Жаңалықтар

Заңнаманы жетілдіру – қажеттілік

29 қаңтарда ҚР Дін істері және азаматтық істер министрі Нұрлан Ермекбаев Парламент Мәжілісінде діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша заңнамаға енгізілетін өзгертулерді таныстырды.
Өткен жылы, Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеу кезінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы әзірленді.
Заң жобасын дайындау мемлекеттік-конфессионалдық қатынастарды уақытында жетілдірудің, дін қызметі субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін нақтылаудың, сонымен қатар уақыт талаптары мен міндеттеріне сәйкес дін саласын реттеудің үлгісі болып табылады.
Заңнамаға енгізілетін түзетулер жөніндегі ұсыныстар қазақстандықтар мен конфессия өкілдерінің белсенді қатысуымен дайындалғанын атап өткен жөн. Азаматтардың, мемлекеттік органдардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың және сарапшылар қауымдастығының пікірлері мен ұсыныстары зерделенді. Сонымен қатар, халықаралық тәжірибенің нормаларын зерттеу мен қолдануға баса назар аударылды.
Жалпы алғанда, заң жобасында 12 заңнамалық актіге 53 өзгертулер мен толықтырулар көзделген. Олар негізінен құқықтық нормалар мен ұғымдарды нақтылауға, жауаптылық шараларына бағытталған.
Әрине, олардың көбі Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына ұсынылды.
Діни экстремизм мен радикализмнің барлық көріністеріне қарсы күрес жүргізіліп жатқан жағдайда, «деструктивті діни ағым» және «діни радикализм» деген жаңа ұғымдарды енгізу радикалды ілімдерді жақтайтындардың деструктивті әрекеттерін еркін түсіндіруден және құқықтық бағалаудан алшақ болуына мүмкіндік береді. Ойлап қарасаңыз: «деструктивті діни ағым» – діни көзқарастардың, идеялардың жиынтығы, сонымен қатар адамгершілік негіздерін, рухани және мәдени құндылықтар мен дәстүрлерді әлсіретуге және (немесе) бұзуға қабілетті, адамның қорғалатын құқықтары мен бостандықтарына қауіп төндіретін ілім» және «діни радикализм» – адамның діни көзқарастарды және наным-сенімдерді ымырасыз, шектен шыға ұстануы, бұл ұстаным діни ұйғарымдар мен догмалардың қалтқысыз орындалуына басқа адамдарды күштеу іс-әрекеттерімен және шақыруларымен сүйемелденеді» (авт.белгіленген).
Діни білім алу саласына да өзгертулер енгізу көзделген. Қазақстандықтардың дәстүрлі ілімдерге сәйкес келмейтін шетелдік діни білімді көбінесе өздігінен алатынын ескерсек, олар радикализм идеяларының тасымалдаушылары болып шығады.
Сондықтан, «Қазақстан Республикасының азаматтарының Қазақстан Республикасындағы жоғары рухани (діни) білім алғаннан кейін ғана шет мемлекеттерде рухани (діни) білім алуына рұқсат беріледі. Халықаралық келісім-шарт (келісім) негізінде, сонымен қатар тіркелген діни бірлестіктердің Қазақстандағы рухани (діни) білім беру ұйымдары болмаған жағдайда ғана шетелде оқуға рұқсат берілетіні» көзделді.
Қазіргі кезде көпшілігі діни атрибутика элементтері бар киімді киюге тыйым салынғаны туралы мәселені талқылауда. Иә, мұндай тыйым енгізіледі. Бірақ, ол тек деструктивті ілімдерге жататынына қатысты болады: «Қоғамдық орындарда деструктивті діни ағымдарға жататынын көрсететін сыртқы атрибуттарды, киімдерді пайдалануға, киюге және таратуға жол берілмейді».
Қызметтік (лауазымдық) міндеттерін орындауға, медициналық мақсаттарда, азаматтық қорғаныс, ауа райы жағдайларында, сонымен қатар спорттық, спорттық – бұқаралық және мәдени – бұқаралық іс-шараларға қатысуға қажет болған жағдайларды есептемегенде, қоғамдық орындарда адамды тануға жол бермейтін киім киюге тыйым салынады.
Нақтылап айтатын болсақ, бұл жерде: «Өкілетті органның, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының бірлескен нормативтік-құқықтық актісімен сыртқы атрибуттары мен киімдерімен қоса, деструктивті діни ағымдарға жататындығын анықтайтын белгілері бекітіледі» – деген түсініктеме беріледі.
Сыртқы белгілерімен бірге, идеологиялық, тұжырымдамалық, психологиялық және басқа да белгілері болуы мүмкін.
Атап айтқанда, дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Ермекбаев бұл жөнінде: «Одан кейін бұл белгілерді ашық түрде көрсетуге тыйым салу ұсынылады. Мысалы, деструктивті діни ағымдардың сыртқы белгілеріне исламның радикалды ағымдарына тән нәрселер жатқызылуы мүмкін. Мысалы, төзімсіздікті уағыздау, бетін жабатын киім мен қысқартылған шалбар кию, сақал қою. Бірақ, олардың әрқайсысы жекелей емес, кешенді түрде қарастырылады да, тек арнайы сараптама ғана оның деструктивті діни ағымдардың белгісіне жататындығын анықтайды» – деген түсініктеме береді.
Сонымен қатар, қоғамдық орындарда адамды тануға кедергі келтіретін киім түрлерін киюге тыйым салынатынын заңды түрде бекіту ұсынылады. Нақты айтқанда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінде: «Қоғамдық орындарда адамды тануға кедергі келтіретін киім түрлерін киюге қатысты заңнама талаптарын бұзғаны үшін ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады», «Жарнама туралы» Заңда: «Деструктивті діни ағымдарға жататындығын көрсететін сыртқы атрибуттарды, киім түрлерін жарнамада пайдалануға тыйым салынады».
Бұл талап барлық қазақстандықтарға, шетелдіктерге (дипломатиялық иммунитеті бар адамдардан басқа) және азаматтығы жоқ тұлғаларға қолданылады.
Қазіргі кезде діни нормалар бойынша отбасылық-неке қатынастарына қайтып оралу жөніндегі ұсыныстар туралы көп оқуға және естуге болады. Деструктивті ағым өкілдерінің ғибадат үй-жайлары мен әдет-ғұрып мекемелерінен тыс жерлерде заңсыз некеге отыруы, оның ішінде кәмелетке толмағандармен де некеге отыру мысалдары жиі болып тұрады. Исламдық деструктивті діни ағымды ұстанатындардың арасында мұндай некелік одақтар ер адамның жай ғана ауызша өтінішімен бұзылады. Нәтижесінде әйелдер мен балалар зардап шегеді.
«Діни ғимараттардан (құрылымдардан) тыс жерлерде неке қию немесе некені бұзу жөніндегі діни салт-ғұрыптар мен рәсімдерді өткізуге жол берілмейді. Сонымен бірге, мұндай некенің/ажырасудың (ерлі-зайыптылықтың) заңды күші жоқ» деп, заңмен бекітіледі.
Балаларды әртүрлі діни салт- ғұрыптарға көптеп тартатындарын ескере отырып, кәмелетке толмағандардың қатысуымен құлшылық ету, діни салт- ғұрыптар мен рәсімдер өткізудің талаптарын арттыруды заңнамалық түрде бекіту ұсынылады.
Осылайынша, ҚР «Қазақстан Республикасындағы баланың құқығы туралы» Заңда: «Рухани (діни) білім беру ұйымдарында оқып жүрген тұлғаларды есептемегенде, он алты жасқа толмаған кәмелетке толмағандар ата-анасының біреуі немесе кәмелетке толмағанның заңды өкілі қарсы болмаған жағдайда, құлшылық етуге, діни салт-ғұрыптарға, рәсімдер мен (немесе) жиналыстарға ата-анасының біреуімен, кәмелетке толған жақын туыстарымен немесе кәмелетке толмаған баланың басқа заңды өкілдерімен бірге еріп бара алады» – деп нормативті түрде бекіту.
Қазақстанның әр азаматының «діни немесе нанымдарды ұстану еркіндігін жүзеге асыруға» құқығы бар екендігіне қарамастан, мемлекеттік қызметшілер үшін бірқатар шектеулер көзделеді: «Мемлекеттік бюджеттен және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен қаржыландырылатын ұйымдардың қызметкерлері өздерінің қызметтік жағдайларын және оларға байланысты мүмкіндіктерін діни бірлестіктердің мүддесі үшін пайдалануға, сонымен қатар өзге тұлғаларды діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға, діни салт-ғұрыптарға қатысуға және (немесе) діни оқуға мәжбүрлеуге құқығы жоқ» және «Өздерінің діни нанымына байланысты Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерді орындаудан бас тартуға ешкімнің құқығы жоқ».
Мұның бәрі мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан тыс уақытта діни мекемелерге бару, діни іс-шараларға қатысу құқығын шектемейді. Бұл ретте, олар әрдайым өздерінің мәртебесін есте сақтауға және мемлекеттік қызметшінің әдебін сақтауға міндетті.
Ұсынылып отырған бірқатар түзетулер мемлекеттік органдардың құзыретіндегі өзгертулерді де көздейді.
Ең алдымен, діни бірлестіктердің қызметін тексеру және деструктивті діни ағымдарды ұстанатындардың санын бағалау құзыретін дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне бекіту ұсынылды.
Бұл – елдегі діни ахуалды неғұрлым құзыретті бағалауға, дін саласында радикалдардың қызметінің жолын кесуге жедел шараларды қабылдауға мүмкіндік туғызады.
Өңірдегі діни ахуалды зерделеу және талдау міндетін, өңірде жұмыс істейтін діни бірлестіктердің, миссионерлердің, рухани (діни) білім беру ұйымдарының қызметіне талдау жасауды облыстық және аудандық маңызы бар қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне бекіту ұсынылады.
ҚР Қылмыстық-атқару кодексінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және дін қызметі саласындағы өкілетті органының келісімі бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі сотталғандармен теологиялық оңалту қызметінің мақсатты жұмысын ұйымдастыру жөніндегі ережелерді бекітуді ҚАЖК құзыреттіне беру ұсынылады. Бұл оларға құқықтық тұрғыдан жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Діни қызметке байланысты қылмыстардың алдын алу жөніндегі ІІМ функцияларын кеңейту ұсынылады. Атап айтқанда, «адамдарды қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке бірден тартпай, оларды криминалдық есепке алу және де қажетті тергеу амалдарын жүргізу үшін ішкі істер органдарының құзыретімен тергелетін, сонымен қатар діни қызмет саласындағы әкімшілік құқықбұзушылыққа жататын экстремистік және террористік қылмыстарды жасауға жағдай жасайтын іс-әрекеттерге жол берілмейтіні туралы міндетті түрде орындалуға тиісті жазбаша ресми ескертуді жеке тұлғаларға хабарлау».
Діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері жөніндегі заңнамаға енгізілетін осы және басқа да ұсыныстарды дінге сенушілердің, конфессиялардың құқықтарын шектеу ретінде қарастыруға болмайды.
Түзетулер дін саласындағы заңдардың нақты орындалуына, діни экстремизм жақтастарының деструктивті әрекеттеріне қарсы тұруға мүмкіндік береді, азаматтарды, отбасыларын, балаларды олардың ықпалынан қорғайды.
Қорыта айтқанда, бұл конфессиялардың өздеріне пайдасын тигізеді, өйткені нақты құқықтық тұрғыдағы жұмыс, қажетті жағдайда олардың және діни сенімдегі адамдардың өз құқықтарын құқықтық тұрғыдан қорғауына мүмкіндік береді. Өйткені, заңнамаға сәйкес «Діни немесе нанымдарды ұстану еркіндігін жүзеге асыру тек қана заңдармен және конституциялық құрылысты, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, тұрғындардың денсаулығын және адамгершілігін қорғауды қамтамасыз етуге қажетті дәрежеде ғана шектелуі тиіс».
Заңға енгізілген түзетулер дін саласында жұмыс істейтіндердің басқа мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен, діни конфессиялармен тығыз ынтымақтастықта мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруына мүмкіндік береді.

Н.Бикенов,
Қарағанды облысының
дін істері басқармасының
басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button