Зардабы зілдей зауал

Жазушы Алан Майердің «Қырсық» деген ең қысқа әңгімесі бар. «…Меңдеткен ауыр дертпен бірге көзімді аштым. Көзімді ашып едім, кереует қасынан медбикені көрдім. – Фуджима мырза, – деді маған қарап, – Сіздің жолыңыз болды. Екі күн бұрынғы Хиросиманы бомбалау кезінде аман қалдыңыз. Сіз қазір ауруханадасыз. Енді сізге еш қауіп жоқ.

Әлсіздіктен әл-дәрмені құрып жатып, сұрап үлгерді:

Мен қайдамын?

Медбике:

Нагасакидесіз, – деді…»

Ауыр трагедия. Алайда, сол Хиросима мен Нагасакиге тасталған бомбаның әлдісі бар, әлсізі бар 470 мәрте қазақ сахарасында сыналыпты…

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жалғыз қазақтың ғана емес, жаһандық қауіпсіздікті жіті қадағалап отырған сұңғыла саясаткер екенін білеміз. Көп уақыт өткен жоқ, АҚШ-тың астанасы – Вашингтон қаласында өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі қорытынды саммит кезінде Қазақстан Президенті халықаралық қоғамдастықты ядросыз әлем құруға, кез келген соғыс түрін болдырмай, оның алдын алуға шақырған өзінің кең көлемді манифесін жария еткен болатын.

Біз қатты қуандық. Әсіресе, Балқантау, Бақты, Дегелең, Мыржық, Едірей сынды ауылдардың қазақтары шын толқыды.

Бұл елді мекендер 1998 жылдары апаты сейілген 4-ші аймаққа кіріп тұр еді. 55 жаста ер адамы, 50 жаста әйелдер зейнеткерлікке шығып, жалақысына бір жарым есе үстемақы қосылып тұрған.

«Қазақстанның төтенше әлеуметтік-экономикалық жағдайға, дағдарысқа ұшырауына байланысты, апат аймағында тұратын адамдарға әлеуметтік жәрдемақыны төлеуді тоқтата тұрамыз» деген Жарлық шығып, сол жеңілдіктің Үкімет су аяғын құрдымға жіберді. Тоқтата тұрмады, біржолата тоқыратып жіберді. Егіндібұлақ Қарқаралыға қосылды да, Қарқаралы ауданы Семей полигонының ғылыми орталығы Курчатов қаласынан алыс жатқан болып шыға келді. Қарқаралы ауданына қарайтын Егіндібұлақтың қаншама ауылдары, Бақты, Томар, Темірші елді мекендері сол Курчатовтан ең жақыны 40 шақырымда, ең алысы 80-90-ақ шақырымда орналасқаны есепке алынар емес. Жеңілдіктен қағылды деу – жеңілді деу емес шығар.

Белгілі журналист, қайран қайраткер Мақсым Омарбекұлы жазды… Көзі тірісінде… Енді мың жақсың келіп, бір Мақсымның орнын толтыра алар ма? Есімізге белгілі жазушы Сапарғали Бегалиннің естелігі ғана түседі. Абыралыға барып, Дегелеңді іздепті. Көркем шындық – көкірегімізді қарс айырды. Тау жоқ. Орнында жасанды жасыл көл жатыр… Құс ұшып, құмырсқа қыбырламайтын өлі тыныштық…Тепсе темір үзетін азаматтары өмірмен бір, обырмен екі айқасып, елуге жетер-жетпестен мерт болып жатыр. Үрей синдромының да кесірін осы полигоннан көреді. Өз-өзіне қол жұмсау, кемшін болып туу да жиілеп кеткен.

Айтар уәж – сол, апатты аймақ – Курчатов қаласынан біз айтып отырған Егіндібұлақтың Абай, Қаратау, Айрық, Арқалық, Едірей, Мыржық сияқты ауылдары, кезінде Талды ауданына қараған Бақты, Томар, Темірші ауылдарының қашықтығы 80-90-ақ шақырым, кейбірі, тіпті одан да аз елді мекендерге дереу үкіметтің пәрменімен комиссия құрылып, өңірдегі экологиялық жағдайға зерттеу жүргізу керек. Қырық жылдан астам жасалып келген сынақтың зардабынан суицид, жүрек-қан тамырларының зақымдануы, қатерлі ісікке шалдығу сынды ауыр дертке жиі шалдығып жатқан ауылдардың жағдайын қоршаған ортаны қорғау министрлігі тікелей бақылауға алса да артық емес. Ата Заңымызда біздің басты байлығымыз – халық екені анық жазылған. Ендеше, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бірінші орында.

Өзімізбен іргелес жатқан Павлодар облысының Май, Бесқарағай аудандары апатты аймаққа берілетін жеңілдіктерді әлі күнге дейін пайдаланып отыр. Эпикіндікке ең жақын орналасқан Бақты – Балқантау – Дегелең шеңберін құрайтын елді мекендер апаты сейілген емес, апатты не бірінші, не екінші аймаққа жатқызылып, тұрғылықты халық әлеуметтік көмектерге қол жеткізуі керек екенін қайталап айтамыз. Бұрын да айтқанбыз. Жарлық шықпайды, жаңғырық шығады. Ел ағалары, халық қалаулыларының құлағына «алтын сырға». Қауіпті сәулелер генді ыдыратқанан кейін, жөнді ұрпақ дүниеге ешқашан келмейді. Сондай-ақ, жығылғанға жұдырық, біз айтып отырған Бақты ауылының жанынан екі кеніш темір мен алтынның рудаларын тасып жатыр. Мемлекеттік бюджетке қомақты қаржы құйып отырған екі кеніш алақандай ауылға алаңдаса дейміз. Радиациялық сәулемен қоса тас жолдың бұрқыраған шаңын жұтып жатқан селолық округ «Сабыр түбі – сары алтын» деп шынымен наразылық таныта алмайды. Республикалық маңызы бар Қарағанды-Аягөз тоғыз жол тораптың тозығы әбден жеткен. «Өркен Кентөбе» өндіріс орны мен «Ақбастау-Құсмұрын» ашық кен орнынан пайда тауып отырған ірі корпорацияларға өкпеміз қара қазандай. Кенімізді қаздырып, жерімізді тоздырып, елімізді аздырып қоя аламыз ба?!

Елбасымыздың осы манифесі сол қатып жатқан сеңді қозғаса құба-құп. Олай етпеген жағдайда, Президентіміз дүниежүзілік мінберде тура осы мәселелерді көтере сөз сөйлеп тұрып, өз мемлекетімізде полигон зардабы түбегейлі жойылмай, ауылдар апатты аймақта ахуалы нашар күй кешіп жатқаны абыройсыздау шаруа болады.

Бұдан өткен өзекті мәселе жоқ. «Әлем.ХХІ ғасыр» жасанды емес, жалынды ұран болуы керек!

Шерлі шежіре

Семей полигоны – КСРО ядролық сынақ полигондарының бірі.

Сынақ үшін арнайы 18 млн. га жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылды.

Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шекті.

Семей полигонындағы ядролық қарудың алғашқы сынағы 1949 жылы өткен.

1953 жылы сутекті бомба жарылған.

40 жыл ішінде, яғни, 1949-1989 жылдар аралығында Семей полигонында 473 ядролық жарылыс болды.

Оның 90-ы ауада, 26-ы жер үстінде, 354-і жер астында болған.

Сондай-ақ, мұнда химиялық заттардың 175 жарылысы болған, оның 44-і 10 тоннадан астам зарядтармен іске қосылған.

Қарсылық

Бұл өлең 1989 жылдың тамыз айында жазылған еді. Әттең сол кезде, ауданға американдықтар келген кездесуде оқытпады…”

Радиация құрбаны Кәріпбек қылқаламды тісімен тістеп алып, қинала сурет салғанда ол маған зорлық-зомбылыққа, әділетсіздікке, көпе-көрнеу қорлыққа қарсы тұру белгісі болып елестейді”.

Автор

ХХ-шы ғасырды бұл дәріптеп,

Өлең жазар аусар емен мен енді,

Бүкіл әлем көрсін сені Кәріпбек,

Көрсет, қолсыз жаратылған

денеңді!

Көрсет, көрсін сонау алыс

Мәскеуде,

Бізді адам көретіндер бар шығар.

Жанды мүсін сияқтанып

жас кеуде

Көздерімнен үзіледі тамшылар…

Болашаққа көз жібере аламын,

Бабалардың ұлылығын дәріптеп.

Қасіретке толы осынау даланың

Қарсы тұру белгісі, ол – Кәріпбек!

Тұрсын ЖҰМАШ.

Әзірлеген: Мирас АСАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.