете түскені бар емес пе? Қорыққанымнан шлак толы тәшкенің тұтқасын ұстап, көтере бердім. Жуан жұдырық оң жақ шекемнен сарт ете түсті. Құлап қалыппын. Есімді жиып, көзімді ашсам, жұмысшылар мені қоршап тұр екен. Олардың мені аяған, ағылшынға қаһар төккен дауыстары естіледі. Жұмысшылардың арасындағы наразылық пен ызалы ашу күшейе бастады. Ағылшындар кінәні өздеріне жуытпау үшін, өлген жұмысшыларды аштық пен ауыр еңбек жағдайынан емес, қайдағы бір қатерлі аурудан өлді деп жар салды. Олар өздерінің бұл сайқалдығымен жұртты иландыру үшін, өлген бір кеншінің сүйегін көпшілік алдында отқа өртемекші болды. Мұны көрген поселкі халқы қатты ызаланды. Топталған адамдар кеніш қожайындарының тұрған жеріне қарай беттеді. Мұнда оларға пристав Соколов қарсы шықты. Ол қылышын жалаңдатып, жиналған халықты қуа бастады. Ақырында бұл іс мынамен тынды: ағылшын Мансфелдің бұйрығы бойынша пристав Бекова Тәкіжан деген қазақ әйелінің қолын қылышпен шауып тастады. Содан кейін, бұл әйелді бүлік шығарды деген сылтаумен Ақмола түрмесіне айдап жіберді.

Мұндай шектен шыққан зұлымдыққа жұмысшылар төзе алмады. Олар үш күндей жұмысқа шықпай, мыс қорытатын пешті тоқтатып тастады. Парфенов, Қозыбаев сияқты жүмысшылар ереуіл бастап, ағылшындарға қатты наразылық білдірді. Ашынған халықтың ұйымдасқан ереуілінен қорыққан ағылшындар Бекова Тәкіжанды тұтқыннан босатып, Ақмоладан Спасск заводына жеткізіп салды. Арсыз ағылшындар осындай неше түрлі айуандық істер істеді». Міне, бұл ағылшындардың жергілікті халықты тонаудағы, қорлаудағы бір көрінісі ғана еді. Әрине, мұндай өрескелдік жиі байқалып жүрді. Бұл ХХ ғасыр басындағы кешегі Көкөзек жерінде болып еді.

Сол мұрат елінің тағы бір ақсақалы Айдархан ақсақалдың естелігінде: «1882 жылы Қарағанды болысы Спасскіде тудым. Әкеміз кедей болды. Сондықтан, жұмысқа ертерек түстік. Мен 1900 жылдан бастап мыс қорытатын заводта засипчик (пеште жанып жатқан көмірдің үстіне үгітілген мыс рудасы – көктасты салып тұрушы) болып істедім.

Засипчиктік жұмысы ете ауыр еді. Лапылдап жанып жатқан оттың қасында тұрған адамның үстіндегі киімі жанып кететін-ді. Қожайындар «спецодеждалар» бермейтін. Аяғымызға жасап алған шәркеміздің табаны 24 сағаттан артыққа бармай жанып кететін. Білегімізге киізден жең киіп алатынбыз. Ол да екі-үш күнге шыдамай жанып кетуші еді. Ондай заттарды сатып алайық десек, қожайындар ақша бермей, талон ғана беретін. Ол талон қожайынның жақтастары – байлардың дүкенінен басқа жерге өтпейді. Ал, дүкенші байлар үнемі өтпей тұрған тауары мен тас ұн сияқты сапасы нашар тамақтық заттар босататын. Жұмысшылар бір ретте қиналдық. Ашықтық.

Сол жылы көп ұзамай сәуір айында қожайын сарайда қымбаттығынан өтпей жатқан еттерін жұмысшыларға алатын ақшасының орнына үлестіріп бермек болды. Жұмысшыларға арзанға алыңдар деді. Кейбіреулер әуелде алса да, қайыра қожайынға өткізбек болды. Қожайын алмады. Жұмысшылар алған еттерін қожайынның есігінің алдына үйіп тастады. Ет іске аспай калды. Бірақ, сол ет үшін етті әуелде алып, қайырып тастаған жұмысшылардан да ақша ұстады. Жұмысшылар ашуланды-ай келіп, ашуланды-ай келіп! Содан бұған шыдамаған жұмысшылар қожайынмен жанжалдасты. Сол жанжалды жасар алдында жұмысшылар ақшаны көбейтуді, жұмыс киімін тегін беруді, жалақыны ақшалай беруді талап етуге келісті. Оны орындағанша жұмысқа шықпаймыз десті. Үш күн бойы жұмысқа шықпадық. Ақыры қожайын жұмысшылардың тілегін орындады. Осы жанжал басылған соң бірер айдан кейін қожайындарымыз қайыра бұрынғы әніне басты». Ағылшын мырзалардың Летинский деген итаршысы болды, Оны біздер «Қылқұрт» дейтін едік. Сол иттің ызасы көп өтті. Жұмысшылардың ақшасын қысқартты. Әр нәрсені сылтау етіп, штраф көп салды. Жұмысшыларды таяқтады, керсетпегені болмады. Сол Қылқұрт мыс заводынан аулақта тұратын ағылшын (байларының) Жұмабек төреден сатып алған ағаш үйінде тұрды.

1912 жылдың жазы еді. Сол Қылқұртты Түсіпбек бастаған Абдрахман Қоқышев, Ысқақ Қартабаев, Аралбай Шекшеков деген жұмысшылар завод пен түрған үйінің арасында, Көкөзектің тұсында тосып тұрып өлтірмек болды. Аңдып отырып, ұстап алды. Сайға апарып өлтірейін деп жатқан жерінде арттарынан пар-пар атты солқылдақ пәуескемен бірнеше төрелер жетіп келеді. Сөйтіп, солар ғана құтқарып алады. Түсіпбектер қашып кетеді. Ол кезде Тәтидің Оспаны болыс еді, Сол Оспан болыстың жәрдемімен Ақмоладан келген Шолақ ояз Түсіпбектерді ұстатып алды да, оны жазаламақшы болды. Бірақ, заводтағы барлық жұмысшылар бірігіп: Летинскийді өлтірем деуші Түсіпбектер емес деді. Летинский танып қалған екен, «мені өлтірмекші болған осы» деп Түсіпбекке қадалып тұрып алды. Оған жұмысшылар қатты ызаланды. Қит етсе, төбелес шығарғалы тұр. Жұмысшылардың түрінен сескеніп барып, ақыры, Шолақ ояз ол тертеуін босатты.

Міне, бұл ХХ ғасыр басындағы бір ғана Спасск зауытының тарихынан үзінді.

Темірғали АРШАБЕКОВ,

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайы директорының орынбасары.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button