Ақтоғай

Заманмен үндескен басылым

Ғасырды ғасырға жалғап, айтары халық ойымен астасып келе жатқан арда басылымдар сапында бүгін 80-нің сеңгірін бағындырып, мерейтойын барша оқырманмен бірге тойлап жатқан Ақтоғай аудандық «Тоқырауын тынысы» газеті де бар. Қатпарлы тарихтың кенен шежіресін шертіп келе жатқан газетті заманмен үндескен басылым десек, оның да өзіндік сыры бар.

Газеттің дүниеге келген кезеңі сонау отызыншы жылдардың аяғы. Басылымның алғашқы саны 1938 жылы 15 тамызда Қазақстан Коммунистік партиясы Қоңырат аудандық ұйымының газеті ретінде «Қызыл ту» деген атпен жарық көріпті. Алғашқы кезде латын қарпімен көлемі 0,25 баспа табақ болып басылады. Аптасына бір-екі рет шығады. Кейін заман ағымымен қазіргі қолданыстағы кириллица таңбасына ауысты. Қолмен теріліп, шығыршығы қолмен айналдырылып, соңынан оқырманға жол тартып отырады. Сол кездегі газеттің тұңғыш редакторы Ғабдолла Ысқақов, баспаханада әріп теруші әрі бригадир Ғалым Көпірбаев, бет жасаушы мәскеулік Шланберг деген маман болған екен.

Газет соғысқа дейін 900, соғыстан кейін 1500 данамен басылып шығып отырған. Заман ағымына өз үнін қоса білген «Қызыл ту» газеті 1939 жылы облыстық партия комитетінің ұсынуымен Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесіне қатысу құрметіне ие болып, газет редакторы Ғабдолла Ысқақов Мәскеу қаласында болып қайтқан. Аз уақытта өзіндік бет-бейнесі қалыптасқан басылым Ұлы Отан соғысының отты жылдарында да майдандағы ерлердің қаһармандық істерін үзбей жариялап, тылдағы ауыр бейнетті белшеден кешіп жүрген отандастарымыздың бойына қайрат беріп, жігерлендіріп отырды.

Соғыстан соңғы бейбіт күндерде де газет өзінің халық үні ретіндегі ролін жоғалтқан жоқ. Берекелі еңбекке қалың жұртшылықты үндеп, жаңа жетістіктерге бастай білді. 1962-1963 жылдар аралығында газет аудандардың әкімшілік-территориялық бөліністерге бөлінуіне орай өз жұмысын уақытша тоқтатты. Ал, 1963 жылы Қоңырат, Шет аудандары бір өндірістік басқармаға бірігуіне байланысты Ақтоғай селосында екі ауданға ортақ газет «Арқа еңбеккері» деген жаңа атаумен шыға бастады. Өз кезегінде «Қызыл ту» болып өмірге келіп, «Арқа еңбеккері» болып құнарлы топырақта көркейіп, «Тоқырауын тынысы» болып, рухани өрлеу үстінде тұрған газеттің тарихы онда еңбек етіп, қаламын ұштаған қаламгерлерімен айшықты. Мақабай Түсіпов, Ғабдолла Ысқақов бастаған редакторлар шоғыры Жүніс Ыбышев, Оспанбай Орынтаев, Әділхан Садықов,Тұрсын Нарынбеков, Іскендір Тәженов, Смағұл Ыбыраев, Қасым Орынбетов, Қасжан Ағеділов, Махмұт Жарылғапов, Үмітай Жармағанбетов, Надежда Ақбаева секілді аға буын өкілдерімен шоқтығы биіктей түсті. Олардың сара жолын кейінгі жылдарда Қазбек Ештанай, Бағдат Мүбәрәк, Мүсіркеп Әлімжанов жалғады.

Қазір газет тәуелсіз қазақ елінің ел бірлігі мен бейбіт тұрмысы, нарықтық қатынастар жетістіктері, ата-баба салт дәстүрінің озық үлгісін паш етуде. Жүрегі сезімтал, көзі көреген, білікті білімімен газет деңгейін биіктетуге атсалысқан қаламгерлер қауымының үлкен тобы 1970-1990 жылдарда газетте жұмыс істеді. Олардың қатарында Амантай Есмағанбетов, Мәделхан Кәдірбеков бастаған тағы да басқа көптеген журналистердің есімдерін құрметпен атауға болады.

Аудандық газет шаңырағынан түлеп ұшып, ұлағатты із қалдырған аты алашқа танымал Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, дарынды ақын, марқұм Дәуітәлі Стамбеков, «Ақтоғай ауданының құрметті азаматтары», Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегерлері, ақиық ақындар Серік Ақсұңқарұлы, Абзал Бөкен бастаған бір топ қаламгерлер ұжымын біздің газеттен қанаттанған қаламы қайратты, ойы ұшқыр қаламгерлер екенін ауыз толтырып айтуға болады.

Бір кездері оқырмандарының санын 3000-ға дейін жеткізген басылыммен етене араласып, ауыл-ауылдардан айшықты хабарлар жолдап отырған газеттің тұрақты авторлары-штаттан тыс тілшілері болды. Сондай-ақ, аудандық газет жас таланттар мен талапкерлердің де шығармашылыққа алғашқы жол салған мектебі болды. Мектеп оқушыларының қанат қақты шығармаларына қолдау көрсету мақсатында Сарытерек орта мектебінің мұғалімі Несіпбек Әменов ең алғаш өз бастамасымен аталмыш білім ошағында «Жас тілшілер» постын ұйымдастырды. Бұл үрдісті сол кездегі Қ.Нұржанов, М.Горький мектептері іле әкетіп, аудандық газетпен білім ордалары арасында ынтымақты, тығыз шығармашылық байланыс орнықты. Бүгіндері бұл үрдісті Ж.Кеңесбаев, Қ.Нұржанов, Ж.Ақбай мектептері жалғастырып жүр. Сондай-ақ, газеттің белсенді авторлары ауданның құрметті азаматтары, ұлағатты ұстаз-ардагерлеріміз Асқар Сейдахметов пен Амангелді Туғанбев, ауыл шежірешісі Тұрсынбек Жақсыбаев, аудан тарихын терең зерттеушілер Тұңғышбай Мұқанов пен Торғай Ақпанбаевалар әлі де аудандық газетте толғамды сырға толы шығармаларын үзбей жариялап келеді.

Өз заманының, өз дәуірінің жаршысы бола білген «Тоқырауын тынысы» газеті бүгінде мәртебесі өскен, тәуелсіздік лебімен тыныстаған басылым. Газет Президентіміз Н.Назарбаевтың мемлекетімізді дамытуға бағыттаған аса ауқымды стратегиялық бағдарламаларын насихаттап, ел тәуелсіздігін экономикалық тұрғыдан нығайтуда белсенді насихаттауда.

Бүгіндері «Тоқырауын тынысы» газеті редакциясы ұжымында 10 адам еңбек етеді. Оның екеуі Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, бесеуі облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының лауреаттары.

Осыдан тура 80 жыл бұрын ардагер аға буын туын көтерген аудандық газет шын мәнінде аудан өмірімен біте қайнасып, ел мен халықтың асыл мұрат-мақсаттарын ғасырдан ғасырға жалғап келе жатқан ел тарихының құнды мұрасы болды. 80 жылды адам өмірімен өлшесек, ақсақалды қарттың ғұмырына тең. Балалық шақтан қарттыққа жеткен аудандық басылым аудан шаруашылығының даму қарқынын, ел экономикасы мен әлеуметтік өсіп өркендеу, ауыл мәдениеті мен оқу-ағарту, денсаулық саласындағы игі істерді жарнамалап, озаттар тәжірибесін насихаттап, келеңсіз көріністер мен жұмыстағы олқылықтарды сын тезіне алып отырды. Мұның бәрі газеттің сарғайған парақтарында сыр боп сақталды. Әр кезеңнің саясаты, замана өзгерістері мен проблемалары да қатталып тұр. Газет сарғайса да, тарих жадымыздан шықпақ емес. Өйткені, ол ата-бабамыздың кешегі өткен өмірі, келешек ұрпаққа нұсқаған даңғыл жолы. Бүгінгі газет редакциясы ұжымы да заман үрдісіне сай еңбек етіп, аға ұрпақтың игі істерін жалғай берері сөзсіз.

Гүлнар ЕЛЕУСІЗОВА,

«Тоқырауын тынысы» газетінің редакторы,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button