Жаңалықтар

Қысқа қамданыс – қызу

Қарағанды облысының медициналық мекемелерінің 72%-ы жылыту маусымына дайын. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

– Аймақтың ауруханалары мен емханаларының жартысынан көбі қысқы маусымға дайындық туралы актілерді алды. Жылу жүйесін қосуға 242 медициналық ұйымның 175-і дайын. Бұл бүгінгі күнге жоспарланған межеден 12%ға артық. Жылыту маусымына дайындық – бірінші басшылардың назарында, – деп атап өтті басқарма басшысы Ержан Нұрлыбаев. Аталмыш жұмысты жүзеге асыруда Нұра және Шет аудандары – алдыңғы қатарда. Мұндағы денсаулық сақтау саласының 167 нысаны орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтылған. Бесеуі аймақтық қазандықтар арқылы, ал, 65 медициналық ұйым автономды жылу жүйесі немесе өз қазандықтары арқылы жылытылады.

Мамандар мәлімдегендей, медициналық мекемелерді жылыту үшін 20 мың тоннадай көмір қажет. Қажетті отынды жеткізу бойынша келісімдер жасалып, кестелер бекітілген. Биыл Ақтоғай ауданының орталық аудандық ауруханасына модульді қазандық орнатылады. Приозерск қаласы ауруханасының, Шет ауданының орталық аудандық ауруханасының және Қарқаралы ауданының үш дәрігерлік амбулаториясының қазандық құрылғыларын ауыстыру бойынша жұмыстар атқарылмақ. Жылу жүйелерін жуу, қысымын өлшеу және орнату жұмыстары жалғасуда.

«Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, жылыту маусымына дайындық – жыл сайынғы жүйелі жұмыстардың бірі. Қайсыбір жылдары көмірге тапшылық байқалғаннан кейін облыс халқы қысқа ертерек қамдануда. Биыл көмір сататын нүктелер саны да артты. Ондай нүктелердің қатары – 36. Оның ішінде, 23 теміржол тұйығы мен 13 қойма жұмыс істейтін болады.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button