«Қызымның өліміне басшылары кінәлі!»

Осылай деп зар еңіреген ана Еуразия бірінші арнасына хабарласқан. Қарағанды облысының тұрғыны Қарқаралы ауданындағы поштада істеген қызына бастықтары жала жауып, мойнына бір миллион теңгеге жуық іліп қарыз ақша қойғанын айтты. Өзіне тағылған айыптан іштей азаптанып, «ала жіпті аттадың» деген сөзден арыған келіншек суицид жасаған. Қызының  киім ілгішке асулы тұрған жансыз денесін көрген анасы, оны ажалға итермелеген жайттың жай-жапсарын баяндап берді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

«Құлыным-ау, жылаттың-ау папаңды, жылаттың-ау бәрімізді! Қалай қиып кеттің?»)) 

Қос етегі жасқа толған Айнаш Манабаева қызының өмірі 900 мың теңге үшін қиылғанына қан жылайды. Қарқаралы ауданындағы «Қазпоштада» абыройлы қызмет атқарып жүрген. Ақпан айынан бері жұмысына жауапты, бір тиын артық не кем шығармай келген жас маман 17 сәуір күні ауырып қалып, науқас парағын аштыртқан.  Алайда, 3 мамырда Қарағандыдан келген комиссия мүшелері бастықтарымен бірігіп, шұғыл жұмысқа шақыртқан. Сонда құжаттардағы сандардың жетіспейтінін айтып, мойына 960 мың теңге ілінген. Қан аздық дертіне шалдыққан Мөлдір анасына 9 мамыр күні қоңырау шалып, мойнына ақша ілінгенін және оны алмағанын айтып жылапты.

«Кіріп бара жатып, қарап қалсам, қызымның аяғын көрдім, пижама киіп алған. Екінші дәрежелі анемия еді өзі, «қой мына қызым құлап қалған екен ғой» деп, көтеріп қалсам, вешалкада жіпте ілініп тұр. Құлыным, ешкім жоқ қасында. Айқай сап, қызымды отырғыза сала далаға жүгірдім. Күйеу бала жүгіріп келді, айқайладым» – дейді марқұмның анасы Айнаш Манабаева.

Оқиға орнына жеткен «жедел жәрдем» дәрігерлері Мөлдірді өмірін аман алып қалу мүмкін емес екенін айтқан. Денесінің қызуы мен демінің жылуы қайтпаған қызының бақилық болғанына сенбеген анасы ақ халаттыларға оны тірілтуді сұрап, жалынған. Марқұмның жолдасы Аслан Тұрсынов Мөлдірдің өзін ажалға қиятындай ешбір белгі білдірмегенін айтады. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан арылған келіншек көп сөйлемей, өзімен-өзі болыпты. Асланның сөзінше, Қазпошта басшылары әйеліне қысым жасаған.

«Бастығы Мөлдірді қорқытыпты. Неше күн Мөлдір айтпаған ғой ішіне сақтап жүрген. Бастығы айтқан, күйеуіңді де жұмыстан шығарамыз деп. Ақшаны орнына салмасаң, сотқа жібереміз деп коммисия мүшелері де дауыс көтерген» — дейді марқұмның жолдасы айбек Тұрсынов.

Ал Қазпошта басшылығы болса, кассирдің көмекшісі болып қызмет атқарған Мөлдір Тапина жетіспеген қаражатты өзі алғанын айтып, қолхат жазып кеткен дегенді алға тартып отыр.

«Бесі күні түнгі бірде бастықпен барды да, үйінен жарты ақшаны алып келді. Ол бізде фактический бар. Түнгі бірде мен кассирімді үйден алдырттым. Кассаны қайтадан аштыртып, бас кассирдің көзінше қайта салдық. Қолымен жазып берген қолхаты бар. Осындай сомманы алдым, осындай сомма қарызбын деген» — дейді аудандық Қазпошта бөлімінің бас есепшісі Нәзира Тіленшина.

Қазіргі таңда бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тараптардан жауап алынуда.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.