Заңғар ғалым

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Баян Рақышев мерейлі 85 жасқа толып отыр. 400-ден астам ғылыми еңбегі, 13 монографиясы жарық көрген, 23 өнертабысының авторы атанған тау-кен саласының майталман білгірі – Шет ауданындағы Қарасаз ауылының тумасы.

***

Тау баласы өзгеден тастың тілін сұрамайды. Кенішті ауылдың баласы болғандықтан, мектепті бітіре сала Алматыны бетке алып, сол кездегі іргелі оқу орындарының бірегейі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ политехникалық институтына құжаттарымызды тапсырғанбыз. Ағаларым сынды тау-кен инженері болсам дегем. Мұнда келген соң алдын ала әңгімелесуден кейін алғашқы ойымнан айнып, автоматика және есептегіш техникалар факультетін қалайын.

Соңынан «қорқайын» дедім. Құжат тапсырушылардың дені алтынға бітіргендер. Ол кезде күміс деген жоқ болатын. Аттестатымда бір ғана төртім бар. Не керек, бір орынға төртеуден айналдық.

Бірінші сынақтан-ақ сүрінейін. Математикадан жазбаша жұмыс бойынша қанағаттанарлық қана баға алдым. Үштік алғандар құжаттарын алып жатқанда, періштелерім қаққан шығар, мен аппеляцияға бердім. Есепті дұрыс шығарғаныммен кері тексеру болмай шықты. Кері тексеру мектеп бағдарламасына енді кіре бастаған тұс. Қанша ышқынсам да сөзім өтпеді.

– Жуан үш, – деді ағалардың бірі жұбатып.

Оған көңілім қайдан көншісін. Аппеляцияға мен сияқты тапсырғандар жетерлік екен. Олардың да алған жауаптары осы сын-ды.

– Қалған екеуін беске тапсырсаң, өтіп тұрсың, – деп және қосып қойды бейтаныс аға.

Сол ағамды жақсы көріп қалдым. Қырықтың қырқасына шыққан, көзәйнекті, кең пішілген жігіт ағасы екен.

– Он үш балмен өтпейсің, – дейді бөлмелес серіктестерім.

Көңіл күпті. Ауызшасынан мүдірмедім. Осы жолы қолдау көрсеткен ағамды көрдім. Ол кісі біздің сынаққа бастан аяқ қатысып отырды. Сынақ тапсырып отырғанымда:

– Шеттің қай жеріненсің? – деп сұрады.

– Ақшатаудан, – деймін баяғы.

Физикадан да қамшы салдырмадым.

Ақыры, маған тілеулес болған аға айтқандай оқуға қабылдандым. Он үш балмен әзер өткендердің бірі болдым.

Сол кісі осы Баян Рақышев ағамыз екен. Ол кісі сонда да, кейін де ештеңе деген жоқ. Алайда, дәл сол кісінің шапағаты тигенін ішім сезеді…

***

Мектепті Қарағандыда медальмен бітіріпті. Институтты да үздік бітірген көрінеді. Еңбек жолын Қоңырат кенішінде бастапты. Айналдырған он жыл ішінде жас жігіт карьер бастығына дейін көтеріледі. Қоңыраттың ол кезде жығасы жығыла қоймаған. Балқаштың асыраушысы – бір өзі. Сондықтан, ондай қызметте отырған қандастарымыз некен-саяқ болатын. Мұның өзі Баян ағамыздың жігерлігін көрсетсе керек. Ғылымға бейімі бар жас жігіт оған да уақыт таба біледі. Өз басын әзер алып жүретін қызметіне қарамастан, белгілі академик А.Поповтың жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғайды.

Өндірістен шыныққан жас жігіт енді біржола ғылым жолына түсуді ойланады. Сөйтіп жүргенде өзі бітірген институттан шақыру келеді.

Осыдан бастап, ол кісінің ғылымдағы ұлағатты жолы басталады…

***

Ол кісінің біраз ізденістері өзіне етене жақын – кенді ашық өндіру әдісі мен технологиясына арналған. Пайдалы қазбаларды өндірудің негізгі ұғымдарын ғылыми түрде тұжырымдап, дәйектеді. Ашық өндіру жүйесінің жаңа классификациясын енгізді.

1994-ші жылдан бастап Б.Рақышұлы мемлекеттік ғылыми-техникалық бағдарламалар жобаларының ғылыми жетекшісі.

Айтулы ғалымның қырықтан астам ғылыми мақалалары шетелдік басылымдарда жарық көрген.

Ол кісі еліміздің Экология, Халық, Ресей тау-кен, Халықаралық ғылым және өнер, Қазақстан Республикасы Жоғарғы мектеп академияларының академигі болып сайланды.

Ғалым ағаның педагогикалық қызметінің өзіне жеке мақала арнауға боларлықтай. 1980-ші жылдардан бастап, үнемі басшы қызметтерде болды. 1985-1992-ші жылдар аралығында тау-кен саласындағы қордалы қара шаңырағымыздың ректоры қызметін атқарды. Осы жылдары институттың оқуөндірістік базасы айтарлықтай нығайды. Ұлықты тәрбие, білікті білім беруде алдыңғы қатардан көрінді.

Ғалым ағаның алдын көрген мыңдаған шәкірттері еліміздің өндіріс ошақтарында еңбек етіп, ел игілігін арттыруда. Маңдайымызға біткен ғұламаларымыз Қаныш Сәтбаев пен Ақжан Машанидың салған жолын лайықты жалғастырды. Ел үміт артқан ізбасарлар тәрбиеледі. Төрт ғылым докторын, жиырмадан астам ғылым кандидатын даярлады. Ғылым саласындағы кейінгі толқынмен сабақтастықты осылай жалғады.

***

Ғалым ағамен бүгін де байланысымыз үзілген жоқ. Мүмкіндігінше ел жаққа ат ізін салып жүр. Белгілі алашшыл Ахмет мұғалімді ұлықтағанымызда жуан ортамызда жүрді.

Менен инженерлік шықпады. Басқа оқуды қуып кеттім. Тағы бір кездесуімізде облыстық басылымда журналист болып жүргенімді айттым.

– Бәлі, – дейді ағам сонда, – адам инженері болып шығыпсың ғой. Одан өткен қандай инженер болмақсың?

Сөйткен «адам инженерінің» кен инженері туралы жазған мақаласы осы болды.

Ағамыз 85-ке толса да шаршадым деп отырған жоқ. Соқасын әлі суырған жоқ. Ендеше, ағамызға алдағы уақытта да шығармашылық табыс тілейміз.

Төрехан МАЙБАС,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.