Баған

Қызыл сөзге құмармыз…

Қашықтықтан жұмыс істеп жатырмыз, балалар да үйден шықпай білім алуда. Қолымыз босағанда бір мезгіл «Youtube» желісінен қазақша мультфильмдер, түрлі танымдық дүниелер тамашалаймыз, талқылап, қорытамыз. Шамам жеткенше, перзенттерімді уақытты тиімді пайдалануға баулимын…

Жуырда әдеттегідей желіге кіре қалсақ, тайландық екі қарадомалақ баланың бейнежазбалары жүр екен. Олар теңіз жағалауындағы орман ішінде жер қазып, шағын үйлер салып жатты. Бас-аяғы бірнеше күнде жинақы, бассейні, жаттығу залы, демалатын бөлмелері бар баспананы салып бітіреді.

Шолақ шалбар ғана киген, өздері күнге әбден күйіп, еңбекке піскен. Көп тер төгіп, аз ұйықтайды. Қолдарындағы құралдары – балта ғана. Ал, құрылыс материалдары – орман өсімдіктері, бамбук ағашы, оның қабығы, жапырақтар мен шөп-шалам және тас, топырақ пен су. Сырлау үшін түрлі-түсті бояуды да қолдан жасай салады. Жұмыс істеу тәсілдері –  көрген жан қызығарлықтай. Үйдің түр-түрін XXI ғасырдың озық технологиясынсыз-ақ сала береді.

Таң қалғаным – жұмыс үстінде мүлдем сөйлеспейді. Ыммен ғана түсініседі.

Сөйтсем, бұл – сөзі жоқ, тек қимылдан ғана тұратын жазбалар жүктелетін бизнес-парақша екен. Арнайы жасақталған команданың табыс тауып отырған кәсібі. Қаралымдары – 75-80 млн. Үй салу ғана емес, аң аулау тәсілдері, орманда адаса қалсаң, түзу әрекет ету, құстар мен үй жануарларына үйшіктер жасау сияқты пайдалы бейнежазбаның түр-түрі бар.

Кәсіпкер Ерлан Әшімнің бір сұхбатында «Елімізде ғаламтор арқылы табыс табу кеңістігі бос тұр, кәсіпті жүргізумен қатар, өзгеге де пайдаңды тигізуге болады» дегені ойыма сап ете қалды.

Бүгінде адамзат баласы ғаламторға көшкен, сонда өмір сүреді десе де, болады. Осыны жаңағы бейнежазба иелері жақсы түсініп, табыс көзіне айналдырып отыр.

Содан үй салуға қатысты қазақша жарияланымдарды іздедім, жоқтың қасы. Бар болса да, сөзі көп, ананы-мынаны айтып, миыңды ашытып жібереді.

Ал, жалпы бейнежазба түсіріп, сол арқылы пайда табатындар бізде де баршылық. Бірақ, олардың қаруы – сөз. Шетінен сықақшы, әзілкеш. Арзан әзіл мен дәмі татымсыз сөзге әуес. Бұл жөнінде XIX ғасырда хакім Абай «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» деген еді.

Шектен тыс көбейген көбік сөз елді ығыр қылғанымен қоймай, сөздің қадірін қашырды…

Меніңше, әлгі үй тұрғызушы шеберлер – қос балақайдың басшылары көп сөз жұртшылықты шаршатып, көрерменді азайтатынын пайымдай білген. Бұл «олар өз тілін сүймейді» деген сөз емес, әрине. Тайландықтар туған тілін құрметтейтіні соншалықты, ағылшынша жетік білсе де, сөйлеуге намыстанады екен…

Бала күнімізде басты рөлін Роуэн Аткинсон сомдаған Мистер бин жайлы сериал болушы еді. Ол да бар эмоциясын қимылмен білдіріп, миллиондардың жүрегін жаулаған-тын. Тайландықтар сол образды қайта тірілткен сияқты. Өзгешелігі – бұзақылық емес, еңбексүйгіштіктің насихатталуы. Осылайша, жастарды қызыл сөзге әуес болмауға тәрбиелеуде, әрі қалталарын қампайтуда.

Біз де осы бір ойымызды жеткізу үшін біраз орағытып, айналып шаптық-ау, шамасы…

Айтарымды айттым, көпіре бермей, доғарайын, ендеше…

Жәлел ШАЛҚАР,

облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі.

Басқа материалдар

Back to top button