Қыстан қысылмадық, бірақ тоқмейілсуге әлі ерте

Жылу беру маусымында 8 жылу электр стансасындағы қазандық құрылғыларында бірінші деңгейлі — 3, екінші деңгейлі — 207 ақау орын алған. Алайда, аталған ақауларға құзырлы орындар арқылы нұсқаулықтар беріліп, жойылған. Сонымен қатар, Теміртау қаласындағы ЖЭО-2 ұдайы ерекше бақылауда болды. Жалпы, жылу орталығы қалыпты жұмыс істеді. Бірақ жөндеу жұмыстары ұзаққа созылған. Бұл туралы облыстың энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай ҮСЕНОВ кешегі аппарат жиынында мәлімдеді. Аймақ басшысы Ерлан Қошанов төрағалық еткен аппарат жиынында жылу беру маусымына қатысты бірқатар түйінді мәселелер талқыланды. Жылу орталықтарын жөндеуден өткізуден бастап, жұртшылықты, әлеуметтік маңызды нысандарды көмірмен толық қамту да бар.

«Қыс шанаңды жаз сайла»

 Аталған жылу электр орталығында жылу беру маусымында екінші деңгейлі 44 ақау шығыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 35-ке кем. Жария етілген деректерге сүйенсек, орталық 22 күн бойы бекітілген температураны ұстап тұрды. Жылу берудің температурасы 5-7 градусқа аздықты көрсетіпті. Алайда, басқарма басшысының айтуынша, бұл тұрғын үй қорын жылытудың қалыпты өтуіне кері әсер етпеген. Ал, Қарағандының ЖЭО-1 және Шахтинск қаласындағы ЖЭО тұрақты жұмысын ерекше атайды. Мұнда сапалы жүргізілген жөндеу жұмысының нәтижесінде іркілістерге жол берілген жоқ.

Келесі жылдың жылу беру маусымына дайындық жұмыстары үшін 43,6 млрд. теңге қарастырылған. Бүгінде жылу орталықтарындағы негізгі және қосымша құралдарды жөндеу жұмыстарының желілік кестесі жасалған. Облыстағы 8 жылу электр стансасында 42 қазандық, 15 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Негізгі және қосымша құрылғыларды жөндеу 16 млрд. теңгеден астам қаржыны қажет етеді.

Бірқатар өңірлердің жылу электр стансалары жұмысқа кіріскен.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның ЖЭО2-де №7 қазандықты жобалау және жеткізу, монтаждау бойынша жұмыстар бастау алған. Басқарма басшысының айтуынша, бұл қазандықтың іске қосылуы жылу қуатына қаладағы тапшылықты жоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қала мен аудандардағы дербес жылу орталықтары да биылғы қысты қысылмай өткерген. Шет ауданы Ақадыр кентінде 11 автономды жылу жүйесін үй жертөлесінен шығару бойынша жұмыстар мамырда басталады.

Шахан қаласындағы орталық қазандық құрылысы да биылғы жылы жүргізіледі. Бұған облыстық бюджеттен 234 млн. теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ, 330 млн. теңге республикалық бюджеттен қосымша берілмек. Жұмыс екінші тоқсанда басталады. Қазандықты 2020-2021 жылғы жылу беру маусымында іске қосу жоспарлануда. Бұған қоса, жұртшылықты көмірмен қамту ісі де назарда.

Аймақ басшысы Ерлан Жақанұлы былтырғы үрдіс бойынша шілде айына дейін теміржол тұйықтарына көмірдің толық жеткізілуі тиістігін қадап айтты. Бұл маусым басында орын алатын ел арасындағы дүрлікпе мен бағаның өсуіне жол бермейді. Дәл осы уақытта мектептер мен ауруханалар да көмірмен қамтылуы керек.

 – Өткен жылы қабылданған шаралардың арқасында біз дүрлікпеге жол бермедік. Қоймалар маусым басталғанға дейін көмірмен 50% толтырылды. Біз сондай-ақ, аулаларды аралап шығуды қарастыратын ауқымды ақпараттық науқан өткіздік. Шілде мен тамыз айларында тұрғындар көмірді 2017 жылға қарағанда 80%-ға артық сатып алды. Негізгі жеткізушілермен бағаны төмендетуді қарастыратын меморандумға қол қойдық. Биылғы жылы да осындай жұмыстарды жүргізу қажет. Бұл шаралар өз тиімділігін көрсетті, – деп тапсырды облыс әкімі Ерлан Қошанов

Даму бар, кедергі де жоқ емес

Бірінші тоқсанды еңсерген кеншілер мекенінің қарымы көңіл көншітерлік. Мәселен, бірінші тоқсанда 109,8 млрд. теңгеге инвестиция салынды. Оның 78,4%-дан астамы өнеркәсіпке құйылған. Өңдеу саласындағы үлес – 37%. Ал, ауыл шаруашылығына салынған инвестициялар 3,2 есеге, құрылыс 2,8 есеге өсті. Өңірлік бөліністе негізгі капиталға инвестициялар көлемінің оң серпіні 12 өңірмен қамтамасыз етілді. 2018 жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 6 өңірде – Бұқар жырау, Ақтоғай, Абай, Ұлытау аудандары мен Приозерск және Жезқазған қалаларында инвестициялық белсенділік төмендеген.

 Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 1,9%-ға артып, 30,9 млрд. теңгені құрады.

Құрылыс секторында 49,2% өсіммен 25 млрд. теңге сомасына жұмыстар орындалды. Өңірлік бөліністе құрылыс жұмыстары көлемінің өсуі облыстың 11 қаласы мен аудандарында қамтамасыз етілген. Бұл жөнінде экономика басқармасының басшысы Ораз Тәуірбеков хабарлады.

 Есептік кезеңде 2018 жылдың 1 тоқсанымен салыстырғанда 7,6% өсіммен 121,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Тұрғын үйді іске қосу көлемінің құрылы мы бойынша 31% жеке тұрғын үй құрылысына, 42,5% – коммерциялық тұрғын үйге, 26,5% – мемлекеттік сектордағы тұрғын үйге тиесілі. Сонымен қатар, олар өндірген өнім көлемі 21,5%-ға өсті.

Экспорттық әлеует қайтсе артады?

 Облыста экспорттық әлеуетті арттыру үшін қосымша қорлар бар. Шамамен 1,7 трлн. теңге сомаға 37 жаңа ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның ішінде, шетелдік капиталдағы 15 жоба бар. Олардың жалпы құны – 1,4 трлн. теңге. Сондай-ақ, металлургия, баламалы энергетика, машина жасау, химия өнеркәсібі салаларында 5 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Олардың ішінде 12 жоба таяу және алыс шетелдерге (ТМД, Еуропа, Азия) экспортқа бағытталған. 2018 жылғы облыс экспортының көлемі – 4,5 млрд. доллар. Бұл туралы өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысы Ғалымжан Жұмасұлтанов баяндады.

Облыста шығарылған өнімдер әлемнің 49 еліне, атап айтқанда, Ресей, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания, Өзбекстан, Украина, Қырғызстан және тағы басқа елдерге экспортталады.

Тауар топтары бөлінісінде шикізаттық емес экспорт құрылымында ең үлкен үлес – 85% металдар мен олардан жасалған бұйымдарға, 1,2% – дайын азық-түлік тауарларына, 1,0% – химиялық өнімге, 0,1% – құрылыс материалдары мен машиналарға, жабдықтарға, көлік құралдарына тиесілі. Жалпы, экспорттың негізгі үлесі, 75% -ы – «АрселорМиттал Теміртау» мен «Қазақмыс» корпорациясы еншісінде.

Қызғалдақ АЙТЖАН