Қытай көрмесі – Қарағандыда

Қарағандыда Қытай Халық Республикасының құрылуының 70 жылдығына арналған фотокөрме ашылды. «Алтын ғасыр» галереясындағы түрлі-түсті 125 фотосурет қытай елінің көпжылдық тарихынан сыр шертеді.

Фотокөрменің ашылу салтанатына ҚХР-дың Қазақстандағы елшілігінің кеңесшісі Сунь Чандун қатысты.

– Қытай Коммунистік партиясының парасатты басшылығының арқасында біз сәттілік пен өркендеу жолындағы барлық кедергілерді жеңе алдық. Әрине, қазір біз үшін басты міндеттердің бірі Қазақстанмен тату көршілік қатынастарды дамыту және қолдау. Бұған қыркүйекте ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаған мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамыту туралы шешім кепіл, – деді Сунь Чандун.

Сондай-ақ, елші «біз осы суреттер арқылы еліміздің өткені мен бүгінін көрсеткіміз келеді. Қазақстандықтар Қытайды және оның тарихын жақсырақ біліп, өздері үшін жаңалық ашады деп ойлаймыз» – деді.

Көрмеде «Қытай халқы аяққа тұрды», «Жаңа дәуірге табанды және батыл қадамдар» және «Реформалар мен ашықтықтың қолайлы кезеңі» атты үш кезеңді қамтыған тарихи суреттер қойылған. Олардың арасында 1949 жылдың 1 қазанында Мао Цзэдун ҚХР Орталық халықтық үкіметінің мемлекетті құруға арналған салтанатты рәсімде декларациясын жариялаған кезде түсірілген сурет бар. Сондай-ақ, Қытайды әлемдегі басқарылатын ғарыштық ұшу технологиясын меңгерген үшінші ел деп танытқан «Шэньчжоу – 5» басқарылатын кемесінің ұшу тарихын баяндайтын суреттер де қойылған. Алғашқы қытай жүк көліктері және Мәскеудегі қытай тауарлары бар кәдесый дүкені, электронды баспа жүйелеріндегі зерттеулер де баршылық.

Көрмені алғашқылардың бірі болып қаламыздағы қытай тілін оқып жүрген студенттер мен университет профессорлары, оқушылар тамашалады.

 – Көрмеден Қытай халқының өткен тарихын көріп, бірқатар мәліметтер жинадық. Тарихы мен экономикасы қатар дамыған елдің бейбітшілік, даму, серіктестікті ұстанатыны көрмедегі суреттерден-ақ байқалады, – дейді көрмені тамашалаған Аружан Сапар.

Айта кеткен жөн, фотокөрме Нұр-­Сұлтан, Ақтөбе, Шымкент және Павлодар қалаларында да өткізіледі. Қарағандыда 10 қарашаға дейін жалғасатын табады.

Аяулым СОВЕТ