Ырыс қонған өлке

Агроөнеркәсіп кешенінің ел экономикасындағы үлесі қомақты. Қазіргі таңда билік тарапынан аталған салаға барынша көңіл бөлінуде. Елорданың азық-түлік белдеуіне енетін Қарағанды облысы үшін де ауыл шаруашылығын дамыту мәселесі тіпті өткір тұр. Қолға алынған ауқымды жобалар баршылық. Мемлекеттің қолдауымен ірі кәсіпорындар, іргелі шаруашылықтар іске қосылуда. Мұны облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған мәліметке қарап отырып та түйсінуге болады…

Әңгімені төрт түліктен бастасақ… Қазір облыста мал басын асылдандыруға баса назар аударылуда. Мәселен, былтырдан бері облыс фермерлері «Сыбаға» бағдарламасы арқылы сырттан 4,5 млрд. теңгеге 7 мың сиыр сатып алды. Жыл басынан қыркүйекке дейін облыстағы сиыр саны 4,8 пайызға көбейді. Келесі жылы ірі қара саны арта түспек. Яғни, 577,3 мың сиырды еңсереді.

Асылдандыру жұмыстарын қарқынды жүргізіп отырған бірнеше шаруашылықты атап өтуге болады. Осакаров ауданындағы «Салтанат» шаруа қожалығы Чехиядан 201 симментал сиырын әкелді. Ресейден Ұлытау ауданындағы «Нұр» және «Тасқұдық» шаруашылықтары – 220 сиыр, Бұқар жырау, Шет аудандарындағы шаруа қожалықтары 300-ден астам асыл тұқымды сиыр жеткізді.

Асылдандыру шаруаларының нәтижесінде өнім көлемі артты. Биыл облыста 96,3 мың тонна ет, 381,2 мың тонна сүт өндірілді. 1108,1 тонна сиыр еті экспортталды.

Қой шаруашылығы қарыштап дамып келеді. Қазір облыста 1 миллионға жуық қой-ешкі бар. Оның – 32,5 мыңы асыл тұқымды. Негізінен, Жаңаарқа ауданындағы «Жеңіс», Нұра ауданындағы «Отқанжар», Шет ауданындағы «Әлішер», Ақтоғай ауданындағы «Жәмші», Ұлытау ауданындағы «Сарысу» сияқты шаруашылықтар мал басын асылдандыруға белсене кірісуде. Биыл шет мемлекеттерден 15 мың қой сатып алынды.

Қарағанды қойына шетелден қызығушылық ерен. Араб елдері, Қытай тарапынан сұраныс жоғары. Мысал ретінде, қазір «Арай KZ» ЖШС Қытайға 2 мың тонна қой етін жеткізу туралы келісімшарт жасады.

Қазір Арқа төсін 344,9 мың қылқұйрықты дүбірге бөлеп жүр. Жылқыдан алынған өнімді өңдеу жұмыстары ширата жүргізілуде. Осакаров ауданындағы «Евразия Инвест ЛТД» ЖШС құрғақ бие сүтін экспортқа жөнелтуде.

Бұл жетістіктерді еңсеруде мемлекет қолдауы демеу болуда. Биылға мал шаруашылығы саласына 4,8 млрд. теңге субсидия төленді.

Қарағанды өңірі – ертеден астығымен аты шыққан өлке. Биыл диқандар егістік көлемін кеңейтті. 127,4 мың гектарды артық игеріп, егістік алқабы 1276,7 мың гектарға жетті.

Жаз құрғақ болғанымен, түсім жаман емес. Орта есеппен гектарына 10,5 центнерден айналды. Яғни, 880,4 мың тонна дәнді дақыл бастырылды. Абай ауданында орташа түсім 14 центнерді құраса, Осакаров ауданында 12 центнерді межеледі. Мұнда Абай ауданындағы гектарына 19,7 центнерден өнім жинаған «Надежда Н.В.» ЖШС-ін үлгі етуге болады.

Жоғары өнімді тұқымдарды тәжірибеден өткізу жұмыстары жалғасуда. Осакаров ауданындағы «Найдоровское», «Жаңа Ай», «Союз KZ», «Воля», «Жатва» шаруашылықтары 4975 гектарға қатты бидай тұқымдарын септі. Түсім – ойдағыдай. Мәселен, «Найдоровское» ЖШС «Тритикале» тұқымының әр гектарынан 23 центнерден өнім алды.

Алған өнімді ұқсату да қазіргі таңдағы маңызды міндеттердің бірі. Облыста 210 өңдеу кәсіпорны бар. Мұнда астық пен ет өңдеу, сүт, май, нан шығару нысандары қамтылған. Қаңтар-қыркүйек аралығында бұл кәсіпорындар 81,4 млрд. теңгенің өнімін өндіріпті. 530,6 мың тонна азық-түлік тұтынушыға жол тартқан.

Қазір Еуразия аумағында Қарағанды өнімін жоғары бағалайды. Үстіміздегі жылы 60,6 млн. АҚШ доллары көлеміндегі тауарды экспорттау жоспарлануда. Мұның 62,6 пайызы – шикізат емес, дайын өнім. Экспорттың басым бөлігі ұн және май өнімдеріне тиесілі. Басты тұтынушылар – Ресей, Өзбекстан, Ауғанстан, Қытай мемлекеттері.

Сонымен, облыс көлемінде ауыл шаруашылығын дамыту бағытында қарқынды жұмыс жүріп жатқаны белгілі. Бастысы – мақсат – айқын, мүдде – ортақ. Ал, мақсат пен мүдде тоғысқан жерде алынбас қамал болмасы анық. Тек, сол межеге жету жолында бір үйдің баласындай біріге еңбек ету қажет.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ