Басты тақырып

Заман көшінен қалмаған кәсіпорын

Төтеннен келген нарыққа төтеп бере алмаған кәсіпорын-өнеркәсіптердің үні өшкенде, көп ұзамай су жаңа зауыт-фабрика пайда боларына ешкімнің жүрегі дауалап, сене қоймаған-тын ол кезде. Жоспарлы экономикаға иек артып күн көргендіктен жоба-жоспарсыз тірлік ету тым ауыр еді сол сәтте. Содан талай өндіріс тұралап қалды. Қаншасы қайтып орнынан тұрмады. Алайда, нарықтық экономика өзіне бейімделгенде ғана табысты. Қоғамда тауарға сұраныс тумайынша, өнім өтімсіз. Оған қоса, өз өнімің болмайынша, өзгеге қол жайған тірлік тірлік емес. Осыны ұғындырған нарық отандық жаңа кәсіпорындардың дүниеге келуіне түрткі болды. Тәуелсіздіктің арқасында қолынан іс келетін, кәсіпкерлікті алып-сатарлықтан ажырата алғандар белді бекем буып кәсіпорындар аша бастады. Сөйтіп, Тәуелсіздіктің көк байрағының астында, байтақ далада үр жаңа өнеркәсіптер өркен жайды.

Қазіргі таңда «Қазақстанда жасалған», «Қарағандыда жасалған» деген байламы бар тауарлардың қатары артып келеді. Сөрелерде тұрған отандық тауарларды көргенде, тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезеңнен өкпеміз өшпей шыққанына шүкіршілік етесіз. Осы күні еліміз жұртшылыққа қажетті өнімнің барлығын болмаса да, біршамасын өзі шығарып отыр. Құрылыс саласында қажет материалдардың басым бөлігі елімізде өндірілуі – мұнымыздың бекер еместігін көрсетсе керек-ті. Қарағандыдағы «Казпласт» ЖШС-нің ірі көлемді полиэтиленнен жасалған өнімдері сөзімізге – дәлел.

Тәуелсіздіктің арқасында бой көтерген өнеркәсіптердің ортасынан ойып орын алған бұл кәсіпорынның қабырғасы 2011 жылы қаланды. Мұнда қарапайым халық қолданатын тұрмысқа қажетті полиэтилен өнімінен бастап, жол блоктары, белгілік конустар, дербес тазалағыш қондырғылар, балалардың ойын кешені, пластиктен жасалған контейнерлер, құтылар шығарылады. Суға арналған полимерлі құтылар бүгіннің өзінде тұтынушылардың түрлі тобы арасында кең қолданысты иеленуде. Ол бактар өте мықты және эргономикалық құрылыммен жасалғандықтан ауыз су тасымалдауға ғана емес, алуан сұйықтықтарды жеткізуге мүмкіндік береді. Құтыларды дайындауда Еуропаның қазіргі заманғы материалы қолданылады.

Кәсіпорын шығаратын балалардың ойын кешендері бірін-бірі өзара алмастыратын элементтерден құралады. Сөйтіп, ол, тіпті, алдағы уақытта бұл ойын кешеніне жаңа құрылымдарды қосуға ыңғайлы. Бұл кешеннің әдеттегі ойын кешендерінен артықшылықтары баршылық. Ол – ең әуелі, өте ыңғайлы, жөнделуі жылдам, әрі күн көзінде көп тұрса да түсін жоғалтпайды. Сондықтан табиғаттың төрт мезгіліне де төтеп бере алады. Өте қауіпсіз. Өйткені, мұнда металдан жасалған бөліктері мейлінше полиэтилен арқылы жабылған.

2013 жылы аталған кәсіпорынның ішінен кеңірдектелген қос қабатты полипрополиенді құбыр «OPTIMA» шығаратын «Bekem-Plast» ЖШС желісі іске қосылды. Бұлардың өнімдері жоғары сапалы деп бағалануда. Өйткені, оны іске асыруда заманауи технологиямен бірге «Unicor», «KraussMaffei», «IPM», «LRSPlanung&Technologie» құрал-жабдықтары қолданылады. Дания, Нидерландыдан келген ең үздік шикізат арқылы бәсекеге қабілетті тауар нарыққа шығарылып отыр. Кез келген өніміне сапа сертификаты берілген. Өздерінің тауарларын нарыққа шығармас бұрын сынақтан өткізетін зертханалары және бар.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button