Әдебиет

Өз дәуірін ала туғандар…

«Наурыз айында туғандар өте сезімтал болады» дейді жұлдыз жорамалда. «Айналасындағы оқиғаларды жүрегіне жақын қабылдайды» деп енді шыққан көктей қылтитып қоятыны тағы бар. Ақындар туатын айды меңзеп тұрғандай сезіле ме, қалай мұнысы?! Шынында, ақынжазушы аз тумапты наурызда.

Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейханның 5 наурызда туғанын білетін шығарсыз?! Дүйім ел туған күнін 9 ақпанда тойлап жүрген Мұқағали Мақатаевтың өзін осы наурыз айының 8-і туған дейтіндер табылады. Айтқан уәждері де қисынды. Әңгіме ақынның осы Наурыз мейрамына байланысты жазған, әнге айналып кеткен өлеңінен шыққан. «Наурыз тойын бергенде, Көрмегендер де – арманда, Арманда – оны көрген де. Келіп ем өмір-орманға, Наурыз айы келгенде» дейді өлеңге өтірік айтпаған Мұқаң. Бұл аз десеңіз, ақынның анасы Нағиман апа естелігінде: «Мұқағалиым 1931 жылы наурыз айының 8-де дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі, балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз», – депті. Мұны Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Оразақын Асқар былай толықтырады: «Ал, құжат бойынша Мұқағали 9 ақпанда дүниеге келген. Бұл куәлікті ақын ес білген кезде сол кездегі сайлау науқанына байланысты өзі жаздырып алған екен», – дейді. Мұқаң талантын жоғары бағалап, ол өлгенде «Тұңғыш көрдім өлгенін шын ақынның» деп қатты қапаланған Төлеген Айбергенов те 8 наурызда келген жарық дүниеге.

«Көктемді қондырып қанатына, Құс қайтып оралды Алматыма» деген Тұманбай Молдағалиев те 1935 жылдың 20 наурызында ашыпты дүние есігін. Қазақ поэзиясының көктемі де осы Тұманбай ағамен бірге туған сияқты. Өзі айтпақшы, құс келмесе көктем келмейтіндей, Тұманбай аға тумаса – қазақ поэзиясында нәзік те сыршыл лирика сап құрмастай сезіледі де тұрады.

Омар Һайямды қазақша сөйлеткен қазақтың ғажайып ақыны Қуандық Шаңғытбаев 21 наурызда 1925 жылы шыр етіпті. Қазақ ұлтының сөз зергері, жазушы Ғабит Мүсірепов, ұлттық балалар әдебиетіне олжа салған қабырғалы қаламгер, Г.Андерсен атындағы өте беделді халықаралық сыйлықтың иегері Марат Қабанбаев, дүлдүл әнші Жәнібек Кәрменовтің кіндігі дәл осы 22 наурыз күні кесіліпті.

Әйгілі әдебиетші ғалым, академик Серік Қирабаевтың кіндігі 1927 жылдың 23 наурызында кесіліпті. Ал, жалпы Арқа даласына көз жіберсе, жылды өзімен бірге келген тұлғалар аз емес. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақов, ақын, әнші-композитор Мәди Бәпиұлы, химик-металлург қана емес, лирик, публисцист, аудармашы Ебіней Бөкетов те осы айдың 23 жұлдызында туыпты. Ұлы Мұхтар Әуезов «жыл келгендей жаңалық сезінеміз» депті бірде жастар поэзиясын оқып. Сол сияқты, бұл тұлғаларды жаңа жылда туды дегеннен гөрі, жыл келгендей жаңалық әкелгендер десе жарасады. Жылы былай тұрсын, әрқайсы өз дәуірін ала туғандар. Биыл туған қай Алаш баласының маңдайына жазылып тұр екен бұл бақыт. «Үмітсіз – шайтан ғана». Сондықтан, сіз де ырымдап қойыңыз.

Жәнібек ӘЛИМАН,

“Ortalyq Qazaqstan”

Басқа материалдар

Back to top button